Спорт • 25 Шілде, 2019

Месси неге мұңайды?

632 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мессидің Ұлттық құрама сапында жолы болар емес. Бразилияда өткен «Копа Америка» турнирінде Аргентина небәрі үшінші орын иеленді. Бұл жолы да «альбиселесте» кубокқа қол созым жер қалғанда тағы сүрінді.

Месси неге мұңайды?

Аргентина мен Бразилия ара­сын­дағы жартылай финалдық ойын­нан кейін футбол сүйер қауым екіге жарылды. Бірі «альби­се­лестені» жеңіске жетелей алмаған Лио­нель Мессиді айыптаса, келе­сі­сі төреші әділ болмағанын айтады.

Екі тарапты да түсінуге болады. Енді ше, «жатжерлік», әлемнің ең үздік футболшысы саналатын Месси ұлттық құрама сапында әлі бірде-бір рет чемпион атанған жоқ. Оның үстіне, «не бел, не белбеу кетер» сәтте шабуылшының ойы­ны жүрмей-ақ қойды. Сенбейсіз бе? Футбол жылнамасына үңіліп көріңіз.

Лео Месси ұлттық құрама са­­пын­да алғаш рет дүбірлі до­даның дәмін 2006 жылы татыпты. Германияда өткен әлем чемпионатында «альбиселестенің» алтын алсам деген арманына ширек финалда немістер тұсау салды. 2010 жылы Оңтүстік Аф­рикада өткен байрақты бәсекеде Аргентинаны тағы да «бундестим» тоқтатты. Құрамында «Ал­тын доптың» иегері бар «альби­селесте» ширек финалда 0:4 есебімен оңбай ұтылған-ды. 2014 жылғы бәсекеде Месси бастаған команда финалға дейін жеткен-тұғын. Бұл жолы да Аргентина Германиядан айласын асыра алған жоқ. Ал былтыр Ресейде өткен турнир әлі есімізде. 1/8 финалда Франция құрамасы «альбиселестеден» бір бәс жоғары екенін дәлелдеді.

Бұдан бөлек, Латын Аме­ри­касының кубогында да Арген­тинаның жолы болар емес. Месси ұлттық құрамаға келгелі бері «аль­­биселесте» 5 мәрте «Копа Аме­­ри­каға» қатысып, 3 мәрте күміс, бір қола медаль жеңіп алды. 2011 жылы ғана ширек финалда Уругвайға пенальтиден есе жіберген-тұғын.

Жалпы, Аргентина сапында жү­ріп Месси кубок алмады деу ағаттық болар. Ол 2005 жылы жас­тар арасында әлем чемпионы атанды. 2008 жылы Олимпиада ойындарында топ жарды. Әйтсе де, бұл екі турнирдің әлем чемпио­наты мен «Копа Америкамен» иық теңестіре алмайтыны айтпаса да тү­сінікті. Бұл екі бәсекеде бас жүл­де иеленбеген футболшының бәсі бір мысқал кем түсіп тұра­тыны бар.

Бір жағынан Аргентинаның нәтижелері соншалықты жаман емес. Соңғы өткен 10 тур­нир­дің ал­тауында «альбиселесте» жүл­де­лі орыннан көрінді. Кез кел­ген құ­рама мұндай жетістік­пен мақ­тануы тиіс. Кейбір ко­ман­далар ба­лықшылар мен құры­лыс­шыларды жеңіп жүргенде, бұл үлкен жетістік емес пе?!

Бірақ Месси, Агуэро, Ди Ма­рия секілді таланттары бар құ­раманың дең­гейін алтынмен есептейді емес пе? Ендеше ала допты ұр­шық­ша иіретін таланттары бар ко­манданың жолы бол­мауының сыры неде? Бар кінәні командасын жеңіске жетелей алмаған Мессиге артып қоюға болатын шығар. Бірақ мәселеге тереңірек үңілгенде, біраз жайдың беті ашылады.

Негізі, Аргентина құра­ма­сы­ның сәтсіздіктеріне басты кінәлі футболшылар емес, елдегі футбол федерациясының тізгінін ұс­таған азаматтар. Бұған дейін ба­тыстың бұқаралық ақпарат құралдарында федерациядағы былық, жемқорлық туралы талай жазылған-тұғын. Аргентина фут­болының тізгінін 35 жыл ұстаған Хулио Грондонаның пара алғаны жөніндегі ақпараттар шыққан-ды.

Грондона 2014 жылы қайтыс бол­ды. Алайда федерациядағы жем­қор­лықтың салдары бүгінге дейін жалғасып келеді. Қазіргі таңда АФА әлемдегі ең кедей фут­бол федерациясының бірі сана­лады. Мәселен, Diario Uno газе­ті федерация күзет қызметіне бере­тін қаржы таппай, олардың жала­қысын Лионель Месси төлеп бер­генін жазған еді.

Бұдан бөлек, бапкерге тө­лейтін ақшаның жоқтығы да жиі сөз болады. Мәселен, тегі арген­тиналық Симеоне мен Почет­тиноның қай-қайсы да ұлттық құраманы жат­тық­тыруға лайық. Алай­да оларға 15-20 мил­лион еуро жалақы тауып бе­руге Ар­ген­тина футбол мекемесінің шамасы кел­мейді.

Федерация, тіпті ұшақ­­­тан да үнемдейді. Сон­­­дық­тан бағасы ар­зан, қауіпсіздікті сақ­тай бермейтін әуе ком­па­ния­ларына жүгінеді. Нә­ти­жесінде футбол­шы­лар әуежайда са­ғат­тап кү­туге мәж­бүр. Қайбір жы­лы Лио­нель Месси инс­­та­­грамдағы па­рақ­­ша­сына бұ­ған наразылық таны­тып, «Тағы да ұшақ­­ты кү­ту­ге мәж­бүр­міз. О құ­­дай, Арген­тина фут­­бол феде­ра­ция­сы сон­ша­лық­ты бай­­құс» деп жаз­­ған­­ы есі­мізде.

Айтпақшы, 2016 жы­лы ұлт­тық құ­раманы Бе­лу-Оризонти қа­ла­сынан әкету үшін федерация чар­тер­лік компания іздеп, ең арзанын таңдапты. Фут­бол­шылар өз еліне аман-есен қонған-тұғын. Екі апта өткеннен кейін боливиялық La Mia компания­сына тиесілі дәл сол ұшақ апатқа ұшы­рады. Әуе ке­ме­сінің бортында «Ша­пе­коэнсе» клу­бы­ның ойыншы­лары бол­ған еді...