14 Мамыр, 2013

Шағын қалалар: қиындығы мен тиімді ісі

1258 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Шағын қалалар: қиындығы мен тиімді ісі

Сейсенбі, 14 мамыр 2013 2:05

Жасыратыны жоқ, еліміздің көптеген шағын қалаларының шаңырағы дағдарыс кезеңіндегі аяусыз сынға шыдамай, шайқала бастады. Халықтың бірден-бір күнкөрісіне айналған өндіріс орындары біртіндеп жабылып, тауқымет бұлты үйіріле түсті.

 

Сейсенбі, 14 мамыр 2013 2:05

Жасыратыны жоқ, еліміздің көптеген шағын қалаларының шаңырағы дағдарыс кезеңіндегі аяусыз сынға шыдамай, шайқала бастады. Халықтың бірден-бір күнкөрісіне айналған өндіріс орындары біртіндеп жабылып, тауқымет бұлты үйіріле түсті.

Міне, осындай қиын шақта Қазақстан Үкіметі алғашқы кезекте ондаған шағын қаланы тығырықтан шығарудың амалын қарастырып, арнайы бағдарлама қабылдады. Уақыттың өзі туындатып отырған келелі мәселеге орай біз Парламент Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және аймақты дамыту комитетінің мүшесі Серікжан Қанаевпен жолығып, әңгімелескен едік.

– Біреулер «моно» дейді, біз шағын деп атадық. Осы бір қоғамның «бас ауруына» айналған қалалардың анықтамасы қан­дай? Олар­­ды қалай ажыратуға бо­лар еді?

– Алдымен, шағын қа­ла­­лар­ды дамыту кезек күт­тірмес проблема екен­ді­гін ұғыну қажет. Сол се­беп­ті де үкіметтік бағ­дар­ла­ма қабылданды. Сауа­лыңыз заңды. Шағын қала категориясының ерекше­ліктеріне тоқталайық. Са­рап­тама нәтижесі бойын­ша шағын арналы қалалардың қатарына тұрғындарының 20 пайызынан астамы бір арналы және шикізаттық бағыттағы өнеркәсіп орындарында еңбек ететін қалалар жатқызылды. Сондықтан 1,5 млн. тұрғынды құрайтын 27 қала таңдап алынды. Олар – еліміздің қалаларындағы халықтың 16 пайызы. Атап айтар болсақ, Қарағанды облысында – 8, Шығыс Қазақстан мен Қостанай облыстарының әрқайсысында – 4, Жамбыл мен Павлодар облыстарында 2-ден сондай шағын қала бар.

Енді шағын қалалардың ерекшелігіне назар аударыңыз. Олар үшеу. Біріншісі – ірі өндіріс орындарының хал-ахуалы. 19 шағын қаланың өнеркәсіп ошақтары тұрақты жұмыс істесе, бесеуінде ала-құла, үшеуінде жұмыс тоқтатылған. Олар – «Текелі тау-кен ұқсату кешені» – минералды шикізатты ұқсату» ЖШС, Кентау («Оңтүстікполиметалл» АҚ филиалы) мен «Серебрянск органикалық емес өндіріс зауыты» ЖШС.

Екіншісі – бағыттық салаға байланысты. Шағын қалалардың көбінде экономиканың өндіру секторы басым.

Үшіншісі – тұрғындарының саны. 4 қалада 100-180 мың аралығында, 9 қалада 50-100 мың аралығында, 14 қалада 50 мыңға дейін кісі өмір сүреді.

– Шағын қалалардың әлеуметтік-эко­номикалық дамуында ортақ проблемалар бар ма? Әлемдік тәжірибе қолданыла ма?

– Шындығында, олардың проблемасы бір-біріне ұқсас. Экономикалық тұрғыдан қарастырсақ, ірі кәсіпорындардың өзіндік проблемасына келіп тіреледі. Көбіне экономиканы дамытудың төменгі деңгейімен тығыз байланысты. Ал әлеуметтік проблемалары әртүрлі. Бұлар – жұмыссыздықтың белең алғандығы, халық табысының аздығы, күнкөріс сапасының сын көтермейтіндігі, тұрғындардың көптеп басқа жаққа қоныс аударуы. Осындай келеңсіздіктердің салдарынан наразылықтың күшейе түсушілігі. Әсіресе, жұмыссыздық пен жұрттың күн­делікті қажеттіліктермен өзін-өзі қам­тама­сыз ете алмаушылық деңгейінің жоғарылау фактілері шағын қалалардағы тұрақтылыққа аса қауіпті. «Жасырын жұмыс­сыздық» Қа­ратау (49,7%), Арқалық (49,3%), Жітіқара (47,1%), Серебрянск (39,0%), Жаңатас (37,1%) қалаларында ерек­ше орын алған.

Экономикалық қуаттылығына сай қа­ла­лар жоғары, орта және төмен деп үш­ке бөлінген. Олардың орташа және ұзақ мерзімді бағыты да белгіленген. Маңыз­ды мәселені шешуге әлемдік тәжі­ри­бе қарастырылып отыр. Германия, Австралия, Швеция, Жапония, АҚШ пен Ресейдің шағын қалаларында экономиканы әртараптандыру, көші-қонды ынталандыру, қажет болған жағдайда жұмысшылар мен мамандарды басқа өлкелердің өндіріс орындарына ауыстыру сияқты тәсілдер бар.

Игілікті істі жүзеге асыру үшін мынандай міндеттерді қолға алу керек. Біріншіден, жұмыс істейтін өнеркәсіптерді өндірістік көлеміне қарамастан оңтайландыру. Ол үшін экономикалық қуаттылығы анық­та­лып, жаңа мамандықтарға үйрету шарала­ры атқарылады. Шағын қалалардың әрқай­сы­сының кешенді жоспары бекітіледі. Оған ұзақ мерзімдік дамыту жайы мен тұрғындар саны жөніндегі болжам ұсынылады.

Екіншіден, экономиканы әртарап­тан­дыру мен шағын және орта бизнесті дамыту. Бұл орайда 10 мың жұмыс орнын ашу мақсатында 40-тан астам инвестициялық жоба жасалады. Қосалқы және қызмет көр­сететін цехтар құру назардан тыс қал­майды. Мәселен, «Қазцинк» компа­ния­сының Риддер қаласындағы қосалқы цехы жаңғырту мен кеңейтуден соң өз алдына зауытқа айналды.

Үшіншіден, ұлттық компаниялардың шағын қалалардағы өндіріс ошақтарына тапсырыс бойынша қолғабыс көрсетуі де маңызды. Мысал ретінде, Екібастұз қала­сындағы темір жол саласына қызмет көрсету мен «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының Степногор қаласында күкірт қышқылы өндірістерін атап өтуге болады.

Төртіншіден, өндірісті бұрынғы қал­пына келтіру үшін инвесторлар тарту. Қа­ратау қаласындағы «Еурохим» АҚ осы істің жарқын көрінісі. Сондай-ақ, өнеркәсіптік жеңілдіктер енгізілмекші. Төмен және орташа қуатты қалалардағы инвесторлардың жарық пен газға, жер телімін сатып алу­ға, ғимараттар тұр­ғы­зу құрылысына кеткен шы­ғын­дарының белгілі бөлігін төлеу не қайтару көзделген.

Бесіншіден, шағын және орта бизнесті дамыту.

Алтыншыдан, тығы­рық­тан шығу амал­дары. Тран­зит­тік қуаттылықты да­мы­ту. «Биз­нестің жол карта­сы-2020», т.б. бағ­дар­ламалар қосымша шаралар ретінде қарастырылады. Атап өтер болсақ, шағын қалалардағы кәсіпкерлер несиесіне 10% көлемінде суб­сидия беру, жаңа өндіріс орнын ашуға 3 млн. теңге грант ұсыну, ірі компаниялармен әріптестік бағдарламаны жүзеге асыру, бизнес-инкубаторлар ашу, кәсіпкерлікті қолдау орталықтарын құру және жұмыссыздарды және өзін өзі асырайтындарды кәсіпкерлікке баулу.

Шағын қалаларда несие алу проблемасы аса көкейкесті. Кепілдеме дүние-мүліктер жетіспейді. Сондықтан, бұл проблеманы ірі өнеркәсіптік мекемелерімен әріптестік құру арқылы шешуді ойластыру қажет. Бү­гіннің өзінде Атырау облысындағы «Теңіз­шевройл» ЖШС, Маңғыстау облысындағы «Қазмұнайгаз» АҚ, Шығыс Қазақстан облысындағы «Қазцинк» ЖШС, Қарағанды облысындағы «Қазақмыс» ЖШС жоғарыда келтірілген әріптестік тәсілді қолдану үстінде.

– Секе, сіз экономика ғылымдарының докторысыз. Ғалымсыз. Еліміздің эко­но­микасын дамыту мәселелеріне сүбелі үлес қосып келесіз. Парламенттегі талқы­лау­ларға да, Үкімет отырыстарына да үзбей қатысып, өзіндік пікір қосасыз. Ен­­дігі ретте Индустрияландыру картасы мен «Бизнестің жол картасы-2020» бағ­дар­ламаларының шағын қалаларды дамы­туға тигізетін әсері жөнінде айтсаңыз.

– Аталған бағдарламалар бойынша қазірдің өзінде 114 жоба жүзеге асырылуда. Инвестицияның көлемі 1 трлн. 249 млрд. теңге (8,6 млрд. АҚШ доллары). Мәселен, Степногор қаласын дамытуға 1,6 млрд. теңге бөлінген. Екібастұз, Балқаш пен Ақсай қалаларына берілген инвестиция Индустрияландыру картасы шеңберінде барлық шағын қалаларға тиесілі қаржының 76,3%-ын, ал Екібастұз, Теміртау мен Рудный қалаларының инвестициясы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша барлық шағын қалаларға бөлінген қаржының 82,7%-ын құрайды.

Шағын қалалардағы өндірісті дамытуға өз еркімен көшіп баратын кісілерді ынталандыру ескерілген. Осы шаһарларды абаттандыру үшін жыл басында 6 млрд. теңге бөлінгендігін де ұмытпауға тиіспіз. Алдағы жылдары бұл сома ұлғая бермек. 2013-2015 жылдарға арналған бағдарламада шағын қалалар үшін 2013 жылы – 34,1 млрд. теңге, 2014 жылға – 37,8 млрд. теңге, ал 2015 жылға 48,3 млрд. теңге бөлу қарастырылған. Үш жыл ішінде 120 млрд. теңге бөлінбекші. Бұл аз қаржы емес. Бүгінгі таңда алғашқы кезектегі 171 жоба жасалуда. Қиын жағдайда тап болған қалалардың ахуалы жақсартылмақ. Мысалы, Текелі қаласы оңды нәтижелермен көзге түсуде. Күл-қоқыстар жойылды, арықтар бір жүйеге келтірілді, төрт мектептің жылыту мәселесі шешілді. Ақсай қаласы тазартылды, аулалар көріктендірілді. Жаңатас қаласында көгалдандырылу жүргізілді, орталық демалыс саябағы мен аллея абаттандырылды. Қаратау мен Жаңаөзен қалаларындағы жағдай да көз тартады.

Бағдарламаға сәйкес бос тұрған 521 көп қабатты тұрғын үй қиратылып, орны тазартылады. Бұл міндетті атқаруға екі жылға 1,5 млрд. теңге бөлінген. Жалпы, бұл жұмыс 2015 жылы толығымен аяқталмақ.

– Соңғы сауал болсын, шағын қала­лар­ды қалпына келтіру, яғни дамытудың алғышарттары қандай? Бағдарламаға енбей қалған қалалардың тағдыры не бол­мақ?

– Қорыта айтар болсақ, 2015 жылы ша­ғын қалалардың проблемалары шешілуге тиіс. Ол үшін:

– шағын қалалардағы өнеркәсіп өнімдері көлемін ұлғайту;

– шағын және орташа кәсіпорындар санын екі есеге арттыру;

– күнкөріс көрсеткішінен төмен табыс табатындар санын қысқарту (6%-дан аспауы керек);

– жұмыссыздықты азайту (5,5%-дан аспауы керек);

– апатты жағдайдағы, бос не құлағалы тұрған тұрғын үйлерді мүлдем жою керек.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Айтбай СӘУЛЕБЕК,

журналист.