Руханият • 25 Шілде, 2019

Жаһанды шарлаған жүйрік мотоцикл

531 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мына бір қос дөңгелекті жүйрік көлікті танымал жиһанкез Дмитрий Петрухин осыдан сегіз жыл бұрын Алматы музейіне сыйға тартыпты. Мұражайдың кіреберісінен орын алған бұл мотоцикл 250 мың шақырымды артқа тастап, әлемнің жүз мемлекетіне сапар шеккен.

Жаһанды шарлаған жүйрік мотоцикл
Саяхатшы өзі қалып­тас­тыр­ған дәстүр бойынша дәм бұйырған мемлекеттердің туы бедер­ленген жапсырманы көлі­гіне жабыстырып отырған. Бүгінде «атың барда ел таны, желіп жүріп» дегенді жадына берік тоқыған отандық жиһанкезді танымайтын жұрт кемде-кем. Жыл мезгілдеріне, жауын мен дауылға қарамай әлемнің көрікті жерлерін кезіп жүретін оның табаны тимеген мемлекет жоқтың қасы. Қазақстанның туын иығына іліп, жұмыр жерді шыр айналған ол еліміздің атын сан мәрте әлемге танытты. 

Қос дөңгелекті тұлпарына мініп жүйткіген Петрухиннің алдынан табиғаттың тосын мінезі­нен бастап, сан мың­­даған кедергілер кездескен. Сонда да өзінің сүйікті кәсі­бі­нен қол үзбеген саяхатшы сұх­­баттарының бірінде: «Мен өмір бойы, тіпті жолға аттан­ғанда да қиындықтарға қара­мастан өз кәсібіме жан-тәнім­мен берілген адам екенімді дәлел­дедім. Әрине бұл зіл-батпан ең­бек. Мотоциклмен бір күн жүр­геннің өзінде әбден шаршап, үйіңе әрең жетіп, титықтап төсекке құлайсың. Ал менде бұл тірлік күн сайын қайталана береді. Мото­циклмен жол апатына ұшы­радым. Тұтқынға да түс­тім. Жер сілкінісіне де кез бол­дым. «Катрин», «Сэнди» дауылдарында да болдым. Да­ла­да түнеуім мүмкін. Кейде аш құр­сақ жүруге тура келеді. Бәрі­бір мен жиһанкездігімді қоя алмай­мын. Соның өзінде өз кәсі­­бімді сүйемін. Отанын, отбасын, кәсібін сүйген адам ғана ең ба­қытты жан», деп айтқаны бар. 

Есте болса, саяхатшы 57 жа­сында Виктория сар­қы­­ра­масында арқан ар­қылы 175 ме­тр биіктіктен секі­ріп, әлем жұрт­шылығын таң­ғал­дыр­ған еді. Сол кезде әлем­дегі ақ­парат құрал­дары отан­да­сы­мыздың бұл ер­лігін жарыса жаз­­ған болатын. Бүгінде оның же­ке коллекциясында мұн­дай мотоциклдердің сан түрі кездеседі.


АЛМАТЫ