Қоғам • 30 Шілде, 2019

Краудсорсинг – қоғаммен диалог орнату құралы

994 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Өткен ғасырдың 80-жылдарында бірқатар Батыс елдерінің бір қатарында бәріне жауапты саналатын патерналистік мемлекеттер халықтың жедел қарқынмен өскен әлеуметтік сұраныстарына жауап бере алмай, тығырыққа тірелді. Себебі еркін экономика мен әлеуметтік жаңашылдық өмір стандарттарын көз ілеспес жылдамдықпен өзгертіп жатты. Ал адамдар жаңа стандарттарға сәйкес өмір сүргісі келіп, мемлекетке көбірек талап қоя бастады. Осы кезеңде азаматтардың бастамаларын тежеп, адамдардың дербестігіне тұсау болған бюрократиялық басқару стилі қоғам тарапынан сынға ұшырады. Нәтижесінде, қоғамдық қысымдағы үкіметтер бірқатар реформаларға баруға мәжбүр болады. Осы реформалар тудырған басқару тәсілі кейін Жаңа мемлекеттік басқару (New Public Governance) стилі деген атауға ие болды.

Краудсорсинг – қоғаммен диалог орнату құралы

Жаңа стиль мемлекеттік бас­қаруға бизнесте сыналған озық тә­сілдерді алып келді. Мемлекет көп­теген жауапкершіліктерін кәсі­би азаматтық сектормен бө­лісуді кеңейтті. Үкіметтік құ­рылымдар ашықтық пен есеп­тілікке баса назар аударды. Мем­лекеттік бас­қарудың, қызмет көрсетудің және қоғаммен бай­ланыстың тиім­­ділігін арттыру үшін қазіргі заманғы технология­лар кеңінен қолданыла бастады.

Жаңа реформалар толқыны мемлекеттік басқару тәсілдерін де түбегейлі өзгертті. Бұрынғы «ті­гінен» басқарудың орны­на «көлденең» басқару тәсілдері көп­теп енді. Елдің игілігі үшін мемлекет пен азаматтық сектор әріптеске айналды. «Үкімет ең әділетті әрі тиімді шешім қабылдаушы» деген сенімге құрылған постулат «халықтың пікірі ескерілмей қа­былданған шешімдер әділетсіз әрі тұр­лаусыз» деп өзгерді. Сон­дық­тан «көлденең» тәсілдер аза­маттарды шешім қабылдау про­цесіне кеңінен қатыстыруды көздейтін кеңесуші демократия құралдарын қолдана бас­тады. Қоғаммен кең көлемді диалог орнатудың жаңа құралы ретінде көпшіліктің ақыл-ойын жүйелеп, бір арнаға түйістіруге қауқарлы Crowdsourcing және Collaboration (Краудсорсинг және Ынтымақтастық) институттары пайда болды.

Бұл құралдар өзекті мәселені шешуде ұжымдық интеллекті пайдалануға бағытталған. Мұн­дай тәсілдер шешім қабыл­даушыға ашық арналар арқылы жеке адамдардан, сарапшылардан келіп түсетін креативті идеялар мен білімнің артықшылықтарын бас­қаруда қолдануды көздейді. Осы арқылы ең тиімді және көп­шіліктің қатысуымен қабыл­данған шешімдерді жасақтауға жол ашылды.

Бұдан бөлек, қоғамның ше­шімдерді жасауға қатысуы оны іске асырудың да тиімділігін арттыра түсті. Басқаруда психо­логиялық тәсілдерді қолдану жө­ніндегі еңбегі үшін 2002 жылы Но­бель сыйлығын иеленген аме­рикалық ғалым Д.Канеман ше­шімдер жасау кезінде адамдармен кеңесу, олардың қабылданған ше­мімдерге ықыласын арт­тыратынын, нәтижесінде өнім­ділік пен тиімділік артатынын дәлелдеген.

Өкілетті демократияның дағдарысы

Белгілі ойшыл Ю.Хабермас өткен ғасырдың соңында кеңес­шілік немесе делиберативті демо­кратия теориясын ұсынды. Бұл тұжырымға сәйкес, қазіргі мемлекеттер тәжірибесінде дәс­түрлі демократиялық институт­тар (сайлау, референдум, сөз бостандығы және т.б.) билік пен қоғам ара­сындағы ауызбіршілікті тең етіп ұстап отыру үшін жеткіліксіз. Тиі­сінше, азаматтық сана дамы­ған қоғамда демократиялық инс­титуттарды кеңесшілік демо­кра­­­тияның саяси-коммуникация құралдарымен демеп отыру қа­жет. Ал бүгінгідей ашық және ақпараттық қоғамда дәстүрлі инс­титуттар кеңесшілік демокра­тия құралдарының көмегінсіз дағдарысқа ұрынуы әбден мүмкін.

Бұлай дейтініміз, қазіргі жағ­дайда сайлау немесе басқа да демократиялық процедуралар ар­қылы саясаткерге берілген сенім кредиті, егер оны екіжақты ақпарат арналарымен тұрақты түрде толықтырып отырмаса, тез таусылады.

Сондықтан билік өкілдеріне тұрақты түрде, тіпті онлайн ре­жімде сайлаушылармен ақпа­раттық қарым-қатынаста болу, кеңесіп отыру, өзекті сұрақ­тарды тал­қыға салу, әріп­тестік орнату қажет. Мұн­дайда азаматтық баста­маларға ерекше көңіл бөліп, шешім қабылдау процесінде қоғамдық пікірді ескеріп отыру маңызды. Сайып келгенде, кеңестік демократия құралдары ашық қоғамда саясаткерлер мен сайлаушылар арасында сайлау кезеңдерінен тыс кезде пайда болатын саяси коммуникациялық алшақтықтың орнын толтырушы тетік рөлін атқарады.

Осы орайда жоғарыда айтыл­ған талаптарға сай келетін крауд­сорсинг алаңдары мен IT технологиялар кеңестік демо­кратияның қазіргі заманғы құ­ралдары рөлін атқара алады. Бұлар қоғамдық пікірді жүйелеп, іске жаратудың басқа жолдарынан оқ бойы озық қасиеттерге ие.

Краудсорсинг алаңдары ұжымдық интеллекті пайдалану құралы

Краудсорсинг (crowdsourcing – көпшіліктің әлеуетін пайдалану) алаңдары қоғаммен көлемді диалог орнатудың жаңа үлгісі бола алады. Қоғамдық диалогта краудсорсингті қолдану са­лыс­­тырмалы түрде соңғы тәсіл­­дердің бірі. Консенсусқа бағыт­талған дәстүрлі диалог алаңда­рына қарағанда, ол бірнеше артықшылықтарға ие. Біріншіден, краудсорсинг коммуникациялық кедер­гілерді жояды, ол қатысу­шыларды бөлместен, кеңінен тарту (inclusion and diversity) қағидасына негізделген. Мұнда қатысушыларға ешбір талап қойылмайды, жасанды кедергілер жасалмайды. Екіншіден, крауд­сорсинг алаңдары көтерілген сұрақтың шешіміне новаторлық көзқараспен қарауға негізделеді. Мұндай алаңдарда атқарылған жұмыстар туралы есептер тың­далмайды, керісінше қаты­сушылардың ұсыныстары тыңда­лады, олардан ұсынылған жобаны талқылап, одан әрі жетілдіре түсу сұралады. Үшіншіден, краудсорсинг алаңдарында инновациялық идеялар жарысқа түседі. Осы ар­қылы қатысушыларды жаңа­шылдыққа, алға қарай жүруге үйретеді. Төртіншіден, ұжымдық интеллекті ортақ мақсаттарды ше­шуге бағытталып, краудсорсинг алаңдары қатысушылардың мүдделерін біріктіретін шешім­дерді, жобаларды анық­тайды.

Мұндай алаңдарды қала, ауда­н, ауыл деңгейлерінде дамыту неғұрлым тиімді. Ал ірі елді мекендерде қатысушыларды көбірек тарту үшін қазіргі заманғы ақпа­раттық-коммуникациялық технологияларды пайдалануға болады.

Ең бастысы, мұндай алаңдарды құруда қоғаммен байланысты ұйымдастырудың дәстүрлі тәсіл­дерінен, оның ішінде мемле­кеттік органдар жанынан қоғам­дық кеңестерді құру кезінде қол­данылған тәсілдерден бас тарту ерекше маңызды. Краудсорсинг алаңдарының қызметі шектен тыс реттелмеуі керек. Олардың жұмысын реттейтін заң немесе үкімет қаулысын қабылдаудың қажеті жоқ. Еріктілік және жаңа­шылдық жағдайында краудсорсинг модераторлары оған қатысушылармен бірге мұндай пікір алаңдарының оңтайлы жұ­мыс тәртібін анықтағаны жөн. Айтпағымыз, қоғамдық пікір краудсорсинг алаңдарында орта­лы­қтың нұсқауымен емес, жұрт­шылықтың өзара қарым-қатынас мәдениеті негізінде құрылып, дамуы тиіс.

 Электронды үкіметті тиісті деңгейде түсініп жүрміз бе?

Соңғы онжылдықта орын алған цифрлы революция нәти­жесінде IT технологиялардың өмі­­рі­мізге ықпалы ерекше қар­қын­­мен өсуде. Ол жеке және кәсі­би салаларда адам өмірінің ажыра­ғысыз бөлігіне айналуда. Цифрлы құралдар мемлекеттік қатынастардың көптеген түрлерін электронды нұсқаға көшіріп, мем­лекеттік басқаруға да тереңінен енді.

IT технологиялар мүмкіндігі күн сайын кеңейуде. Біріншіден, қазіргі желілік архитектура немесе жоғары деңгейдегі цифрлы интеграция азаматтар мен үкімет арасындағы коммуникациялық кедергілерді жоюға жол ашты. Екіншіден, деректерді интеллектуалды талдау технологиялары (data mining) адам миының мүмкін­дік­терінен тыс көп көлем­дегі мә­тін­дік, фото және видео мате­риалдарды жедел өңдеу мүмкін­діктеріне ие болды.

Сондықтан бүгінгі электронды үкіметті мемлекеттік қызмет көрсету құралы ғана емес, мемлекет пен азаматтарды тікелей байланыстырушы жүйе деп түсіну қажет. Көптеген мемлекеттерде цифрлы құралдар азаматтардың шешім қабылдау процесіне кеңінен қатысуына жол ашатын конструктивті арна ретінде тиімді қолданыла бастады. Осы арқылы жаңа технологиялар билік пен азаматтық қоғам арасындағы кең көлемді теңгерімді диалогқа үлес қосуда.

Осы орайда, үшінші толқын e-gov құралдары мемлекет үшін қолайлы (government-centred) платформадан бас тартып, азаматтар үшін оңтайлы (citizen-centred) платформаға басымдық беруде. Нәтижесінде, көптеген елдерде азаматтарға едәуір өкілеттік беретін e-democracy (электронды демократия) порталдары пайда болды. Мәселен, Хорватияның «e-Savjetovanja» үкіметтік порталы азаматтармен кеңінен кеңесуге бағытталған. Мұнда азаматтар үкімет ұсынған жобаларға өз пікір­лерін білдіре алады. Барлық талқылаулар ашық, интерактивті және жария түрде жүреді. Ұлы­британия парламентінің веб-сайты азаматтарға электронды петиция жариялауға мүмкіндік береді. Кез келген азамат үкімет­тен қоғамдық өзекті деп санайтын мәселе бойын­ша шаралар қабылдауды талап ете алады. Он мың қолдау жинаған петиция үкіметте, ал жүз мың қолдауға ие болғаны парламентте қаралуы тиіс. Осындай петициялар негі­зінде заңдар қабылданып, саясат өзгерген мысалдар жеткілікті. Әрине, мұндай петициялар жарияланбас бұрын тексеріліп отырады. Оларға қатаң талаптар белгіленген. Айталық, біреудің ар-намысын қорлайтын немесе сотта қаралуы тиіс іс бойын­ша петицияға жол берілмейді. Ал Оң­түстік Кореядағы «e-people» порталы азаматтардың арыз-ша­ғымдарын, ұсынымдарын электронды консультациялар мен пети­цияларды шешім қабылдау процесіне дейін жеткізуге бағыт­талған. Бұл портал соңғы IT тәсіл­дер мен технологияларды қол­дана отырып, азаматтар дауысын билікке жеткізудің бірегей электронды алаңы үлгісін ұсынады.

Біздің елімізде де азаматтарды мемлекет ісіне тарту, мемлекеттік органдардың ашықтығын қамта­масыз ету мақсатында 2016 жылдан бастап «Ашық үкімет» порталы жұмыс істей бастады. Онда да «ашық деректер», «ашық диалог» сияқты тәуір тетіктер бар. Алайда мемлекеттік органдар басшыларының жеке блогтарын қоспағанда, порталдың басқа цифрлы құралдары жұртшылық арасында танымал емес. Оның өз себептері бар. Біріншіден, пор­тал контенті азаматтар үшін өзекті күн тәртібімен үндеспейді. Ондағы қоғамдық талқылауға қойылған сұрақтардың басым бөлігі азаматтар үшін қызықсыз. Екіншіден, портал азаматтар үшін оңтайлы жағдай жасау тұжы­рымдамасын басшылыққа алмайтыны көрініп тұр, керісінше ол мемлекет үшін қолайлылық туғызуға басымдық беретіндей. Үшіншіден, портал қазіргі интернет қолданушыларының талабына жауап бере алмайды. Порталда бүгінде қолданушылар ара­сында өзекті Web 2.0 интернет технологиялары тиісті деңгейде қолданылмаған. Мәселен, порталда жарияланған ақпаратты дереу әлеуметтік желіге салып жіберіп, талқылаудың көрігін қыздырып жіберуге мүмкіндік беретін арнайы сілтемелер жоқ. (Анықтама үшін: Web 2.0, бұл контентті басқа интернет алаң­дарда, қосымшаларда бөлі­суді жеңілдететін және қолдану­шыларға оны әрі қарай өңдеуге, дамытуға мүмкіндік беретін ин­терактивті, динамикалық интернет технологияларының екінші толқыны. Ол әлеуметтік желілерді, блог платформаларды және басқа да веб-қоғамдастықтарды, интернет қосымшаларды дамыту үшін кеңінен қолданылады).

 

Еділ ОСПАН,

Заң ғылымдарының кандидаты