Аймақтар • 28 Шілде, 2019

Павлодар ауданында инвестициялық жобалар жүзеге асып жатыр

301 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Аудан әкімдігінің мәліметінше, ауданда құны 8 млрд теңге, 239 миллион тұратын  инвестициялық жобалар қолға алынуда.

Павлодар ауданында инвестициялық жобалар жүзеге асып жатыр

Жобалардың бірі - «Жаңа Қала» ЖШС-нің 600 басқа арналған сауу кешені бар сүт фермасы құрылысын  жүргізуде.  Инвестиция көлемі 1,100 миллион теңгені құрайды.

Серіктестік   «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-да «Ырыс» бағдарламасы бойынша несие алуға шарт жасасқан. Маусым айында толықтай қаржыландырылып, жыл аяғына қарай іске қосылады деп жоспарланған.  

Бірақ, ауданға барған облыс әкімі  Болат Бақауов «жобаға қаражат маусым айында беріледі дейсіздер. Тек шілдеде жұмыс басталады. Алдағы үш айда әр ай сайын 200 миллион теңге игерілуі қажет екен, сонда, аяқтауға қалай үлгересіздер?» деп сұрады.

- Чехияға ірі қара мал алдыруға тапсырыс бердіңіздер ме? Малды әкелгеннен кейін де атқаратын жұмыстар жетерлік. Оларды іріктеп, карантинге қою керек. Бұл жобаны биыл жүзеге асырып, тапсыратындарыңызға күмәнім бар, - деді Б. Бақауов.

Биыл ауданда жүзеге асырылатын тағы бір жоба - «Луганск» өндірістік кооперативінің 600 басқа арналған сүт фермасы. Биыл тек 300 басқа арналған алғашқы бөлігі қосылмақ.

Инвестиция көлемі - 320 миллион теңге. Сонымен қатар, кооперативте асыл тұқымды мал басын көбейту жоспарлануда. Құрылыс жұмыстары сәуір айында басталған. Алдағы қазан айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Кооператив басшысы Петр Кузьменко жоспар ойдағыдай жүргізілсе, қалған 300 басқа арналған орын да жыл соңына дейін аяқталады деді.

Ал, облыс әкімі екі фермадағы жағдайды мүлдем салыстыруға келмейтінін айтты. Өйткені, «Жаңа қала» ЖШС-ндегі мәселе белгілі.

Ауданда суармалы жерлерді кеңейту бойынша жобалар енгізілуде. Мәселен, «Андас» шаруа қожалығы қосымша 420 гектар жерді суармалы алқапқа айналдырмақ. Жоба суармалы жерлердің көлемін 1800 гектарға дейін жеткізуді көздейді. Инвестиция көлемі 156 миллион теңгені құрайды.

«ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизингке 6 «Valley» суару машинасы сатып алынған. Келесі жылы қалған 610 гектар жерді игеру жоспарланып отыр.

Ал шаруа қожалығының басшысы негізгі құбырларды орнату бойынша жұмыстардың аяқталмауына байланысты барлық жұмысты тек келесі жылы аяқтай алатынын жеткізді.

             Облыс әкімі шарушылықтарға жұмысты ширатуды, сөзбен емес, іспен алға жүруді тапсырды.

              Ауданға республикалық және облыстық бюджеттерден 2018 жылы 2 млрд. теңге көлемінде, биыл 2 млрд. 800 миллион теңге қаражат бөлінген. Әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша аудан облыс өңірлері арасында жетінші орында тұр. Ауданда жаңа кәсіп орындарын ашқандар да  жоқ.

          

Павлодар облысы,

Павлодар ауданы