Қоғам • 26 Шілде, 2019

Электрлі кресло-арбалар елімізде құрастырыла бастады

479 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Ақмола облысына жұмыс сапары барысында елімізде тұңғыш рет мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған электр жетегі бар арбалар өндірісін жолға қоюды жоспарлап отырған «Тыныс» АҚ машина жасау зауытының жұмысымен танысты.

Электрлі кресло-арбалар елімізде құрастырыла бастады

Оңалту қызметтерінің са­па­сын жақсарту жә­не мү­ге­дектігі бар азаматтар­дың қа­жеттіліктерін қанағат­тан­дыру мақсатында бұған де­йін министрлік пен кәсіпорын ара­сында тиісті келісім жа­салған болатын.

Бердібек Сапарбаев Үкі­меттің кеңейтілген отырысында ел Президенті мү­гедек азаматтарды барлық қа­жетті техникалық құрал­дармен және оңалту қыз­мет­терімен қамтамасыз етуді тапсырғанын атап өтті. «Біз­дің міндетіміз – мү­гедектігі бар жандарды қа­жетті құрал­дармен және оңал­ту қызмет­терімен қамтамасыз ету. Со­нымен қатар олар сапалы және қолдануға ыңғайлы болуы керек. Егер бұл үлгілер өзін жақсы жағынан көрсетіп, барлық талаптарға сай болса, мүгедектігі бар азаматтарды электр жетегімен жүретін арбалармен мемлекеттік тапсырыс шеңберінде қамтамасыз ету мәселесін қарастыратын боламыз. Қазақстанда сапалы өнім өндіруді жолға қойсақ, техникалық жабдықтарды импорттаудың қажеттілігі бол­­майды», деп атап өтті Б.Са­­парбаев.

Электр жетегі бар крес­ло-арбалардың алғашқы тәжі­рибелік үлгілері бала кезінен бас­тап бірінші топтағы мүге­дектігі бар Динара Алиева мен Ерлан Ескенге берілді.

«Жаңа үлгідегі электр кресло-арба өте ыңғайлы. Мұны көптен армандаған едім. Енді бұл арбаның кө­ме­гімен өз бетімше қозғала ала­мын», деді Динара Алиева.

Зауыт директоры Қай­рат Қалманбаевтың айтуын­ша, отандық өнімдер шетел­дік баламасынан кем түспей­ді. Сынақ сәтті болған жағ­дайда, кәсіпорын электр арба­ла­рдың сериялық өндірісін жолға қоюға ниетті.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ақтөбе облысында әлеуметтік портал қызметін қанатқақты режімде жүзеге асыруда. Бұл портал мүгедектігі бар аза­маттарға оңалту құралдары мен қызметтерін өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді.

«Тыныс» АҚ зауыты қыз­­­метінің негізгі саласы – авиа­циялық техникаға ар­нал­ған тораптар мен агрегаттар өндіру. Кәсіпорын жылу ал­мастырғыш жабдықтар, ұшақ өрт сөндіргіштері, температура дабылы, клапандар, электрмагниттік және жылу қосқыштар, электронды басқару блоктары, сонымен қатар күш құрылымдарына арналған оқ-дәрілер, сауыттар мен қалқандар және т.б. шығарумен айналысады.

Сонымен қатар министр Бұланды ауданының Макин қаласына барып, жұмыспен қамту орталығының қыз­меті­мен танысты. Бүгінгі таңда ауданда атаулы әлеуметтік көмек алатын 243 отбасы бар, бұл өткен жылмен салыс­тырғанда үш есе көп. Ми­нистр жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен, оның ішінде АӘК алатын азаматтармен жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті. «Облыста АӘК алатын 9800 еңбекке қабілетті азамат бар, олардың тек
10 пайызы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына жатады. Сіздерге осы бағыттағы жұмысты күшейту керек», деді Б.Сапарбаев.