Руханият • 26 Шілде, 2019

Кәделі кәсіп иелері

884 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кәделі кәсіп иелері

Ұлы дала тарихын кәсібіне арқау еткен шеберлер отбасының шеберханасындағы қолөнер бұйымдарының сан түрлілігінде шек жоқ. Көздің жауын алатын әшекей бұйымдар, киім-кешектер, оюмен көмке­ріл­ген текемет-сырмақ, ат әбзелдерінің зор талғаммен жасалғандығы ерекше бір таң­данысыңызды туғызады. Шеберлер отбасының осы бір шағын шеберхана ішіне ұялаған құпиясының сырын әрбір бұйымға қарап ұққандай боласыз. Қырық жылға жуық қолөнердің қыр-сырын меңгерген Бекдайырлар – отбасымен кәсіби шеберлер. Үйдің үлкені Айдос – мүсінші, Бақытжан қыштан көркем бұйымдар құйса, Ғалымжан зергерлікті кәсіп етіп келеді. Ал жібек өріп, кесте, гобелен тоқитын Еркежанның қолынан шыққан бұйымдар өзіндік сәнімен баурайды. Қолөнерді өміріне арқау еткен олар – бүгінде ата-анасының қолғабысы әрі шабыт беретін қолдаушысы.

Шағын өндіріс басшысы Қоңыр Егенұлының айтуынша, бұл шаңыраққа киелі кәсіп Бекдайыр, Еген аталарынан дарыған. Мектепте еңбек пәнін оқыта жүріп, ата кәсіпке балаларын баулыған Еген қарияның еңбегі жайлы Алматы облысының Қастек ауылында айтылар әңгіме көп. Әкеден дарыған кәсіптің жалғастырушысы Қоңыр Егенұлы кәсіби білім алғаннан кейін Алматыдағы сувенир, сыйлық бұйымдарын шығаратын зауытта ұзақ жылдар бас суретші болып еңбек етті. «Өндіріс орындары ыдырағаннан кейін атакәсіп өмірімнің мағынасына айналды», дейді шебер.

Зергерлік өнерді жанына жақын санайтын Қоңыр Егенұлы – інжу-маржан, лағыл тастарды күміспен аптап, әшекей жасаудың хас шебері. Ағаштан жонып, теріден өңделіп жасалған ат әбзелдері сапасы жағынан да, сәні тұрғысынан да сұранысқа ие. Ал отанасы Анаркүл Жаманқұлқызының қолынан шыққан сәукеле, қалпақ, тақия, шапан, түскиіздер күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар. Киіз басып, ұлттық киім тігудің қыр-сырын жетік меңгерген маман білімін жетілдіруде семинар, көрмелерге тұрақты қатысып отыратындығын айтады.

Кәсіпорынға қажетті бұйымдар Тараз, Шымкенттегі өндіріс орындарымен қатар Өзбекстан, Түркия, Еуропа, Қытай елінен әкелінетіндігін жеткізген шеберлердің айтуынша, қолдың қуаты, көздің майын тауысатын қолөнер кәсібінің машақаты өз алдына. Ұлттық үлгілерді бұйым ретінде жарыққа шығару тәсілі мен оны өнім ретінде тұтынушыға ұсынудың айырмашылығы көп. Осы орайда төмен пайызды несиеге қол жеткізу, шетелдердің көрме алаңдарына шығуды уақыт талап етіп отыр. Ал заманауи жабдықтар өндірісті жоғары сапалы деңгейге жеткізуге жол ашып қана қоймай, шетел нарығына шығаруға мүмкіндік береді, дейді шеберлер.

Шығармашыл шеберлер үшін тақырып ауқымында шек жоқ. Тарихи дүниесі түркі әлеміне бойлайтын қолөнер бұйымдары көркемдігі жағынан да, технологиялық сипаты тұрғысынан да ерекше. Сымбаты мен сырын сақтай отырып сан түрлі образдарға жан бітіру хас шебердің ғана қолынан келетін іс. Бір бұйымда лағыл тас бар салтанатымен жарқырап тұрса, жібек мата бетіне көсілген кербез оюға тіл біткендей, бірде жел болып есіп, бірде гүл болып қауыз ашқандай әсер береді. Ал батырлардың жорығынан хабар бергендей сап түзеген ат әбзелдерінің күміспен апталып, бедерленіп, өрнектеліп біткен пішіміне қарап сақтар дүниесіне сая­хаттап қайтқандай боласыз...

Шағын шеберхана өнімдері ұлттық бренд ретінде насихаттауды қажет етеді. Ал әрбір ұлттық нақыштағы бұйымның өн бойында көшпенділер тарихының сыры жатқаны ақиқат.

 

АЛМАТЫ