Спорт • 25 Шілде, 2019

Нұр-Сұлтанда еркін күрестен әлем чемпионаты өтеді

420 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еркін күрестен Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионаты 19-22 қыркүйек аралығында өтеді. 2020 жылы Жапонияның бас шаһары – Токиода алауы тұтанатын Олимпия ойындарының жолдамалары сарапқа салынатын жарысқа бұл күндері Әсет Серікбаев жетекшілік ететін Қазақстанның ұлттық құрамасы тыңғылықты даярлануда. Команданың алдында тұрған басты мақсат – төртжылдықтың басты додасының лицензиясын молынан олжалау. Ал ондай құрметке тек әр салмақ дәрежесі бойынша алғашқы алты орынды иеленген балуандар ғана бөленеді.

Нұр-Сұлтанда еркін күрестен әлем чемпионаты өтеді

Отандық еркін күрестің ең­сесі биік деп айта алмаймыз. Тәу­ел­сіздік алғаннан кейін Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында 21 мәрте күш сынасты. Соның тең жартысының көбінен қоржынымыз бос қайтты. Атап айтсақ, 1993 жы­лы – Торонто, 1994 жылы – Ыстанбұл, 1998 бен 2002 жылдары – Теһран, 1999 жылы – Анкара, 2001 жылы – София, 2006 жылы – Гуанжоу, 2007 жылы – Баку, 2013 жылы – Будапешт, 2014 жылы – Ташкент және 2015 жылы – Лас-Вегаста өткен біріншілікте жігіттеріміз тегістей ұтылды.

Төрткүл дүниенің апайтөстері жиналған жарыстарда 10 рет туымыз көкте желбіреді. Атап айтсақ, 1995 жылы Атлантада Елмәди Жабрайылов (82 кило) күміс медальды еншіледі. Кезінде КСРО мен ТМД құрамалары сапында әлем және Еуропа чемпионы атанып, Барселона Олимпиадасында екінші орынға табан тірген шешен жігіті Қазақстанға әлем чемпионатының алғашқы жүлдесін сыйға тартты. АҚШ-тағы жарыстың финалында Елмәди жергілікті спортшы Кевин Джексонға есе жіберді. Дәл осы балуаннан ол 1992 жылғы Олимпия ойындарының ақтық сынында да ұтылған болатын.   

1997 жылы Красноярскіде Мәулен Мамыров (54 кило) қола жүлдені қанжығасына байлады. Бастапқы бәсекелерде қытайлық Ли Женгуи, украиналық Александр Захарчук және моңғолиялық Темендемберел Зунбаянды ұтқан қандасымыз Солтүстік Кореяның сайыпқыраны Чин Чу-Донға жол берді. Жұбаныш кездесуде ирандық Реза Мұхаммадиден мерейі үстем болған Аманжол Бұғыбаевтың шәкірті үшінші орын үшін тартыста жоғарыда есімі аталған Украина өкілінен тағы да айласын асырды.

2003 жылы Нью-Йоркте Ген­на­дий Лалиев (74 кило) үшінші тұғырға табан тіреді. Түсіпхан Сай­ханов баптаған балуанның тек беларуссиялық Мұрад Гай­да­ровқа ғана әлі жетпеді. 2005 жы­лы Магомед Круглиев (84 кило) дәл сол нәтижені қайталады. Ол грузиялық Реваз Мин­до­раш­вилиден ұтылды. 2009 жылы Хернингте Леонид Спиридоновке (66 кило) де қола медаль бұйырды. Қазақстандық спортшы ирандық Мехди Тагавиге тізе бүкті. 2010 жылы Мәскеуде Әбілхакім Шәпиев (74 кило) үшінші сатыға жайғасты. Бір айта кетерлігі, бұл балуандардың барлығы да легионерлер. Лалиев – осетин, Круглиев – лезгин, Спиридонов – якут, Шәпиев – авар. Соған қарамастан халықаралық аренада біздің елдің спорттық даңқын арттыруға елеулі еңбек сіңірді.

2011 жылы Ыстанбұлда жа­лауы желбірген жарыс барша қазақ жанкүйерлерінің жадын­да ұзаққа дейін сақталары анық. Түркия төрінде қос бірдей қан­да­сымыз жеңіс тұғырынан қол бұлғады. Грекиялық Йоханис Ива­ни­дис, әзербайжандық Махмұд Магомедов, қырғызстандық Нұр­лан Мәкенәлиев және армениялық Михран Джабуряннан айласын асырған Дәулет Ниязбеков (55 кило) ресейлік Виктор Лебедевке есе жіберді. Перулық Пастор Эррера, ирандық Мұстафа Ахажаниозозонбалах, кубалық Алехандро Вальдес Тобиер және грузиялық Малхаз Закиядан басым түскен Дәурен Жұмағазиев (60 кило) Пуэрто-Рикодан келген Франклин Гомеске жол берді. Сөйтіп, қазақтың қос өрені қола медальды мойындарына ілді.

2016 жылы Олимпиада бағ­дар­ламасына енбеген салмақ дәре­желері бойынша дүниежүзілік дода Будапеште өтті. Венгрияның бас шаһарында Нұрлан Бекжанов (70 кило) үшін қуандық. Небір мықты қарсыластарын қапы қал­дыр­ған қандасымыз финалда ре­сейлік Магомед Құрбанәлиевтен ұтылып, күміс жүлдені олжалады. 2017 жылы Парижде Ақжүрек Та­ңатаров (70 кило) атой салды. 31 жастағы ардагер спортшы үндіс­тандық Құмар Амит Дханхар, моң­ғолиялық Манбахнаран Ганзориг, өзбекстандық Ихтиер Наврузов және түркиялық Жақып Горды жең­ді. Ол тек Кубадан Италияға қо­ныс аударып келген Франк Ча­мисоның осал тұсын таба алмады.      

Былтыр Будапеште өткен әлем чемпионатында Нұрислам Санаев (57 кило) күміс медаль иеленді. Ол Тыва Республикасының тумасы. 2014 жылы Ресейден Қазақстанға қоныс аударды. Рио Олимпиадасы мен әлем чемпионаттарыннан Нұрислам олжасыз оралғанымен, өзге ірі жарыстарда жап-жақсы нәтиже көрсетті. Мажарстанда да Санаев өте жақсы күресті. Са­моалық Джош Файлауга, украи­налық Армен Аракелян, түркиялық Сүлейман Атли және америкалық Томас Патрик Гильманды еш қиналмай ұтқан ол финалда Еуропа чемпионатының екі дүркін жүлдегері, ресейлік Заур Угуевпен тең дәрежеде айқасты. Таразы басы теңселіп тұрған тұста төреші жерлесімізге жоқ жерде ескерту жасап, қасақана түр­де жеңісті қарсыласына ұста­тып жі­берді.

Қорытындылай келсек, әлем чемпионаттарында Қазақ­стан­ның еркін күрес шеберлері 3 күміс пен 8 қола медальды олжа­лады. Өкінішіке қарай, осы күнге дейін бірде-бір отандасымыз айтулы додада әнұра­нымызды шырқата алған жоқ. Ста­тистикалық мәліметтерге сүйен­сек, ұлтарақтай ғана жері бар, халқының саны әлдеқайда аз ел­дердің өздері біздің алдымыз­ды бес орап тұрғанын аңғару қиын емес. Биыл күзде Нұр-Сұл­тан­да өтетін дүниежүзілік додада сол ол­қылықтың орны толады деген сенімдеміз.