Аймақтар • 23 Шілде, 2019

Үйретері көп үйірме

579 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Баянауыл ауданы орталығындағы Әлкей Марғұлан атын­дағы №2 мектепте география пәнінің мұғалімі Рауза Исма­ғам­бетова мен тарих пәнінің мұғалімі Айгүл Әбікееваның басқаруымен археология үйірмесі жұмыс істейді.

Үйретері көп үйірме

Бұл ерекше үйірмені құру бастамасын Ұлттық тау-кен ғылымдары академиясының президенті, осы мектептің тү­легі Нұрлан Рыспанов ұсын­ған екен. Демеушілік қолдау да көрсетіпті. 

Мұғалімдердің айтуынша, мектепте археологиялық үйір­менің ашылуы оқу­шылар, ауыл балалары үшін өте ма­ңызды. Өйткені Баян­ауылда шежіреге толы аңыздар ғана емес, тарихи және архео­ло­гиялық орындар да аз емес. 

Мысалы, Данатас, Мыр­зашоқы, Кемпіртас таулары, құпиясы көп үңгірлер, Жасы­бай және Сабынды, Торай­ғыр көлдері, сондай-ақ осы маңдағы «Мұртты қор­ғандар» аталатын археология ескерт­кіштері де таңғаларлық. Білгенге «Мұртты қор­ған­дар» Шотландиядағы Стоун­хэнджден еш кем түспейді. Құпияға толы. Бұл жерде ежелде тастан жасалған тіреуіштер кездеседі. Олардың ұзындығы – 6-8 метр, салмағы 1 тоннаға жуық болған. 

Ал балбал тастар «Қазақ­станның сакралды география­сына» енген нысандардың қатарында. Ертедегі үңгір­лер,таудағы жұмбаққа толы су­реттер, қорғандар ежел­гі адамдардың қолымен жасал­ған. Баянауылда ғалымдар зерттейтін мұндай орындар жетерлік. 

Екіншіден, өткен тарихты оқушылар білуі тиіс. Және қы­зықты археология үйірме­сінің жұмысы болашақта оқу­шылардың тарих, этнография, археология, туған жер ше­­жіресін зерттеуге, туризм сала­сына сай мамандық таң­дау­ларына да жол ашары сөзсіз. 

Мектептің жоғары сынып оқушылары жазғы каникул күндерінде Баянауылда жұмыс істеп жатқан ғалым-ар­хеологтарға қолғабыс көр­сетуде. Олар жергілікті педа­гогикалық институт жанын­дағы «Margulan Centre» орта­лығы қызметкерлерімен бір­ге Тасмола мәдениетімен танысып, Сақ жауынгерінің археологиялық көне ескерт­кішін қазуға қатысуда. 

Олар сондай-ақ архео­ло­гиялық жұмыстарға қажет­ті коммуникацияларды жасау­ға көмектеседі, тарихи ескерт­кіштерді қоршайды. Соның арқасында өздері тұратын атақ­ты Баянауылдың қасиетті та­рихын біліп, түсініп, зерделеуде. 

– Ал ғылыми экспедиция тобына қатысу оқушылардың өз жерін сүюіне, тарихты құр­мет­­теуіне және оны мақтан етуі­не мүмкіндік береді, – дей­ді ұстаздар.

Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы