Руханият • 24 Шілде, 2019

Домбыраға дем берген

794 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Домбыра – қазақтың ділі, діңі десек қателеспейміз. Ұлы даланың бай төсін мыңдаған жылдар бойы мекен еткен түркі халықтары, оның ішінде қазақ ұлысы өзінің қастерлі тарихын домбыраның шанағынан төгілген өміршең ән-күйлермен жазған халық.

Домбыраға дем берген

Барлығымызға белгілі, былтырдан бері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясында Ұлттық домбыра күні халықтық мерекеге айналып келеді. Биыл Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елордадағы «Қазақ елі» ала­ңына барып, Ұлттық домбыра күніне арналған мере­келік шараны тамашалап, аталған мейрамның – барша халқымыздың ұлт руханиятына деген зор құрмет екенін, күллі әлем мойындаған мәдени құн­дылығымыз – домбыра күні­мен құттықтай отырып, мек­тептерде домбыра үйрену сабағын ен­гізуге қатысты пікір білдірді. «Домбыра сабақтарын мектептерге енгізу қажет. Ұлттық құн­дылықтарымызды жаст­арымыздың санасына сіңіріп, наси­хаттау өте маңызды», деді Президент Қ.Тоқаев.

Осы ретте біз қазақ өнерінің жанашыры, музыка майталманы, «Халық мұғалімі» медалінің иегері, қазақша қайырсақ, Тор­ғайдың қазағы – Са­пар­ғали Ахмет­жанов есімді азамат жө­нінде айтқымыз келеді. Бү­гінде өнерді әркім қолжаулық етіп жатқаны өтірік емес. Ең қиыны, сол дүрмектің ішінде дара болмыс, таза таланттар көлеңкеде қала беретіні қиын. Біз тілге тиек етіп отырған Са­парғ­али Ахметжановтың тек домбыра тартып қана қоймай, ата-бабамыздан мұра болып қалған домбыра жасау өнерін дамытушы, домбыра тартуға жас бүлдіршіндерді баулуда ат­қарған істері аз емес екенін айтқымыз келеді. Баян, қобыз, флейтада еркін ойнайтын, саналы ғұмырының елу жылдан астам ең маңызды кезеңін халық шығармашылығына арнаған өнер адамы Сапарғали жайлы осы тұрғыда сөз қозғамақпыз.

Жалпы, мәдениет саласында жүргеніне жарты ғасырға жуықтаған жанды қалай танымаймыз деуіңіз де мүмкін. Басында айтқанымыздай, өнер­ге жарнамасымен емес, ар-намы­сымен келген жандар кө­біне қа­рапайым келеді. Өзі айт­қандай, Алаш арыстарының талайын тудыр­ған текті топырақ­тың талантты азаматы қазаққа қылған қызметін көп бұлдамайтын болса керек.

Біз Сапарғали ағамен Нұр-Сұлтан қаласындағы Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясында таныстық. Ағамыз дәл қазіргі уақытта аталған білім ордасындағы жасөспірімдерден құрылған халық аспаптар оркестрінің жетекшісі болып жұмыс істеп жүр екен. Жасы жетпістен асқан ақсақалдың өз қатарластары сияқты емес, жалықпай жас жеткін­шектерге өнер ұстартып жүрген ыс­тық ықыласы мен шексіз ынтасы бізді бірден баурап алды. «Қостанай облысының Денисов, Федотов, Таран және Ақмола облысының Жарқайың, Сандықтау, Аршалы, Целиноград аудандарында қазақтың ұлт-аспаптар оркестрін құрдым. Осы жасқа жеткенше қазақ өнерінің дамуына тамшыдай болса да үлес қостым деп ойлаймын», деп қалды әңгіме арасында. Шынымен, жоғарыда тізбелеп отырған аудан, қалалардың аты орыс, ұлттық салт-санасы да кенжелеп келе жатқан жерлер екенін ешкім жасыра алмас еді. Сол ортаға домбыра сыныбын ашып, ор­кестр құру – таза ұлттық өнерге де­ген махаббаттан туғанына көзіміз жетті.

Кейіпкеріміз жайлы жылы лебіз­дер жетерлік, әрине. Әріптесі, Білім беру ісінің үздігі Ботагөз Дүбірбае­ваның айтуынша, Тобыл-Торғай өңірі таланттарының бірі де бірегейі С.Ахметжанов атақты Нұрғиса Тілен­диевтің дирижерлік курсынан өтіп, сол кісіден бата алған. «Бүгінде ағайдың бұрын еңбек еткен жерлері Аманкелді ауданының музыка мектебінде баян сыныбы, Бүйректал орта мектебінде музыка сыныбы С.Ахметжановтың атымен аталады. Сапарғали ағай өзінің еңбекқорлығымен, жеткіншектерді өнер әлеміне жетелеп, ұлтымыздың рухани өсуіне көп тер төгіп келеді», дейді Б.Дүбірбаева.

Биыл Президент әр мектепте домбыра сыныбын ашу керек деген тапсырма берген болса, Сап­кең ол шаруаны осыдан жарты ға­сыр бұрын бастап кеткені қайран қалдырады. Кейіпкеріміздің бүгінгі басшыларының бірі, директордың орынбасары Айгүл Сайлауқызының айтуынша, Сапарғали ағаның шәкірт­тері бұл күнде әр қиырда жемісті еңбек етіп жүр. «Ағайды 1999 жылдан бері танимыз. Білмегенімізді осы кісіден үйреніп келеміз. Нәти­жесінде біздің мектептің домбыра оркестрі 2001 жылы «Халықтық ұжым» ата­ғына ие болды. Биыл ол жаңа коман­да жасақтады. Қарамағында 42 бала домбыра үйреніп жатыр», дейді әріптесі, Ж.Жабаев атындағы мектеп-гимназиясы директорының орынбасары А.Сайлауқызы.

Зеренді балаларға арналған му­зы­ка мектебінің директоры Гүл­шат Молдабаева да Сапарғали Ах­мет­жановқа 1974 жылдан бері шә­кірт болғанын айтады. «Ол кезде 4-сынып оқитын кезім. Сол жылы ағай бізге 26 жасында мұғалім болып кел­ді. Өзім музыканттар отбасынан шық­қандықтан ба, мәдени шаралардан қалмай ағайдың қасында жүрдім. Сапар ағай Сәлім Ізтілеуов, Роза Ибраева сынды әнші-күйшілерді және мені 1979 жылы Көкшетаудағы музыка колледжіне әкеліп түсірді. Сонда колледж директоры Манарбек Бексейітовтің: «Әке-шешесі емес, музыка мұғалімінің балаларды өзі оқуға түсіруге алып келгенін бірінші рет көруім» дегені бар. Өмірімде Сапар­ғали Ахметжановтай кәсіби маманға жолыққаныма ризамын», дейді ағынан жарыла адал шәкірт.

Сапкең домбыра айналасын шиыр­лап қана қоймай, қазіргі уақытта ең өзекті тақырып «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында шәкірттерін қасы­на ертіп Қазақстан бойынша Алматы, Қарағанды, Нұр-Сұлтан қалала­рында мәні бөлек мәдени шаралар ұйымдастырып келеді.

Сапарғали Ахметжанов 2017 жылы «Целиноград ауданының Құрметті азаматы» атағын алған екен. Әрине ол марапат өнер адамының түгел қабілетіне берілген баға емес. Біз бұл ретте С.Ахметжановты «100 жаңа есім» жобасына қатысып, сол байқаудан үздік шыққанын қалар едік. Себебі Сапарғали жұмысын алға шығару арқылы біз қаншама ғасырлар бойы көздің қарашығындай аман сақталып келген ұлы өнер – домбырадан шыққан сиқырлы күй мен сазды ұлттық әуенге жан бітірер едік. Сол арқылы дәстүрлі мектеп дәріптеліп,  кемел келешектің кілтін қолымызға ерте алатынымызды ұғынар едік.