Аймақтар • 26 Шілде, 2019

Проблемалы нысандардың құрылыс қарқынын төмендетуге болмайды - Елорда әкімі

294 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов кезекті рет «Гарант» тұрғын үй кешенінің құрылысына барды. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Проблемалы нысандардың құрылыс қарқынын төмендетуге болмайды - Елорда әкімі

Бұл проблемалы нысанның құрылысын 2011 жылы «Азбука жилья» компаниясы бастаған. Тұрғын үй 330 пәтерге есептелген. 2016 жылы «Орда инжиринг» ЖШС берілген. Мұндағы үлескерлердің саны – 168 отбасы.

А.Көлгінов проблемалы нысанның құрылыс қарқынын төмендетпеуді тапсырды.

«Біз сіздермен маусым айының 19-ы күні кездестік. Қазірдің өзінде ілгерілеу байқалады. Енді осының қарқынын төмендетпеу қажет. Тиімді құрылыс маусымын дұрыс пайдалану керек. Қауіпсіздікті сақтап, сапаға мән беріңіздер. Екінші ауысым жұмысшылары жақын маңдағы тұрғындардың мазасын алмай, ішкі жұмыстармен айналысу керек. Аумағын абаттандыруды көктемге қалдыруға болмайды», – деді А.Көлгінов.

Елорда әкімі жұмыс уақыты басталғанға дейін құрылыс алаңдарын аралап, таңғы уақытта бақылауға алған нысандардың құрылысын қадағалайды. Қалада құрылысы аяқталмаған 51 проблемалы нысан бар.