Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбеков, «Shymkent» ӘКК» АҚ төрағасының орынбасары Рүстем Ерменбеков түркиялық «UYANIK YATAGANLI» компаниясы өкілдерімен кездесті.
Екіжақты кездесуде компания өкілдері ауыл шаруашылығы техникалары өндірісін іске қосу жоспары туралы әңгімеледі. Басқарма басшысы А.Қаныбеков Шымкент қаласының инвестициялық мүмкіндіктерімен, инвесторларды қолдау бағдарламаларымен таныстырды. Сонымен бірге аталған жобаны агро-индустриялық аймақта іске асыру мүмкіндігін атап өтті.
Өз кезегінде компания өкілдері ауыл шаруашылығы техникаларына сұраныс бойынша талдау жүргізіліп жатқандығы туралы хабарлады.
Айта кетерлігі, аталған компания 1969 жылы Түркия мемлекетінде ауыл шаруашылығы техникалары өндірісін бастаған. Ең әуелі шағын өндірістік алаңда ауылшаруашылық техникаларын құрастыруды, қысқа мерзімде тұрақты және сапалы өндірісті жолға қойған. Бүгінгі таңда агроөнеркәсіптік кешенге негізделген ауылшаруашылық машиналарын шығару мен жоғары сапалы қызмет көрсетуді жалғастыруда.