Руханият • 26 Шілде, 2019

Эфир эпопеясына айналған хабар

597 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мақаламыздың кіріспесін радиохабарлардың маңыздылығымен байланыстыра бастаған болсақ, бұқаралық ақпарат құралы ретіндегі Қазақ радиосының ел руханиятындағы рөлі, қоғамдық-әлеуметтік, мәдени-ағартушылық маңызы ерекше. Осы үде тұрғысынан алғанда тағатсыздана күтіп тыңдайтын тыңдарман «Інжу-маржан» бағдарламасын «Рухани жаңғырумен» үндесіп жатқан, ел мен жер тарихының бүгінге беймәлім кезеңдерінен мол мағұлмат беретін мазмұны терең, мағыналы хабарлар қатарына қосары хақ.

Эфир эпопеясына айналған хабар

«Замана өзгеріп, уақыт зымырап жатқанда ұлттық дәстүр екінші қатарға шығып қалғандай болады. Жеңіл-желпі хабарлар көбейіп барады» деп көңілінің түкпіріндегі күпті сөзін жасыра алмаған Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбаев аға­мыз жаһандану кезеңінде рухания­тымызды сақтап қалудағы қазақ радиосының күш-қуаты, қабілет-қа­рымымен атқарып жатқан шаруасы ғибратты дейді. Қазақ халқы таби­ғатынан бейбітшіл, тату-тәттілікті уағыздайтын, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін, тарихы ғасырлар қойнауынан басталатын ұлағатты ұлт екенін «Інжу-маржан» хабарының өн бойынан көреміз. Осы тұрғыдан алғанда аты айтып тұрғандай, ұлттың інжу-маржанын, көркем дү­ниесін, кестелі сөзін, зерделі пайы­мын келер ұрпаққа жеткізіп, дәріп­теудегі хабардың маңызы жоғары.

Бүгінде миллиондаған ауди­торияның үнжарғысына айналған Қа­зақ радиосынан таралатын «Ін­­жу-маржан» қазақтың рухани ке­ңістігіне, өткен тарихына, бү­гінгі ақиқаты мен болашағына қыз­мет ететін қазақ тіліндегі хабар­лар­­дың бірегейі, дейді ақын-дра­матург Нұрлан Оразалин ағамыз. «Қазақтың рухын айғақтайтын ха­барлардың көп болғаны ғанибет қой. Қашан да қанатты хабарларымен ерекшеленетін «Інжу-маржан» қазақтың тұтастығына, елдігіне қызмет етуімен қатар әрбір ұлтжанды азаматқа рух берері сөзсіз. Ұлт та­рихындағы тұлғалардың арғы-бергі дәуірлердегі атқарған ұлы іс­терін насихаттау, рухты сусында­ту­ды мақса­т ететін хабар эфирде ға­на емес, алтын қорымызды толық­ты­рудағы мазмұны тереңдей түсетіні анық.

Иә, эфирдің құдіреті де болмысы да дара. Біздің темірқазығымыз – ұлттық рух дейтін болсақ, «Ұлы да­ланың ұлы есімдерін» танытуда ел тархындағы әз Тәуке хан, Бей­барыс, Кенесары, Абылай сияқты бел­гілі тұлғалармен қатар тарих төріндегі атақты баһадүрлер, қол­басшылар, билер, шешендердің ел билеудегі өнері, қаһармандық ең­бегімен қатар дала тағдырын, тіл тағдырын ойлаған жанкешті еңбегі халқымен қайта қауышты. Ұлы дала деректерін, ұлттық рухты сөйлететін «Інжу-маржан» құлағының құрышы қанып, жаны рахаттана тыңдайтын тыңдарман үшін эфирдің эпопеясына айналған хабар болды, дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов.

Ал Қазақ радиосының Алматы өкілдігінің басшысы Бақыт Жағы­парұлы «Қошекең кен іздеген кен­шідей қазақ даласының төрт бұ­рышын түгел шарлады. Шежіре, тарих, әдебиет пен өнер хақын алуа­н түрлі әңгіменің тиегін ағытып, Қо­шекеңнің қоңыр үні толқындағы тораптан тарап бүтін болмысыңды баурап алады» деген жүрекжарды пі­кірімен бөлісіп, «Інжу-маржан» тарихынан біраз мағұлматтар беріп өтті.

– «Інжу-маржан» деп айдар таққан хабарының әліппесін бар қазаққа ортақ тұлға әйгілі Қабан жыраумен ашқан еді. Қабан жырау жайлы толғай-толғай сыр ай­тып, даңқты жыраудың арғы-бергі тарихын қопарып, құм іші­нен ашу тас аршығандай жыр-дастан­дарын жинады. Оны бүгінгі жыр­шыларға айтқызып, «Алтын қор­ымыз­ды» 400-ден астам ерекше хабарлармен толықтырды. Қошан Мұстафаұлының сөзімен айтсақ, «Көненің тарихы болып қоңыраулатып, құлаққа жа­ғымды қобыз сарынындай жы­рау­лық дәстүрдің, жыр­шы­лық-тер­мешілік өнері жіп иірген ұр­шықтай дөңгеленіп, ХХІ ғасырға да иек артты. Бүгінде қыр мен да­ланың емес, жыр-терме дейтін са­ланың агрономына айналған біл­гір маманның жемістері қазақ өне­рінің бақшасында жылдың төрт мезгілінде де жайқалып тұратыны анық. Фи­лология ғылымдарының кандидаты, доцент Сағатбек Медеубекұлы айтқанындай, Қойшығұл Зарлиев Қазақ радиосының айтаманына айналды, – дейді Бақыт Жағыпарұлы.

Ал Қошан Мұстафаұлы «Әдеби сазды» бағдарламалар редакциясынан тарайтын «Інжу-маржан», «Терме» хабарларының қазақтың көне жыршылық-жыраулық поэзиясын, батырлар жырын, дәстүрін және жыр орындаушыларын насихаттау мен халқымыздың асыл маржан сөздерін, дана би-шешендеріміздің ұрпағына қалдырған өсиетiн тың­дарман назарына жеткізуді мақсат ете отырып, тарихи және жыраулық поэзияға барынша мән беретін ха­барлардың санын мыңға жеткізуді мақсат етеді. Бабалар мұрасын ха­лыққа жеткізіп, жас ұрпақтың санасына сіңірсем деген ұстанымды жанына жалау еткен ақпарат саласының үздігі «Хабар жасау барысында менің көзімнің жеткені Жұбан ақынның «мың өліп, мың тірілген» деген сөзі­мен менің көзқарасым сәйкес келеді екен. Кешегі хандар, би-шешендер мен батырлардың өмір жолында жа­саған дүниелеріне қарап отырсақ, соқыр көзден жас шығады» деп тол­ғанады.

Иә, ғылыми-ақпараттық, мәдени-танымдық бағыттағы әр хабарды зер сала тыңдағанда шағын ұжымның зерттеу ісімен айналасып жатқандай әсерде боласыз. Ұлт тұлғаларының тағ­дыр-талайына қатысты тың да жаңа тұрпатты хабарлардың әрқай­сысынан ұжымның толассыз еңбегін көресіз.

Хабар авторының ауыл шаруа­шылығына маманданып, кейіннен оркестрде ән салғанын, сондай-ақ кезінде Жалғасбек Бегендіков, күй­ші Сәмиғолла Андарбаевтан тәлім алғанын, Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбосыновтың «заочнигі» атанғаны туралы әңгіме Қошан Мұстафаұлының өмірлік тә­жірибесінің тарихына енген. «Қазақфильмнің» қоржынында да Қошекең сомдаған рөлдер жатыр. Сценарийін Мырзатай Жолдасбеков жазған Жамбылдың жастық шағы туралы фильмде Сарбас ақынның бейнесін сомдады. Тіптен, Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясында атқарған қызмет жолы еңбек кітапшасында тайға таңба басқандай жазылған. Ал таста ғана ізі қалған, бүгінгі күннен алыс­тап кеткен көне әлемді қопарып, соңынан шам алып түсуге деген Қошан Мұстафаұлының құштарлығы бүгінгі биігіне шығарды.

Иә, «Көшкен сағымдай мұнарт­қан, бағзы заман тарихынан қозғалып, ел болуды көксеп, тебінгіні терге шірітіп, терлігін майдай ерітіп, ат үстінде күн кешіп, ел бірлігінің бүтін­дігіне қызмет жасаған, ел билеген көсем, сөз бастаған шешен, пейілдің мұхитынан ой мен сөздің лағыл дүрлері төгілген дара да дана билерге арналады» деп кестелі көркем сөздерімен көмкеріле өрілген қоңыр дауыс радио толқынынан «Інжу-маржан» болып шартарапқа шашырап барады.

 

АЛМАТЫ