Руханият • 26 Шілде, 2019

Ақмарал Баталова: Елден кеткен қазақтардың көбі Отанымен байланысын үзіп алады

1942 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Өткен аптада қазақстандық журналист Ақмарал Баталова Сирия қақтығысы туралы жасаған репортаждары мен фильмдері үшін Лондонда халықаралық WinTrade сыйлығын жеңіп алды. Әлем бойынша әртүрлі салада жетістікке қол жеткізген 500 әйел 20 атау бойынша жүлделі орындарға таласты. Онлайн дауыс беруге 11500 адам қатысты. Соңғы нәтижеде «Жыл әйелі» номинациясы біздің Ақмаралымызға бұйырды. Бұл «ерекше бірнәрсе жасауға батылы жеткен әйелдерді қолдайтын» өте беделді ұйым. Лондонда іссапарда жүрген журналиспен ғаламтор арқылы алғашқылардың бірі болып байланысқа шығып, бүкпесіз әңгімеге шақырдық.

Ақмарал Баталова: Елден кеткен қазақтардың көбі Отанымен байланысын үзіп алады

– Ақмарал, жүлде құтты болсын!

– Құттықтау сөздеріңіз үшін, және бірінші болып менімен байланысқа шыққаны үшін газет ұжымына, сізге рахмет! Алғашқы сұхбатымның қазақ тілінде жарық көруі мен үшін аса маңызды!

Британия Парламентінің Лордтар палатасының өкілдері Сириядағы жасаған репортаждарымды көріп, «Astana Times» басылымында ағылшын тілінде шыққан мақаламның бірін оқып, басқа да жұмыстарымды жіберуімді сұрады. Мен өтініш­терін орындадым, әрине. Содан олар мені Халықаралық «WinTrade» ұйымының жүлдесіне үміттілер қатарына қосты. Бұл мен үшін күтпеген жағдай болды. Ұйымның іс-шараларына MasterСard, Лондондағы биржа қоры, Facebook, Natwest bank сынды ірі компаниялар демеушілік етеді. Сондай-ақ басқа да атақты халықаралық корпорациялар, бұған қоса, британиялық әскер және Корольдік флоты да де­меушілер қатарында.

– Сириядан дайындаған ре­портаждарыңызбен жақсы таныспыз. Соғыс қимылдары жүріп жатқан елде бас аманды­ғы­ның тәуекелі өмірі­ңізбен өлшенеді.

– Нағыз қорқынышты Си­рияға бармай тұрып-ақ, сезініп үлгердім. 2015 жылы Станбұл мен Измир қалаларының көше­сінде босып жүрген Сириядан және Ирактан қашып келген бос­қындарды көргенде бойымды үрей биледі. Үйлер, қонақүйлер мен дәмханалар лық толып, адамдар ашық аспан астында ұйықтап жатты. Осыншама қаптап кеткен балалар мен үлкендер, олардың өмірден өздерін жоғалтып ал­ған жанарларын көру мені жүрегімнің тұңғиығына дейін тол­қытты. Миллиондаған жан­дар­дың бір сәтте баспанасыз қалып, сүйікті адамдарын жоғал­тып, туған елдерінен айырылып, арттарына қарауға шамалары келмей белгісіз болашаққа жан сауғалап келгендері санама сыймады.

– Босқындардың дағ­да­рысы осы бағыттағы те­рең із­де­ні­сіңізді әртарап­танды­руы­ңызға әсер еткен болар..

– Түріктің жағалау полиция­сымен сөйлестім, Эгей теңізін жүзіп өтуге тырысып батып кет­кен адам денелерінің судан алынып жатқан сәттерін көр­дім, грек аралы Хиоста орна­ласқан босқындар лагерінде болып қайттым, ағылшын, орыс, түрік, араб тілдерінде жазылған жаңалықтарды оқыдым, осылай­ша Сирияда шын не болып жат­қанын түсінуге тырыстым.

– Сирияға барудың жолын қалай таптыңыз?

– Ол жаққа ресми түрде Сирия үкіметінің шақыртуымен бардым. Сапарымыз жайында еліміздің СІМ және Қазақ­станның Қорғаныс министрлігін ескерте отырып, оператор Ев­гений Махметов екеуіміз жол­ға шықтық. Біздің ерекше бір күзетіміз болған жоқ, бізді жә­не ресейлік бір топ жур­на­листерді бір аудармашы мен туризм министрлігінің бір ше­неунігі ертіп жүрді. Үкімет ба­қылауындағы аймақтарда салыс­тырмалы түрде тыныш және қауіпсіз. Лаңкестер ең алдымен бейбіт тұрғындарды нысанаға алады. Мәселен, біз кете салы­сымен, Алеппода жарылыс бол­ған. Тура цитаделдің жа­нын­дағы алаңда, біз бірнеше сағат бұрын кофе ішіп отырған жерде. Салдарынан он адам көз жұмды, ішінде балалар да бар.

Үйге қайтар кештің алдында біз сириялық достарымызбен қонақүйде кешкі ас ішіп отырғанда, Израиль Дамаскінің әуежайын бомбылай бастады. Мен сириялық тараптың түнгі аспаннан бірнеше жарық сары ракеталарды қағып алып жат­қанын көріп, сириялықтардың көңіл-күйіне таң қалдым. Көрші үстелдің біріндегі ер азаматтар нарды ойнауын жалғастырса, тағы бір үстелдегі қыздарға дәл сол сәтте әдемі әрленген торт алып шықты. Бәрі бірге «Happy birthday to you!» деп әндетіп, жа­рылыстарға мән берген де жоқ. Келесі күні, ұшар алдында әуежайдың терезелері сынғанын байқадым. Бұл жерде де ондағы қызметкерлер мен кеденшілердің, шекарашылардың өздерін ұстаулары таңдандырды. Олар өте сабырлы, күлімсіреген күйде, өз қызметтерін жалғас­ты­руда. Бізге сәт сапар тілеп, та­ғы да келуге шақырды. Шын мәнісінде, бізде бейбіт күн­нің өзінде жолаушыларға деген мұндай ілтипатты көре алмай­сың. Біз ұшып кеттік, ал үш сағаттан кейін израилдіктер тағы да әуежайды атқылап, ресейлік ұшақты құлатқан. Бұл жайында біз Мәскеуге жеткенде естідік.

Мен қорқыныш жайлы емес, сол Сирия елінде әрі қарай қалып өмір сүріп жатқан адамдарды ойлап жүрдім. Олар әрі қарай да лаңкестермен күресіп, жұмыстарын жасап, ұрпақ жалғауда. Сирияны қорғау үшін, өздері өмір сүргісі келетін елді қорғау үшін қалған адамдар жай­лы айтатындар аз. Ал маған ең бірінші ретте солардың пікірі қызық болды.

– Сіз көп жылдардан бері шетелде тұрасыз. Біздің қо­ғамның деңгейін өзге елдермен салыстыру мүмкіндігі бар сізде. Жақында Атырау, Те­­ңіздегі жағдайдан соң көп­ші­лік қазақ жұмысшылары мен шет­елдіктердің айлық жа­­ла­қасының айырма­шы­лық­тарына назар аударды. «Қа­­зақтардың айлығы олардан көп болуы керек. Жер қа­зақ­тікі» деген пікір ашық айтылып жүр. Мәселенің осылай қо­йылуы дұрыс деп ойлайсыз ба?

– Теңіздегі жағдай орын ал­ғанда мен Ұлыбританияда едім, сол жақтан еліміздегі жағдайды үлкен қобалжумен қадағалап отырдым. Осы сәтте, мені «шетелдік жұмыс күшін тарту барысындағы еңбек заң­намасының жағдайы қандай екен?» деген сауал қызықтырды. Ұлыбританияда компания шет­елдік жұмыс күшін тартқысы келсе, басшылық бұл шешімдерін, неге дәл сол жұмысшыны шет елден алдырғылары келетіндігін, неге жергілікті маманды алмай-т­ын­дығын дәлелдеп, компания лицензияға ақша төлеуі керек. Оның құны жылына 3 - 15 мың фунт стерлинг шамасында. Кей­де одан да жоғары. Барлығы маманның кәсіби дәрежесіне, оның айлығының көлеміне, жұ­мыс беруші компанияның бюд­же­тіне байланысты. 

– Лондонда қаржы ұйымда­рында жұмыс істеп жүрген қазақ жастары жайлы көп айтылады. Солармен кездесудің сәті түсті ме?

– Халықаралық WinTrade ұйымының апталығының аясында лондондық биржадан шығып келе жатқан кезде (London Stock Exchange) бір сыныптасымның баласын жолықтырып қалдым. Мен таңқалып одан, «мұнда не істеп жүрсің» – деп сұрадым. Ол «Жұмыс. Маған демеушілік визасын жасап жатыр», деп жауап берді. Өзіңіз ойлап көріңізші, қазақ баласының жұмыстық лицензиясы үшін Лондон биржасы қаржы төлеп жатыр! Бұл тек бір нәрсені ғана білдіреді. Ол жоғары кәсіби қасиеттерге ие деген сөз.

Атырауда орын алған жағ­дайға байланысты пікірта­лас­тарда «Қазақтар осы жердің иесі болғандықтан, шетелдіктерге қарағанда көбірек айлық алулары керек» деген пікірлер жиі айтылады. Британияда ке­зінде мемлекетттік университетте тегін білім алуға немесе жеке білім мекемесінде оқуға жеңілдікпен несие алуға ерінген жергілікті азаматтар жол жөндеу жұмыстарымен айналысып жүр. Болмаса, такси жүргізушісі қыз­метін атқарады (айта кетсем, Лондонда такси жүргізушісіне үш жыл оқу керек). Бұл аздық етсе, қызметті атқаратындардың басым бөлігі жергілікті бри­тандықтар. Олардың ата-бабалары сол жер үшін қандарын төккен. Олар өздерін сол жердің иесі санайды. Жоғарыда айтып өткен London Stock Exchange де жұмыс жасайтын қазақ жігіті олардан әлдеқайда көп айлық алады. Оның үстіне, әлемдегі ең ірі қор, ол сол елде жұмыс істеп жатқаны үшін мемлекет­ке қаржы төлейді. Себебі ко­рольдікте азаматтығына қара­мастан бәріне бірдей жалақы төлеуді талап ететін заң бар. Елдің қауіпсіздігіне қатысты қыз­метке немесе үкімет билі­гіндегі қызметке, онымен қоса компаниялардағы билігі бар жұмыстарға шетелдік азамат тағайындала алмайды. Алайда ағылшын елінің заманауи тарихында бір ерекше жағдай орын алған. АҚШ азаматы Люк Коффи, Heritage қорының сырт­қы саясат орталығының директоры қызметін атқарып жүрген жайы бар.

Қазір шетелдік компаниялар Қазақстанда жұмыс істеуді бастаған сәттен-ақ, екі жақтан да қателік жіберілгенін түсініп отыр. Менің ойымша, мұнда бізге өзіміздің менталитетіміз кері әсерін тигізді. Біз әлі күнге дейін, шетелдік тәжірибенің бәрі өзіміздікіне қарағанда дұрыс деп ойлаймыз. Кеңес одағы кезіндегі кәсіпқой кадрларымыз ұмытылып қалды. Мұнай ісіне өмірін толықтай арнаған әулеттер болды. Олардың көбі жұмыссыз қалды немесе шет­ел­дік мамандарға қарағанда төмен айлыққа жұмыс жасауға мәжбүр болды.

– Кәсіпқой м­а­ман­дарға сұра­ныс пен таза бә­с­екелестік орта нарықтық эко­­номика да­муының индикаторы. Бізде оның бел­гілерін қандай сектордан бай­қайсыз?

– Қазір барлығы кез-келген салада жоғары айлық алғысы келеді. Ал үйіңіздің жөндеу жұ­мыстары кезінде міндетін жақсы атқаратын электр дәнекер­леушіні немесе сантехника желісін жасайтын маманды іздеп көріңізші, сіз оны зорға табасыз, таба алсаңыз жақсы. Білікті менеджерлер мен жоғары дәрежелі басқарушылар жайлы сөз қозғамай-ақ қояйын.

– Грузияда кез келген ми­нистр­дің ұялы телефонын журналистика факультетінің төменгі курсының студент­тері біледі. Еуропада прези­дент­тердің сая бақтарда қы­дырып жүргенін көруге болады. Қазақтардың ше­неуніктік синдромға тәуел­ділі­гінің себе­бін сіз неден із­дейсіз?

– Мен Грузияда болып көр­медім, сондықтан тек Ұлы­бри­танияда көргенім жайлы айта аламын. Бұл елде шенеуніктер халыққа тым жақын деп айта алмаймын. Бірақ, мұның аса қажеттілігі де жоқ. Барлық заңдар анық және нақты жазылған, олар өзгеріске ұшырамайды және оларды бұзуға ешкімнің еш­­қандай мүмкіндігі жоқ. Тек заңдар ғана емес, тіпті, мектептер мен оқу орындарындағы киім кию ережелері де ауа райына немесе оқушылардың көңіл-күйіне қарамастан бұлжымай орындалуы керек.

Ұлыбританияның тағы бір жақсы жері, мұнда мемлекеттік аппарат 25 жыл бойына өзгер­мейді. Демек, министрлер келіп-кетіп жатуы мүмкін. Заңдарды және саяси доктриналарды жазумен айналысатын техникалық қызметтерді атқаратын мамандар – сол өзгермейтін нағыз кәсіпқой мамандар. Қыз­меттердің басым бөлігі он­лайн тәртіпте, ғаламтор ар­қылы көрсетіледі. Барлық сайт­тардың жұмысы түсінікті, қыз­меттер қарапайым тілмен айқын жазылған, мемлекеттің кез келген әрекеті жайлы бар­лық ақпарат әрбір азаматқа қолжетімді. Салық төлеушілер тоқсанына бір рет жергілікті ке­ңестердің есебін алып, салық­тың қайда жұмсалғанын біліп отырады. Азаматтар мен ше­неуніктердің тікелей араласуына деген қажеттілік туындамайды.

– Демек, қоғамда бәріне де жайлы тәртіп орнаған ғой.

– Даунинг стриттағы премьер министр офисынан, премьерлік қызметі аяқталғаннан кейін көш­кен кезде өз заттарын өзі тасыған Джеймс Камеронның мысалына тоқталсақ. Елдегі мінсіз тәртіп оның өз әкесінің атына офшорлық компания ашуына тоқтау сала алған жоқ. Кейінірек, оған сот бары­сында компания есебіндегі қаржылардың қай жақтан қалай келгенін дәлелдеуге тура келген.

Маған марапат табыстал­ғаннан кейін, мен қазылар құра­мында болған, жеңім­паз­дарды анықтауға қатысқан ба­ронессаға алғысымды біл­діру үшін қазақ­тың ұлттық бұ­йымдарының жинағын сыйға тарттым. Ол сыйлықтың сұлу­лығына тамсана отырып, сый­лықты тіркеп Лордтар Пала­тасына өткізуі керек екендігін айтты. Бізде болса, кейде демократия ұғымын, бәріне рұқ­сат етушілікпен шатас­тырады. Корольдікте бұл ұғым адам­дардың барлығының заң алдында тең екендігін білдіреді. Әділ­дік пен теңдік, елде заң үстем­дігі орнағанда ғана туын­дайды.

– Қазір кәсіпқой маман­дардың Қазақстаннан кетуі жайлы ақпараттар жиі ай­тыла бастады. Бұл факторды қазіргі заманның негізгі атрибуттарының бірі деп қабыл­дауға бола ма?

– Кез келген ел үшін «ақылды милардың» сыртқа кетуі – үл­кен шығын. Өз экономикасын дамытуға бағыт алған елдер – бөлек бір салаларда ғана жағдай жасап қоя салмай, елдің имиджімен жұмыс жасап, елдегі өмір сапасын жақсартуға тырысып, бағады. Мұның барлығы елге түрлі салалардағы кәсіпқой ма­мандарды тарту үшін аса қа­жет.

– Лондон, Еуропа қазақ­тар­дың жаз жайлауына ай­нал­ды. Мен танысып, әңгіме­лес­кендер – Лондонда сіз, Шо­қан Лаумулин. Францияда – Бер­лин Иришев. Қазақстанға ора­луды ойлап жүрген жоқсыз ба?

– Маған Қазақстанға қайта оралудың еш қажеті жоқ. Мен онсыз да Қазақстандамын. Құжатым қазақстандікі. Лондонда бірнеше жыл тұрдым. Қазір де жиі барып тұрамын. Жазғы уақытта, қазақтар жергілікті тұрғындар сияқты, Лондоннан туристер легі артуына байланыст­ы кетіп қалуға тырысады. Тү­ріктер, қытайлар немесе еврейлер әлемнің кез келген елінде тұ­рады. Бірақ олардың барлығы, өзге мемлекеттердің заңға бағы­натын азаматы бола тұра, өзі шыққан елдің ұлттық идеясын ұлықтауға немесе имидждік абы­ройын арттырып жүруге тырысады. Отандары олардың басым бөлігімен тығыз байланыс ұстайды. Түркия, Қытай мәселен, өз кәсіпкерлеріне қаржылық көмек көрсетіп отырады. Егер олар сырт елде отандық өнімді сатумен айналысса, мемлекет оларға дотация төлейді. Отандық өнімді шетелдік нарыққа шы­ғаруға тырысқан үлкен және ша­ғын бизнес өкілдеріне бері­летін салықтық жеңілдіктер де бар.

Өкінішке қарай, бізде жағдай, көбіне керісінше. Бізде адамды өз отанында, тек шетелге барып жетістікке жеткеннен кейін ғана, бағалап жатады.

– Қазақстанда халықаралық деңгейдегі журналистика тео­рия жүзінде дамыған. Прак­тика аз. Журналистердің мүм­кіндіктері Президенттің немесе Сыртқы істер минис­тр­лігі пулында тұрған жур­на­лис­тердің шетелдерге сапарла­ры­нан дайындаған репортажымен шектеледі. Сіз кәсіпқой журналист ретінде кедергі не деп ойлайсыз?

– Халықаралық сапарлар сыртқы саясаттың өте маңызды бөлігі болғандықтан, оларды БАҚ беттерінде жариялап отыру өте маңызды. Геосаяси процестерді жақсы меңгеруді, тарихты және әлеуметтануды терең білуді, сараптамалық және дипломатиялық біліктілікті, шетел тілдерін білуді талап етеді. Қазақстандық жур­на­листиканың қиындығы, мәселен, қазір ғана сириялық келіс­сөздер жайлы айтып тұрған тілші, бір сағаттан кейін, жүгі­ріп барып көреремендерге орталық көшелердің бірін су басып кеткендігін, сонымен қатар үкімет сағатының қалай өткендігін хабарлап үлгеруі керек. Нәтижесінде, тақырыпты толық түсіне алмай қалады.

Халықаралық журналистика әлемнің бір аймағындағы елдің тақырыбын терең түсінуді, сол елдің мәселесіне толыққанды көңіл бөлуді, алайда барлық әлемдік саясаттың да жалпы суретін бақылап отыруды талап етеді. Батыстағы журналистердің әрқашанда арнайы бір тақырыбы, немесе бірнеше тақырыптар жиын­­­тығы бар. Сол бойынша олар терең жұмыс жасайды.

Біз ақпараттық революция заманында өмір сүріп жатырмыз. Жаппай коммуникация құралдарының ғаламдық жүйесінің дамуының арқасында әлем жылдам өзгеруде. Бұл өз­герістердің ауқымының үл­кен­дігі соншалықты, оның жыл­дамдығы тез артуда. Зама­науи ақпараттық технология­лар әлемдік экономикалық және технологиялық дамудың қозғаушы күші. Оның арқасында елдер, құрлықтар арасындағы қашықтық қысқарып, адамдар өз ой өрістерін кеңейту мүмкіндігіне ие болуда. Сондықтан да ха­лықаралық ақпаратпен алмасуды қамтамасыз ететін құрал­дардың маңызы күн санап артып келеді. Қазіргі жетекші дер­жавалардың өздерінің имид­жін қалыптастыратын ақпа­раттық компаниялардан, жалпы коммуникацияның заманауи технологияларынан қаржысын аямайтындығын байқаймыз. Өзінің халықаралық беделін және ішкі әлеуметтік тұрақтылығын ойлаған мемлекет ел ішінде еркін және тәуелсіз ақпарат құрал­дарының дамуына жол ашуы керек.

Көп ел басшылары, халық білімсіз болған сайын, ақпараттан кенде болған сайын оны басқару оңайырақ деген жаңсақ пікірде. Қазіргі ғаламтор заманында, ке­рісінше, білімсіз халықты кез  келген күштің үйіріп кете ала­тындығы көрініп қалды. Тек жоғары білімді, және әділ ақпа­ратты білген ұлт қана сырттан келетін негативті әсерді дұрыс қабылдап, оған қарсы имму­нитет қалыптастыра алады. Сондай-ақ өзінің дамуы үшін қажетті пайдалы да позитивті ақпаратты меңгеру қабілетін сақтайды.

БАҚ-тың рөлі аса маңызды, ол ақпарат алмасуын қамтамасыз етіп, қоғамның пікірін қалып- т­ас­тыратын – әлеуметтік инсти-т­ут. Нағыз журналистика тілші­лерге идеологиялық қысым көр­сетілмейтін аймақтарда жасала­ды. Алайда қазіргі заманда, тіпті ең жоғары дамыған елдерде саяси топтардың немесе бизнес элиталардың мүддесін қорғап, өздеріне қажетті бағыт­тағы ақпараттарды таратып жүр­генін көріп жүрміз. Медиа құ­ралдарының қызметкерлері мой­нында үлкен жүк бар. Олар өз жұмыстары адамдардың көңіл-күйіне әсер ететінін тү­сініп, адал және сапалы журна­листикалық өнім шығаруға тырысулары керек.

Мәселен, менде ҚазҰУ-дың журналистика факултетінің дип­ломы бар. Мен Қазақстанның және Мадридтің СІМ дипло­матиялық академиясын аяқтап, испаниялық Компютенс уни­верситетінің халықаралық қа­тынастар шебері дипломын алдым, мемлекеттік қызметте тәжірибем бар, қазақстандық және шетелдік дипломаттармен, журналистермен және сарапшылармен араласамын. Осылай бола тұра, мен әлемде күн сайын қарқынды өзгеріп жатқан ақпарат пен технологиялардың дамуы заманында бұл біліктілігімнің жеткіліксіз екенін түсінемін. Оқуды жалғастырып, терең ақ­параттарды іздеуден шаршамай, оны салыстырып, талдап, сараптап әркез өз біліктілігіңді арттыруға ұмтылу маңызды.

– Ашық әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,

АЛМАТЫ