Қазақстан • 23 Шілде, 2019

Қызметкерлердің сырқаттылық демалысы салдарынан қазақстандық компаниялар жылына 636,3 млрд теңгеден айырылуы мүмкін

968 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Адамдардың жұмыста жиі болмауы олардың кәсіби қызметіне кері әсерін тигізіп қана қоймай, сонымен қатар, жұмыс берушіге экономикалық шығын келтіретіні аян.

Қызметкерлердің сырқаттылық демалысы салдарынан қазақстандық компаниялар жылына 636,3 млрд теңгеден айырылуы мүмкін

Мәселен, 2019 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда медициналық қызмет көрсету көлемі, жалпы алғанда, 306,6 миллион теңгені құраған. Оның ішіндегі, 7% немесе 21,4 миллион теңге кәсіпорындар қаржысынан төленді. Салыстырмалы түрде алсақ, 2018 жылдың осы мерзімінде Қазақстанда медицина қызметтеріне 254,4 миллион теңге жұмсалса, оның ішіндегі 6,6%-ды (16,7 млн теңге) кәсіпорындардың қаржысы құрайды.

2019 жылғы бірінші тоқсанда жалпы қызмет көрсететін дәрігерлердің қызметіне 5,7 млн теңге жұмсалыпты. Сарапшылар егер қызметкерлер медициналық тексеруден тұрақты өтіп жүретін болса, медициналық қызметтерге жұмсалатын қаржыны қысқартуға болады, деп есептейді. Өйткені дер кезінде чек-аптан, яғни толық медициналық тексеруден өту қызметкерлер арасындағы сырқатқа байланысты демалысты қысқартуға мүмкіндік береді.

Қазақстанда 2019 жылғы бірінші тоқсанда жалпы қызмет көрсететін дәрігерлердің қызметіне шағын кәсіпорындар жұмсаған шығын көлемі 1,7 млн теңгені, орта кәсіпорындардың шығыны 1,2 млн теңгені, ірі кәсіпорындардың шығыны 2,7 млн теңгені құрады. Денсаулық сақтау саласына жұмсалған шығындар бойынша, аймақтар арасында Атырау (1,4 млн теңге), Шығыс Қазақстан (1,1 млн теңге) және Қарағанды (899 мың теңге) облыстары көш бастап тұр.

Гарвард медицина мектебінің мәліметтері бойынша, иммунитеті қалыпты ересек адам, орташа есеппен, жылына 3 рет ауырады екен. Қазіргі таңда Қазақстанда жұмыс істейтін халық саны – 9,2 миллион адам. 2019 жылғы бірінші тоқсанда айлық орташа еңбекақы 168 489 теңгені құрады. Мәселен, 10 қызметкер жұмыс істейтін кәсіпорын, егер әр қызметкер жылына 3 рет еңбекке жарамсыздығы бойынша демалыс, яғни «больничный» алатын болса, үш күндік «больничныйға» ақы төлеу үшін жылына, шамамен, 691 650 теңге жоғалтады екен. Егер осы есептеулерді еңбекке жарамды халыққа қолданатын болсақ, онда қазақстандық компаниялар жылына 636,3 млрд теңгеге дейінгі сомадан айырылуы мүмкін.

Дер кезінде сырқаттың алдын алу және медициналық тексеруден уақтылы  өту бұл шығындарды бірнеше есе қысқарта алады.

АЛМАТЫ