Жаңа стиль мемлекеттік басқаруға бизнесте сыналған озық тәсілдерді алып келді. Мемлекет көптеген жауапкершіліктерін кәсіби азаматтық сектормен бөлісуді кеңейтті. Үкіметтік құрылымдар ашықтық пен есептілікке баса назар аударды. Мемлекеттік басқарудың, қызмет көрсетудің және қоғаммен байланыстың тиімділігін арттыру үшін қазіргі заманғы технологиялар кеңінен қолданыла бастады.
Жаңа реформалар толқыны мемлекеттік басқару тәсілдерін де түбегейлі өзгертті. Бұрынғы «тігінен» басқарудың орнына «көлденең» басқару тәсілдері көптеп енді. Елдің игілігі үшін мемлекет пен азаматтық сектор әріптеске айналды. «Үкімет ең әділетті әрі тиімді шешім қабылдаушы» деген сенімге құрылған постулат «халықтың пікірі ескерілмей қабылданған шешімдер әділетсіз әрі тұрлаусыз» деп өзгерді. Сондықтан «көлденең» тәсілдер азаматтарды шешім қабылдау процесіне кеңінен қатыстыруды көздейтін кеңесуші демократия құралдарын қолдана бастады. Қоғаммен кең көлемді диалог орнатудың жаңа құралы ретінде көпшіліктің ақыл-ойын жүйелеп, бір арнаға түйістіруге қауқарлы Crowdsourcing және Collaboration (Краудсорсинг және Ынтымақтастық) институттары пайда болды.
Бұл құралдар өзекті мәселені шешуде ұжымдық интеллекті пайдалануға бағытталған. Мұндай тәсілдер шешім қабылдаушыға ашық арналар арқылы жеке адамдардан, сарапшылардан келіп түсетін креативті идеялар мен білімнің артықшылықтарын басқаруда қолдануды көздейді. Осы арқылы ең тиімді және көпшіліктің қатысуымен қабылданған шешімдерді жасақтауға жол ашылды.
Бұдан бөлек, қоғамның шешімдерді жасауға қатысуы оны іске асырудың да тиімділігін арттыра түсті. Басқаруда психологиялық тәсілдерді қолдану жөніндегі еңбегі үшін 2002 жылы Нобель сыйлығын иеленген америкалық ғалым Д.Канеман шешімдер жасау кезінде адамдармен кеңесу, олардың қабылданған шемімдерге ықыласын арттыратынын, нәтижесінде өнімділік пен тиімділік артатынын дәлелдеген.
Өкілетті демократияның дағдарысы
Белгілі ойшыл Ю.Хабермас өткен ғасырдың соңында кеңесшілік немесе делиберативті демократия теориясын ұсынды. Бұл тұжырымға сәйкес, қазіргі мемлекеттер тәжірибесінде дәстүрлі демократиялық институттар (сайлау, референдум, сөз бостандығы және т.б.) билік пен қоғам арасындағы ауызбіршілікті тең етіп ұстап отыру үшін жеткіліксіз. Тиісінше, азаматтық сана дамыған қоғамда демократиялық институттарды кеңесшілік демократияның саяси-коммуникация құралдарымен демеп отыру қажет. Ал бүгінгідей ашық және ақпараттық қоғамда дәстүрлі институттар кеңесшілік демократия құралдарының көмегінсіз дағдарысқа ұрынуы әбден мүмкін.
Бұлай дейтініміз, қазіргі жағдайда сайлау немесе басқа да демократиялық процедуралар арқылы саясаткерге берілген сенім кредиті, егер оны екіжақты ақпарат арналарымен тұрақты түрде толықтырып отырмаса, тез таусылады.
Сондықтан билік өкілдеріне тұрақты түрде, тіпті онлайн режімде сайлаушылармен ақпараттық қарым-қатынаста болу, кеңесіп отыру, өзекті сұрақтарды талқыға салу, әріптестік орнату қажет. Мұндайда азаматтық бастамаларға ерекше көңіл бөліп, шешім қабылдау процесінде қоғамдық пікірді ескеріп отыру маңызды. Сайып келгенде, кеңестік демократия құралдары ашық қоғамда саясаткерлер мен сайлаушылар арасында сайлау кезеңдерінен тыс кезде пайда болатын саяси коммуникациялық алшақтықтың орнын толтырушы тетік рөлін атқарады.
Осы орайда жоғарыда айтылған талаптарға сай келетін краудсорсинг алаңдары мен IT технологиялар кеңестік демократияның қазіргі заманғы құралдары рөлін атқара алады. Бұлар қоғамдық пікірді жүйелеп, іске жаратудың басқа жолдарынан оқ бойы озық қасиеттерге ие.
Краудсорсинг алаңдары ұжымдық интеллекті пайдалану құралы
Краудсорсинг (crowdsourcing – көпшіліктің әлеуетін пайдалану) алаңдары қоғаммен көлемді диалог орнатудың жаңа үлгісі бола алады. Қоғамдық диалогта краудсорсингті қолдану салыстырмалы түрде соңғы тәсілдердің бірі. Консенсусқа бағытталған дәстүрлі диалог алаңдарына қарағанда, ол бірнеше артықшылықтарға ие. Біріншіден, краудсорсинг коммуникациялық кедергілерді жояды, ол қатысушыларды бөлместен, кеңінен тарту (inclusion and diversity) қағидасына негізделген. Мұнда қатысушыларға ешбір талап қойылмайды, жасанды кедергілер жасалмайды. Екіншіден, краудсорсинг алаңдары көтерілген сұрақтың шешіміне новаторлық көзқараспен қарауға негізделеді. Мұндай алаңдарда атқарылған жұмыстар туралы есептер тыңдалмайды, керісінше қатысушылардың ұсыныстары тыңдалады, олардан ұсынылған жобаны талқылап, одан әрі жетілдіре түсу сұралады. Үшіншіден, краудсорсинг алаңдарында инновациялық идеялар жарысқа түседі. Осы арқылы қатысушыларды жаңашылдыққа, алға қарай жүруге үйретеді. Төртіншіден, ұжымдық интеллекті ортақ мақсаттарды шешуге бағытталып, краудсорсинг алаңдары қатысушылардың мүдделерін біріктіретін шешімдерді, жобаларды анықтайды.
Мұндай алаңдарды қала, аудан, ауыл деңгейлерінде дамыту неғұрлым тиімді. Ал ірі елді мекендерде қатысушыларды көбірек тарту үшін қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалануға болады.
Ең бастысы, мұндай алаңдарды құруда қоғаммен байланысты ұйымдастырудың дәстүрлі тәсілдерінен, оның ішінде мемлекеттік органдар жанынан қоғамдық кеңестерді құру кезінде қолданылған тәсілдерден бас тарту ерекше маңызды. Краудсорсинг алаңдарының қызметі шектен тыс реттелмеуі керек. Олардың жұмысын реттейтін заң немесе үкімет қаулысын қабылдаудың қажеті жоқ. Еріктілік және жаңашылдық жағдайында краудсорсинг модераторлары оған қатысушылармен бірге мұндай пікір алаңдарының оңтайлы жұмыс тәртібін анықтағаны жөн. Айтпағымыз, қоғамдық пікір краудсорсинг алаңдарында орталықтың нұсқауымен емес, жұртшылықтың өзара қарым-қатынас мәдениеті негізінде құрылып, дамуы тиіс.
Электронды үкіметті тиісті деңгейде түсініп жүрміз бе?
Соңғы онжылдықта орын алған цифрлы революция нәтижесінде IT технологиялардың өмірімізге ықпалы ерекше қарқынмен өсуде. Ол жеке және кәсіби салаларда адам өмірінің ажырағысыз бөлігіне айналуда. Цифрлы құралдар мемлекеттік қатынастардың көптеген түрлерін электронды нұсқаға көшіріп, мемлекеттік басқаруға да тереңінен енді.
IT технологиялар мүмкіндігі күн сайын кеңейуде. Біріншіден, қазіргі желілік архитектура немесе жоғары деңгейдегі цифрлы интеграция азаматтар мен үкімет арасындағы коммуникациялық кедергілерді жоюға жол ашты. Екіншіден, деректерді интеллектуалды талдау технологиялары (data mining) адам миының мүмкіндіктерінен тыс көп көлемдегі мәтіндік, фото және видео материалдарды жедел өңдеу мүмкіндіктеріне ие болды.
Сондықтан бүгінгі электронды үкіметті мемлекеттік қызмет көрсету құралы ғана емес, мемлекет пен азаматтарды тікелей байланыстырушы жүйе деп түсіну қажет. Көптеген мемлекеттерде цифрлы құралдар азаматтардың шешім қабылдау процесіне кеңінен қатысуына жол ашатын конструктивті арна ретінде тиімді қолданыла бастады. Осы арқылы жаңа технологиялар билік пен азаматтық қоғам арасындағы кең көлемді теңгерімді диалогқа үлес қосуда.
Осы орайда, үшінші толқын e-gov құралдары мемлекет үшін қолайлы (government-centred) платформадан бас тартып, азаматтар үшін оңтайлы (citizen-centred) платформаға басымдық беруде. Нәтижесінде, көптеген елдерде азаматтарға едәуір өкілеттік беретін e-democracy (электронды демократия) порталдары пайда болды. Мәселен, Хорватияның «e-Savjetovanja» үкіметтік порталы азаматтармен кеңінен кеңесуге бағытталған. Мұнда азаматтар үкімет ұсынған жобаларға өз пікірлерін білдіре алады. Барлық талқылаулар ашық, интерактивті және жария түрде жүреді. Ұлыбритания парламентінің веб-сайты азаматтарға электронды петиция жариялауға мүмкіндік береді. Кез келген азамат үкіметтен қоғамдық өзекті деп санайтын мәселе бойынша шаралар қабылдауды талап ете алады. Он мың қолдау жинаған петиция үкіметте, ал жүз мың қолдауға ие болғаны парламентте қаралуы тиіс. Осындай петициялар негізінде заңдар қабылданып, саясат өзгерген мысалдар жеткілікті. Әрине, мұндай петициялар жарияланбас бұрын тексеріліп отырады. Оларға қатаң талаптар белгіленген. Айталық, біреудің ар-намысын қорлайтын немесе сотта қаралуы тиіс іс бойынша петицияға жол берілмейді. Ал Оңтүстік Кореядағы «e-people» порталы азаматтардың арыз-шағымдарын, ұсынымдарын электронды консультациялар мен петицияларды шешім қабылдау процесіне дейін жеткізуге бағытталған. Бұл портал соңғы IT тәсілдер мен технологияларды қолдана отырып, азаматтар дауысын билікке жеткізудің бірегей электронды алаңы үлгісін ұсынады.
Біздің елімізде де азаматтарды мемлекет ісіне тарту, мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында 2016 жылдан бастап «Ашық үкімет» порталы жұмыс істей бастады. Онда да «ашық деректер», «ашық диалог» сияқты тәуір тетіктер бар. Алайда мемлекеттік органдар басшыларының жеке блогтарын қоспағанда, порталдың басқа цифрлы құралдары жұртшылық арасында танымал емес. Оның өз себептері бар. Біріншіден, портал контенті азаматтар үшін өзекті күн тәртібімен үндеспейді. Ондағы қоғамдық талқылауға қойылған сұрақтардың басым бөлігі азаматтар үшін қызықсыз. Екіншіден, портал азаматтар үшін оңтайлы жағдай жасау тұжырымдамасын басшылыққа алмайтыны көрініп тұр, керісінше ол мемлекет үшін қолайлылық туғызуға басымдық беретіндей. Үшіншіден, портал қазіргі интернет қолданушыларының талабына жауап бере алмайды. Порталда бүгінде қолданушылар арасында өзекті Web 2.0 интернет технологиялары тиісті деңгейде қолданылмаған. Мәселен, порталда жарияланған ақпаратты дереу әлеуметтік желіге салып жіберіп, талқылаудың көрігін қыздырып жіберуге мүмкіндік беретін арнайы сілтемелер жоқ. (Анықтама үшін: Web 2.0, бұл контентті басқа интернет алаңдарда, қосымшаларда бөлісуді жеңілдететін және қолданушыларға оны әрі қарай өңдеуге, дамытуға мүмкіндік беретін интерактивті, динамикалық интернет технологияларының екінші толқыны. Ол әлеуметтік желілерді, блог платформаларды және басқа да веб-қоғамдастықтарды, интернет қосымшаларды дамыту үшін кеңінен қолданылады).
Еділ ОСПАН,
Заң ғылымдарының кандидаты