Руханият • 25 Шілде, 2019

Құлдан шыққан ғұлама

1221 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ислам әлемінде ғылым-білім жолына бар ғұмырын арнаған ғұламалар көп. Соның бірі – Ата Рабақ. Бұл адам тым сұрықсыз, қап-қара қабашиялық қатардағы құл екен. Меккеде бір әйелдің иелігінде болыпты. Өзі құлақкесті құл болса да ақиқат іліміне ұмтылады.

Құлдан шыққан ғұлама

Пайдасыз істен аулақ болу үшін күнделікті өмірін үшке бөледі. Бір бөлігін иесіне арнайды, оның тапсырмасын тиянақ­ты орындайды. Екінші бөлігін Аллаға құлшылық етуге, үшінші бөлігін ілім үйренуге жұмсайды. Көзі тірі сақабалар дәрісіне қатысып, хадис іліміне қанығады. Меккелік әйел құлының ілімге деген ынтасына қызығып, «Сен бұдан былай ілім үйреніп ислам жолында қызмет қыл!» деп, құлдықтан босатып жібереді.

Осы күннен бастап Ата уақы­тын пайдасыз өткізуден сақ­танды. Оның үнемі аузынан тас­тамай айтатын уағызы «Адамды жақ­сы­лыққа бастамайтын істің бәрі бос әурешілік және ауыздан шық­қан әрбір сөз жазулы, демек бос сөз­дер үшін Алла құзырында ұял­ған­нан жаман нәрсе жоқ» дейді екен.

Сол кездегі халифа Омар қа­жы­лық етуге Мединадан Мек­ке­ге келгенде одан мұсылман­дар ақыл сұрай бастайды. Сонда Омар халифа: «Уа, дін бауырлар сендерге меккелік Ата тұрғанда менің ақыл айтқаным болмас» деп, адамдарды нағыз ілім иесіне бұрған дейді.

Тағы бірде аса оқымысты ғалым адам қажылық ету үшін Мек­кеге келеді. Барлық парыздарын өтеп болып, соңғы үкім шашын алдыруға шаштаразға келеді. Орындыққа отыра бергенде шаштараз:

 – Құбылаға қарап отырыңыз? – дейді. Ғалым ұялып қалады да, үндемей құбылаға бұрылады. Содан кейін басының сол жақ бөлігін ыңғайлап ұсынады, шаштараз болса: «Басыңыздың оң жа­ғын ыңғайлаңыз?» дейді. Шаш­тараз ғалымның шашын алуға кіріседі, ғалым үнсіз оты­ра­ды. Шаштараз айтады: «Не­ге үнсіз отырсыз, тәкбір ай­тып отырыңыз?». Ғалым ұялғаннан тәкбір айта бастайды. Шашын алдырып болып кетпекке ыңғайланады. Шаштараз: «Алдымен екі ракағат намаз оқы­ңыз да, қалаған жағыңызға кете беріңіз!» дейді. Үлкен ғалым қарапайым шаштараздың мына ісіне қатты таңданады. Мұндай әдептерді білмегеніне өкінеді. Ақыры шаштараздан сұрайды.

– Бауырым, сіз мұндай жақсы әдептерді қайдан үйрендіңіз?

– Ұстазымыз Ата ибн Рабах осылай жасайды.

Заманында тақуалығымен аты шыққан Ата Рабақ байлық иеленуге мүмкіндігі бола тұра, өмірден 5 дерхам тұратын жалғыз көйлек киіп өткен. Патшалар мен ірі байлар бұл адамды өзіне жақын тартып, үнемі шақырған. Бірақ Ата  бұларға жоламаған. Өйткені бұлардың ұсынысын қабылдасам, олар маған дүние-мал береді, ол менің дініме зиян дейді екен.

Жоғарыдағы Ата абыз туралы хорасандық ғалым Оспан әл-Хорасанидың естелігінде былай делінеді: «Менің бала кезім еді. Әкем екеуміз Дамаскіге сапарлап келе жатып, жолай есек мінген жұпыны сұрықсыз адамға жолықтық. Мен оның түріне қарап күле бастадым. Әкей «Балам, күлме, бұл күллі Хижазға әй­гілі атақты ғұлама Ата Рабақ» деді. Екеуі құшақтасып амандас­ты. Патша сарайының сыртына ке­ліп, үшеуміз жайғасып отырдық.

Үлкен ғалымның келгені жайлы сарайға хабар жетіп, бізді ордаға алып кірді. Патша ғалым­нан «Нендей бұйым­тайыңыз бар?» деп сұрады. Ғалым үш өтінішін айтып, соңында: «Уа, патша, сіз мынаны ескергейсіз, қазір сіз қаптаған уәзірлердің алқауында отырсыз, барлығы қолпаштауда, бірақ қияметте бұлардан қайыр болмайды, тек жалғыз өзіңіз жауап бересіз. Осыны ұмытпа!». Бұл сөзді естіген патша еңкілдеп жылапты.

Жақсы ісімен күллі жамағатқа үлгі болған Ата абыз ұзақ өмір сүріп, 100 жасқа жетіп, осы баян­ды ғұмырында 70 дүркін қажы­лық жасап, өмірден өткен екен.