Алыппен бірігудің ақиқаты
Сәрсенбі, 15 мамыр 2013 2:29
НАФТА тәжірибесі арқылы Кеден одағының келешегіне үңілу
Сонымен Кеден одағы аясындағы Біртұтас экономикалық кеңістікте өмір сүрген алғашқы жылды да артқа тастадық. Оның қорытындысы не дейді? Кеден одағы Қазақстан қолайына қаншалықты жағымды болып шықты? Жақпаса, бұл үдерістің арты қайда апарып соғуы мүмкін?
Сәрсенбі, 15 мамыр 2013 2:29
НАФТА тәжірибесі арқылы Кеден одағының келешегіне үңілу
Сонымен Кеден одағы аясындағы Біртұтас экономикалық кеңістікте өмір сүрген алғашқы жылды да артқа тастадық. Оның қорытындысы не дейді? Кеден одағы Қазақстан қолайына қаншалықты жағымды болып шықты? Жақпаса, бұл үдерістің арты қайда апарып соғуы мүмкін?
Осындай сұрақтарды алға тарта отырып, осы мақаланы жазуға кірісіп кеткенімізде, бәлкім, аталған мәселеден жауап іздеуге әлі ертерек шығар деген тағы бір күдікті ой көңілімізде көлденеңдеп тұрып алғаны да рас. Өйткені, біздегі ең білікті орган Қазақстан Үкіметі болса, бұл мәселе жөнінде әлі жақ ашпай отыр.
Үкіметтің осы үнсіздігі аталған мәселе жөнінде қоғамдық көңіл күйді тұйыққа тіреп, түрлі желбуаз сөздер мен алып-қашты дақпырттардың қоюлана түсуіне әсер етіп отырғаны сезіледі. Сарапшылардың бірқатары өз болжамдарын жасап та қойды. Мәселен, саясаттанушы Расул Жұмалы «Біртұтас экономикалық кеңістік аясындағы алғашқы жылдың бәсекесінде Қазақстан кәсіпкерлерінің жеңіліс тапқандығын мойындауымыз керек. Мұны базарлар мен сауда дүкендерінен-ақ анық байқауға болады. Сөрелердің барлығын Ресей мен Беларусь тауарлары жаулап алды», десе, Сергей Акимов, Мұхтар Тайжан, Төлеген Асқаров, Тимур Назханов секілді тәуелсіз сарапшылардың пікірлері де осыған келіп саяды.
Еуразиялық экономикалық комиссия не дейді?
Біртұтас экономикалық кеңістік аясында қазіргі жүріп жатқан үдерістер жайлы Қазақстан Үкіметі тарапынан нақты қорытынды есеп пен мәлімдеме, арнайы талдау материалдарын таба алмағаннан кейін бұл мәселе жөнінде неғұрлым білікті орган болып табылатын Кеден одағының атқарушы құрылымы – Еуразиялық экономикалық комиссия жариялаған кейбір деректерге назар аудардық. Бұл деректерде біз үшін жағымды да, жағымсыз да жаңалықтар бар екен. Егер жағымдысынан бастасақ, Еуразиялық экономикалық комиссия жалпылай алғанда, одаққа бірігу Ресей, Қазақстан, Беларусь үшін де пайдалы болып шыққандығын, соның ішінде өзара сауда айналымының барынша жоғары өсімі Қазақстан мен Беларусь арасында қалыптасып, мұның алдындағы жылмен салыстырғанда 15,1 пайызға көтерілгендігін, ал Ресей тарабынан мұндай өсім байқалмағандығын айта келе, мұның себебін Ресейдегі салық пен сақтандыру жарналарының және жалақы деңгейінің Қазақстан мен Беларуське қарағанда жоғары болып отырғандығымен түсіндіреді.
Еуразиялық экономикалық комиссия есебіндегі тағы бір жағымды жаңалық, біз өткен жылы автокөлік шығару ісінде тамаша көрсеткіштерге қол жеткізген екенбіз. Ресейде бұл көрсеткіш соңғы бір жылда 13,3 пайызға, Беларусьте 76 пайызға өскенде, Қазақстанда 2,3 есе өскен. Бірақ бұл үдерістің алдағы уақытта қаншалықты тұрақты бола алатындығы белгісіз. Өйткені Беларусьте автокөлік құрастыру енді ғана басталып отырса, Ресей автоөнеркәсібі Қазақстанға қарағанда әбден қалыптасқан әрі тынысы да өте кең.
Ал енді біз үшін жағымсыз жаңалыққа келер болсақ, Еуразиялық комиссияның 2012 жыл қорытындысына қатысты есебінде: «Сыртқы саудадағы ең қолайсыз жағдай Қазақстанда қалыптасты. 2012 жылы бұл елдің экспорты 6,1 пайыз артып, 85,5 млрд. долларды құраса, импорты 26,6 пайызға өсіп, 26,8 млрд. долларды құрады» деп атап көрсетілген.
Қазақстанның Кеден одағы аясындағы болашағы үшін импорттың өсуі қауіпті ағым болып табылатындығын экономикадан аздап болсын хабары бар кез келген адам жақсы түсінеді. Алдағы уақытта бұл қолайсыз ағым одан әрі күшейе түсуі мүмкін деген болжамдар бар. Өйткені, Ресей мен Беларусь экономикасы біздікіне қарағанда Кеңес одағы жылдарының өзінде жақсы дамып, жетілгені белгілі. Соның нәтижесінде біз Кеден одағының аясына бірікпей тұрып-ақ бұл елдердің өнеркәсіптік тауарлары мен тағам өнеркәсібінің өнімдері біздің рыногымызға молынан келіп жататын. Осыған қарап-ақ Ресей мен Беларусьтің өндірістік салаларының Қазақстанға қарағанда бәсекеге неғұрлым қабілетті екендігін топшылаудың өзі оншама қиын емес еді. Осыны көріп-біле отырып, Қазақстан Үкіметінің болатын жағдайды алдын ала болжап, Біртұтас экономикалық кеңістікке бірігу қарсаңында Қазақстан үшін тиісті жеңілдіктерді жеткілікті дәрежеде сұрайтын жөні бар-ақ еді. Өкінішке орай, олай болған жоқ.
Өзгеге қарап ой түзеу
Кеден одағы аясында қандай үдерістердің жүруі, қоғамда қандай қозғалыстардың байқалуы мүмкін? Осы сұраққа жауап іздеп, шетелдік тәжірибелерді зерттеп көргенімізде біздің назарымызға Еуропалық одақ, НАФТА, МЕРКОСУР секілді ұйымдар ілікті. Соның ішінде, Кеден одағына сәйкес келетіні НАФТА болар деген тоқтамға келдік. Себебі, бұл да Кеден одағы секілді үш мүше елден тұратын ұйым екен. Яғни орталарында экономикасының көлемі жағынан басқаларынан он еседей үлкен бір мемлекет бар. Қалған екі мемлекет соның ыңғайына байланысты жұмыс істеп отырған. Ендеше, бізден жиырма жылдай бұрын құрылған НАФТА тәжірибесін зерттеу Кеден одағына бірігіп отырған біздің Қазақстан үшін пайдалы болар деп ойлаймыз.
Әрине, НАФТА мен Кеден одағының арасында айырмашылықтар да аз емес. НАФТА-ның жалпы өнім көлемінің өзі Кеден одағыныкінен он еседей үлкен. Бірақ біз үшін бұл жерде ең қажеттісі осы ұйым аясында жүрген үдерістер. Бұл үдерістер қалай басталған және қайдан барып шыққан?
Сонымен НАФТА деп қысқартылған сөз тіркестерімен аталатын АҚШ, Канада, Мексика арасында құрылған Солтүстікамерикалық еркін сауда келісімінің ұйымы 1994 жылы өз қызметін бастапты. Ұйым құрамында 406 млн. адам болған. Ұйым құрылған уақытта ол шығаратын жалпы жиынтық өнім көлемі 10,3 трлн. доллар шамасында болыпты.
НАФТА мен Кеден одағының ұқсастықтарын салыстырып көрейік. НАФТА-ға мүше АҚШ-тың ішкі жалпы өнімі қазіргі күні шамамен алғанда 15 триллион долларды, Канаданікі 1,7 триллион долларды, Мексиканікі 1,1 триллион долларды құрайды. Яғни АҚШ экономикасы Канаданікінен 9 еседей, Мексиканікінен 15 еседей үлкен. Кеден одағына мүше Ресейдің ішкі жалпы өнімі 1,8 триллион долларды, Қазақстандікі 186 миллиард долларды, Беларусьтікі 55 миллиард долларды құрайды. Яғни Ресей экономикасы Қазақстаннан 10 есе, Беларусьтен 30 есе үлкен. Бұл жағынан алып қарағанда, біз бұл екі одақтың да бір жетекшісі барлығына көз жеткіземіз.
Сол секілді, НАФТА-да экономикаларының индустрияландыруы жағынан АҚШ пен Канаданың арақатынасы шамалас болса, Мексиканікі олардан едәуір төмен. Сондай-ақ, Кеден одағында Ресей мен Беларусьтің индустрияландыру деңгейі шамалас болса, Қазақстанның жағдайы бұлардан едәуір төмен. Бізде Елбасының көреген саясатының нәтижесінде осы олқылықтың орнын толтыру ісі енді ғана басталып отыр. Елімізде жаңа индустрияландыру саясаты белсенді жүргізілуде.
НАФТА құрамындағы Мексика экономикасының кенжелеп дамуымен қатар біздің Қазақстанға бір ұқсастығы бұл ел де біз секілді жер мен мұнайға бай. 2011 жылы бұл елде 127,5 миллион тонна мұнай өндірілген. Сондай-ақ, біз секілді астыққа бай. Бидай мен арпа, күріш ауыл шаруашылығындағы негізгі экспорттық өнімдер болып табылады. Ішкі жалпы өнімінің жан басына шаққандағы көлемі де Қазақстанға сәйкес. Бізде 13 мың долларды құраса, оларда 14,2 мың доллар. Былайша айтқанда, халқының табысы шамалас.
Әдетте, шикізат шылауындағы ел өзіне қарағанда өнеркәсіптік тұрғыдан едәуір дамыған елдермен бір одақ аясында біріккенде көп жағдайда соларға жем болады. Әсіресе, бастапқы кезде осылай болатындығы ақиқат. Осы ақиқат 1994 жылы АҚШ, Канада, Мексика НАФТА аясында біріккен кезде, мұнайға бай Мексиканың алдынан шықты. Мексика бірігу үдерісінен көп зардап шекті. Біраз шығынға батты. НАФТА-ға бірігуге дейін әр жыл сайын экономикасы 6-7 пайыздық көрсеткішпен дамып келе жатқан ел мұнан кейін дамудың 2,2 пайыздық көрсеткішіне түсіп, өз қарқынын 3 еседей төмендетіп алды.
Енді осындай қатер Қазақстан экономикасының алдынан да шықпақ па? Біздің ойымызша, дәл осылай бола қоймас. Бірақ, осыған дейінгі өз даму қарқынымызды жоғалтуымыз да әбден мүмкін екен. Мұны тіпті алғашқы жылдың тәжірибесінен де байқауға болатындай. Мәселен, мұның алдында 7 пайыздық көрсеткішпен дамып келе жатқан едік, Біртұтас экономикалық кеңістік аясында өмір сүре бастаған алғашқы жылдың өзінде 5 пайыздық көрсеткішке түсіп қалдық. Үкімет мұның себебін өндірілген мұнай көлемінің азайып кетуімен түсіндіруде. Лайым, солай болсын дейік. Қазақстан да Мексика секілді мұнайға бай ел. Демек оның өндірісіндегі бір жылдық олқылықты келесі жылдар есебінен толтыру біз үшін қиын емес. Оның үстіне, биылғы жылы әлемде соңғы отыз жылдың ішінде ашылған ең үлкен кен орны – Қашаған жобасы іске қосылмақ. Бірақ, бұл мәселедегі сарапшы мамандар ескертіп отырған бір үлкен қауіп, сол мұнайдан түскен пайданың үлкен бөлігі енді Қазақстан шикізатының есебінен өз дамуларын қамтамасыз етуге міндетті түрде ұмтылыс танытатын Ресей мен Беларусь қоржынына түсіп кетпей ме екен?! Сарапшылар бізді қазірдің өзінде осындай қауіптен сақтандырып отыр.
НАФТА-ны құрудағы негізгі мақсат – іргелес отырған үш елдің арасында сауданы өрістете отырып, өзара пайдаға кенелу. Соның ішінде елдер арасындағы кедендік, төлқұжаттық кедергілерді еңсеру арқылы қызметтер мен тауарлардың қозғалысын күшейту, таза да шынайы бәсекеге қолайлы жағдай туғызу, инвестициялар тартуды жақсарту, зияткерлік меншік құқығын қорғауды қамтамасыз ету, үш елдің халықаралық тұрғыдан өзара кооперациялануын бекіту, өзара алып ортақ рынок құру секілді міндеттерді алға қойған. Былайша айтқанда, құрылу мақсаты біздің Кеден одағына әбден ұқсас деп айтуға болады.
Сонымен бұл ұйым дүниеге келіп елдер арасындағы өзара сауда кедергілері алынып тасталысымен, бәсекеге төтеп бере алмаған Мексиканың орта және шағын бизнесі көптеген күйзелісті жағдайды бастан кешірген. Соның салдарынан Мексика экономикасында шағын дағдарысты жағдай қалыптасқан. Жағдайды түзету үшін АҚШ Мексикаға Билл Клинтон әкімшілігінің тұсында 50 млрд. доллар қаржылай көмек пакетін, былайша айтқанда, жеңілдетілген несие ұсынған. Оның 20 млрд. доллары АҚШ-тың өз қаржысы болса, қалғанын Халықаралық банк пен Халықаралық валюта қорынан алған.
Экономикасы әп дегеннен-ақ жеңіліске ұшырап, абдырап қалған Мексика халқы бастапқыда осы көмектің өзіне көп күдікпен қараған көрінеді. Қоғамда «АҚШ енді осы қаржы арқылы біздің тәуелсіздігімізге тұсау салады» деген байбаламдар басталған. Қоғамдағы осындай алаңдаушылықты пайдаланып, елдегі оппозициялық күштердің ықпалы күшейген. Істі дұрыс ұйымдастыра алмағанына өзін кінәлі сезінген ел үкіметінің жүні жығылып, оппозициядан тайсақтайтын болған. Оппозиция өкілдерін диалогқа шақырып, солардың ыңғайына байланысты өз әрекеттеріне біршама түзетулер енгізген.
Әрине, бұл елде де кейбір жағдайларда алға басулар байқалған. Мәселен, Мексикадан АҚШ-қа жұмыс іздеп барған эмигранттардың саны артып, олардың елге жіберген қаржысының арқасында қаржылық жағдай біршама жақсарған. Сонымен қатар Америка капиталының қосылуымен жұмыс істейтін жеңіл өнеркәсіп, автокөлік құрастыру, металлургия, экспорт бағытындағы аграрлық индустрия салаларының ірі кәсіпорындарының жұмысы біршама жақсарған. Оның есесіне, жоғарыда айтып кеткеніміздей, орта және шағын кәсіпкерлік күйреген.
Сондай-ақ, АҚШ-тың аса қуатты банктерінің Мексика экономикасына экспансиясының басталуына байланысты басында бірқатар отандық банктер дағдарысқа түсіп, Мексика банктерінен шот ашқан саясаткерлер мен жұмысшылардың, (соның ішінде Мексика банктерінің депозиттік ставкаларының жоғары болуына қызыққан АҚШ азаматтары да бар екен) жағдайы біршама ауырлап, олар да қатты зардап шеккен. Осы жерде Ресейдің Сбербанкінің өткен жылы Қазақстанда үздік көрсеткішке қол жеткізгендігін еске сала кетейік. 2011 жылдың қорытындысында бұл банктің Қазақстандағы қызметі өз пайдасын 4 есе арттырып үлгерген болатын.
НАФТА аясында АҚШ экономикасына интеграцияланудан, әсіресе, Мексиканың аграрлық секторы үлкен зардап шекті. Осы ұйымға біріккенге дейін Мексика азық-түлік экспорттаушы елдер қатарында болатын. Ал, ХХІ ғасырдың басында ол енді халық үшін аса маңызды негізгі азық-түлік өнімдерін импорттаушы елдерге айналып шыға келді. Елде дағдарысқа түсіп күйреген фермерлік шаруашылықтар қатары жылдан-жылға арта түсуде. Ол фермерлер енді жұмыссыздар армиясына барып қосылып, ауылдардағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды шиеленістіре түсуде. Сарапшылардың атап көрсеткеніндей, бұл саладағы байқалып отырған бір ағым, Мексикада енді халық үшін онша маңызды болып саналмайтын екінші қатардағы азық-түлік өнімдерін шығару ісі арта түскен көрінеді. Ал елдегі ауылшаруашылық өнімдерінің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 1996 жылғы 6,5 пайыздан 2008 жылы 4 пайызға дейін төмендеген. Экономиканың осы саласындағы жұмыспен қамтылған адамдардың үлесі 2001 жылы 17,5 пайызды құраса, 2008 жылы ол 14 пайызға дейін азайған.
АҚШ экономикасына интеграцияланғаннан кейін Мексиканың өнеркәсіптік саласы біршама дамыды деп есептелгенімен, бұл дамудың да өзіндік қырлары бар екен. Мәселен, Мексикада америкалық трансұлттық корпорациялардың филиалы болып есептелетін құрастырушы кәсіпорындар қатары арта түскен. Олар, мәселен, автокөлік немесе басқа да техникаларды құрастыру ісімен шұғылданады. Ал олардың бөлшектері Америкадан жеткізіледі. Мексиканың АҚШ-тан импортталатын жалпы заттарының 75 пайызының үлесі осы бөлшектерге тиесілі екен. Қысқасын айтқанда, Мексика өнеркәсібі дамуының өзі сапалық тұрғыдан емес, қайта АҚШ экономикасына мәжбүрліктің артуы есебінен қалыптасып келе жатқан көрінеді.
Мексика экономикасының, әсіресе, оның өнеркәсіптік секторының жылдар өткен сайын Америкадағы трансұлттық корпорациялар жүргізетін саясатқа тәуелді бола түсуі ақыр аяғында Мексиканың тәуелсіз ел ретінде дербес индустриялық саясат жүргізуіне көп кедергі келтіруде. Сарапшылардың пікіріне қарағанда, дәл қазіргі сәтте Мексиканың толық циклды индустриялық бағдарлама қабылдап, оны іске асыруға мүмкіндігі жоқ. Өйткені, мұнда АҚШ өнеркәсібінің қосалқы өндірістерінің рөлі басым.
Дегенмен ел басшылығы соңғы жылдардың нәтижелеріне сүйене отырып, НАФТА-ның ел экономикасына жалпылай алғанда жағымды әсер еткендігін атап көрсетуде. Мәселен, қазіргі күні Мексиканың жалпы экспортының 70 пайызы, импорттың 65 пайызы АҚШ үлесіне тисе, АҚШ-тан келген инвестициялар көлемі де бұрынғыдан көп артып, жалпы инвестицияның 60 пайызына дейін жеткен көрінеді.
Ортақ валюта құру жобасы
АҚШ-пен экономикалық жағдайы біршама сәйкес келетін Канада бұл бірігуден жақсы нәтижеге жеткендігі байқалады. Жер мен шикізат ресурстарына бай ел ІЖӨ көлемі жағынан қазір әлем бойынша алғанда 11-орында тұр. Сарапшылар мұның негізгі себебін аталған екі елдің арасындағы экономикалық қатынастың ертерек орныққандығымен және экономикалық даму деңгейлерінің сәйкес келуімен түсіндіреді. Дегенмен, алыппен бірігудің астарында не жатқандығын көп ұға бермейтін қарапайым халықтың басын қатыратын әртүрлі алып-қашпа әңгімелер бұл елде де бас көтеріп, әлі күнге дейін тыншымай келе жатқандығы сезіледі. Өйткені үш елдің басшылығы өз елдерінің ортасында қалыптасқан интеграциялық үдерістерді күшейте түсу жөнінде ауық-ауық әңгіме қозғап, жекелеген келіссөздер жүргізіп қоятын көрінеді. Соның бірі – бір валюталық одаққа бірігу мәселесі. Мәселен, сол кездегі ел басшылары – АҚШ президенті Джорж Буш, Канада премьер-министрі Стив Мартин, Мексика президенті Висенте Фокс 2005 жылы Техаста кездесіп, осы үш елдің негізінде Солтүстікамерикалық саяси-экономикалық одақ құру мәселесін талқылап көрген. Келіссөздер қорытындысында арнайы мәлімдеме қабылдап, онда «Солтүстік Американың қауіпсіздігі мен гүлденуі жолындағы әріптестік» аталатын альянс құрудың бірінші сатысы туралы келісімдер жасалғандығы туралы хабарлаған. Мұнан кейін үш елдің басшылары 2007 жылдың 20 тамызында Квебек қаласында кездесіп, континенттік интеграциялануды одан әрі күшейте түсу, оны Еуропалық одаққа балама бола алатындай деңгейге жеткізу мәселелерін талқылаған. Онда шекараларды біріктіріп, ортақ валюта құру, оны амеро деп атау жайында әңгіме болған.
Міне, осы жағдайлар Канада мен Мексика тарапынан біршама дүрбелең тудырған. Бұл елдердің өкілдері мұндай валюта одағы пайда болған жағдайда бізді АҚШ жұтып қояды, тәуелсіздігімізден айырылып қаламыз деп қорқатын көрінеді. Сондықтан үш елдің басшылығы да ортақ валюта құру мәселесін кейінге сырғытып, ол алыс болашақтың әңгімесі, әзірге айтылған сөз, қиялдағы мәселе дегендей өз халықтарын жұбатып, бұл мәселе жөнінде көп тіс жара бермейді екен.
Сарапшылардың пікіріне қарағанда, үш елде де ортақ валюта құрудың жақтаушылары аз, тіпті жоқтың қасында көрінеді. Мәселен, халықаралық валюта ретінде доллардың айналыста жүре беруі ең алдымен АҚШ халқының өзіне пайдалы екен.
Мексика неден ұтты, неден ұтылды?
Кеден одағына қосылған Қазақстанға қарағанда, Мексиканың ұтқан бір үлкен ұтысы оның АҚШ экономикасына интеграциялануы болды. АҚШ – әлемнің алып елі. Оның экономикалық қуаты Ресейге қарағанда қазірдің өзінде 8-9 есе зор. Оның үстіне технологиялық даму тұрғысынан да Ресейден әлдеқайда алда. Әлемнің ең қуатты экономикасына интеграциялануы Мексика үшін бірқатар артықшылықтар берді.
Біріншіден, Мексика өз экономикасын либералды нарық заңдылықтарына сәйкес реформалауға жеделдетіп кірісті. Бұл елде бұрын мемлекеттік капитализм үстемдік құрып келген болатын. Мұнан кейін өз экономикасын АҚШ экономикасына бейімдеу мақсатында жекешелендіру үдерістері басталды. Өнеркәсіптік тұрғыдан дамуға ерекше мән берілді. Осы мәселеде Мексикаға АҚШ әкімшілігі үлкен көмек жасады. Президент Билл Клинтон әкімшілігінің тұсында Мексика экономикасын реформалауға 50 миллиард доллар қаржы көмегінің ұсынылуы соның бір айғағы.
Мексикаға АҚШ-тың ірі трансұлттық корпорациялары келді. Олар жаңа жұмыс орындарын ашты. Мексика экономикасын индустрияландыруда үлкен жұмыстар жүргізді. Мәселен, қазіргі күні Мексикадағы ең үлкен жұмыс беруші АҚШ-тың «Дженерал Моторс» корпорациясы болып табылады. Сондай-ақ, джинсы киімдерін шығару жөніндегі әлемдегі аса ірі компания болып табылатын америкалық «Гесс» 1990 жылдары өз өндірістік қуатының үштен екі бөлігін Мексикаға көшірді. Себебі, Мексикада жұмыс қолы көп, есесіне еңбек күші арзан. Америкалық ірі компаниялар осыған қызығып, Мексика экономикасына көп инвестиция салды. Мәселен, 2001-2008 жылдар аралығында Мексика экономикасына 143,8 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция келсе, мұның 60 пайызын АҚШ инвестициялары құрады.
Сонымен Мексиканың осыдан жиырма жылдай уақыт бұрын АҚШ және Канадамен еркін сауда келісіміне бірігуінің пайдасы да, зияны да баршылық екен. Пайдасы, экономикасы біршама жетіліп, әлемдік деңгейде алғанда бәсекеге қабілеттілік деңгейі артқандығы. АҚШ-тың қолдауына ие болып, еңсе тіктеп, сол арқылы әлемдік интеграциялық үдеріске қосылғандығы. Ал зияны осы ұйым аясында жеңіліске ұшырап, басында содан қатты зардап көргендігі және дербес те тәуелсіз индустрияландыру саясатын жүргізе алмай отырғандығы.
Бірақ, Мексика халқының өткенге бәрібір оралғысы жоқ. Осындағы аға ұрпақ өкілдерінің арасында жүргізілген сауалдамаға қарағанда, Мексика халқы өздерінің қазіргі тірліктерін дұрыс деп есептейтін көрінеді. Өйткені соңғы 15 жылдың ішінде елдегі жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көлемі 4 мың доллардан 14 мың долларға дейін өскен.
Екіншіден, Мексиканың НАФТА аясында АҚШ экономикасына интеграциялануы мексикалықтардың АҚШ-қа барып, жұмыс істеуіне қолайлы жағдай туғызған. Соңғы уақыттары әр жыл сайын 300 мың мексикалық АҚШ-қа барып, жұмысқа орналасады екен.
Қорытынды
Сонымен Қазақстанның дәл іргемізден ашылған алып Кеден одағына қосылуы, тіпті оның бастамашыларының бірі болуы ұзақ мерзімді стратегиялық мақсат тұрғысынан алғанда дұрыс шешім екендігі ақиқат. Өйткені жаһандану үдерісі барған сайын үдей беретін алдағы уақыттары ешбір ел өңірлік экономикалық одақтардан тыс өмір сүре алмайтын болады. Бұл үдеріс ақыр аяғында кез келген елдегі әрбір кәсіпкердің бәсекелестікке қаншалықты қабілетті екендігін айқындауға дейін жетеді. Сөйтіп, түптің-түбінде барлық салмақ кәсіпкердің өзіне келіп түсетін болады. НАФТА-ға қосылған Мексика тәжірибесі осыны дәлелдей түседі.
Демек, Қазақстанның Кеден одағына қосылуы, бұл – кәсіпкерлеріміз үшін үлкен шыңдалу мектебі. Бүкіләлемдік сауда ұйымына қосылу қарсаңындағы дайындық. Егер әрбір кәсіпкер осыны дұрыс ұқпаса, өзін-өзі шыңдамаса, онда оған Үкіметтің өзі түк істей алмайтындығы және ақиқат.
Дегенмен, Қазақстан Ресеймен, Беларусьпен бірігіп Біртұтас экономикалық кеңістікте өмір сүре бастаған қазіргі сәтте біздің еліміздегі жауапкершіліктің ең үлкен салмағы Қазақстан Үкіметінің мойнына түсетіндігін ешкім жоққа шығармаса керек.
Осы мақалада сөз болған Мексика қателіктерін қайталамас үшін Қазақстан Үкіметі болатын оқиғаларды күні бұрын болжап, солардың алдын алатындай біліктілікпен жұмыс істеуі керек.
Сұңғат Әліпбай,
«Егемен Қазақстан».