Экономика • 30 Шілде, 2019

Ет өндіруде есеміз кетпесін десек...

1310 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақстан аграрлы мемлекет болғанымен елдің ішкі нарығын ауыл шаруашылығы өнімімен толықтай қамтып отырған жоқ. Әсіресе, азық-түлік өндірісіндегі дайын ет өнімі тұтыну нарығында әлі күнге жоғары сұранысқа ие. Оның үстіне, ішкі нарыққа еркін еніп отырған сыртқы тауардың да үлесі қомақты.

Ет өндіруде есеміз кетпесін десек...

Дерек бойынша елімізге 2017 жылы шетелде өндірілген 210 мың тонна ет импортталған. Өкініштісі, бұл сұраныс жыл сайын артып келеді. Осы 2017 жылы сырттан кірген ет өнімі арғы жылмен салыстырғанда 16,3 пайызға өскен. Шекара асып келген ет өнімдерінің үле­сін сиыр, қой және тауық еті құ­ра­ды. Қазақстанға «тауық си­ра­ғын» экспорттауда Америка топ жарып тұр. Нарықтағы АҚШ тауық өнімдерінің үлесі 70 пайызға дейін жеткен. Ал сау­да сөрелеріндегі сиыр еті мен оның өнімдерін Беларусь, Ресей, Аус­трия, Парагвай, Бразилия, По­ль­ша мемлекетінде жасалған тауар құрады. 2017 жылы бұл ел­дер­ден 23 мың тонна сиыр еті Қазақ­станға жеткізілген. Осы жы­л­ы 1 000 тоннаға жуық қой еті қазақ­­тың қазанында қайнаған болса, оның 90 пайызға жуығы А­ус­т­­рия­дан келген импорт екен.

Рас, отандық агроөнеркәсіп кешені қол қусырып қарап отырған жоқ. Елі­мізде ішкі нарықты қойып, сыртқа ет экспорттайтын дәстүр қалыптасты. Қазір барлық облыс бойынша жекелеген шаруашылықтар арысы Біріккен Араб Әмірліктері, Иран, Қытай, Еуропа елдеріне, берісі ТМД нарығына ет және ет өнімдерін жөнелтеді. Алайда, бұл көрсеткіш сырттан келетін импорт пен ішкі нарықтағы сұранысқа шаққанда «теңізге тамған тамшыдай» ғана. Әсі­ресе, ішкі нарық отандық өнім­ге зәру. Мысалға, 2018 жылы Қазақ­станда 41 мың тонна ет да­йындалған. Оның денін аймақ­тар арасында Алматы облысы мен Шығыс Қазақстан облысының шаруалары өндірген. Осы екі облыс ішкі нарыққа 24 мың тоннаға дейін дайын ет беріпті. Бұл Алматы мен Шығыс өңірін­де аграрлық салаға, оның ішін­де етті бағыттағы мал басын көбей­ту жұмыстарына лайықты көңіл бөлгенін көрсетеді. Нақтырақ айтқанда, өткен жылы Алматы облысында мал басы мен одан алынатын өнім мөлшері орта есеппен алғанда 3,7 пайызға артты. Жетісуда өндірілген еттің 1 000 тоннасы экспортқа шығарылған.

Негізгі тұтынушы – іргедегі Қытай нарығы. Жалпы, өзі де ет өндірісі арқылы әлемді иге­ріп отырған Қытай­дың ішкі нары­ғында Алматы облысында жасалған еттің сұранысқа ие болуы таңғаларлық. Демек, Қазақстанда өндірілген еттің сапасы өте жоғары және таби­ғи жағдайда өскен мал еті бол­ғандықтан сыртқы нарықтағы бәсі артып тұр. Яғни, Жетісуда өндірілген етке деген сұраныс көбеймесе, азаймайтыны анық.

– Осы мақсатта Алматы облысында жалпы қуаты 91 мың тонналық 5 ет комбина­тының құрылысы жүргізілу­де. Атап айтқанда, 8 мың тонна­лық «Империя Фуд», әрқай­сысы 16 мың тон­налық «ЛунюаньЖе­тісу» және «Қайың­ды», 21 мың тонналық «Inalca» және 30 мың тонналық қуаттағы «Бау­ман» комбинатын атап өту­ге болады. Қазір аймақта 92 мал бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. Өткен жылы сиыр етін өндіру 7 пайызға артты, 1 000 тонна ет экспортталды, – дей­ді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.

Жалпы, Алматы облысының шаруа­лары ет өндірісін дамы­тудың пайдасы мол екенін енді ұғынғандай. Қазір аймақтың бірнеше ауданында таза етті ба­ғыт­тағы мал өсіру жолға қо­йыл­ған. Шаруалар шығыны аз, өнімі мол мал тұқымын таң­дауда. Мұның бірнеше игілігі бар: біріншіден, шетелден асыл тұқымды мал сатып алуға Үкі­мет жеңілдетілген несие бере­ді, екіншіден, асыл тұқымды мал­дың төлі мен алынған ет өнімі тағы да субсидияланады, үшін­шіден, асыл тұқымды мал етінің салмағы жоғары.

– Бүгінде біздің облыста ағылшын елінде өсірілетін «Абердин Ангус» тұқымды сиырдың басы көбейіп келеді. Өйткені бұл тұқымды өсіру­дің шығыны аз, пайдасы мол. «Абердин Ангус» сиырларының тірі салмағы 500-700 кило тартады. Ал 15-16 ай бағымда болған жас мал 700-1000 килоға дейін таза ет береді, – дейді Алматы облысы ауыл шаруа­шылығы басқармасы басшысының орынбасары Саят Сақмолдин.

Мысалға, Текелі қаласын­дағы «Аян» шаруа қожалығы мал шаруашылы­ғын дамытуды қолға алғалы көп бол­ған жоқ. Шаруашылық кілең асыл тұқымды мал өсіреді. Ал өндірген дайын ет өнімімен Текелі қаласын ғана емес, Тал­дықорған қаласын да қам­т­ып отыр. Мемлекет шаруаның бұл бағыттағы жұмысын ынталандырып, шығындарды 13,5 млн теңгеге дейін субсидиялап, өтеп береді екен. Панфилов ауданында да асыл тұқым­ды мал басы көбейіп келеді. Бүгінде өңір­де асыл тұқымды мал өсірумен 17 ша­руа­шылық айналысады. «Сыбаға» бағ­дарламасының нәтижесінде 96 млн теңгеге Ре­сей­дің Астрахань облысы­нан 217 бас «Қалмақ» тұқым­ды сиыр әкелінген. Жалпы, «ҚазАгроҚаржы» компаниясы Панфилов ауданы бойынша ауыл шаруашылығын қолдауға 258,5 млн теңге несие беріпті.

Ал Кеген ауданындағы «Жаңа Ақтасты» ЖШС «КазМясо» компания­лар тобы­на кіретін ірі шаруашылық. Қазір шаруашылықтың мал бор­да­қылау алаңдарында 6 мың бас асыл тұқымды ірі қара жем­ге байланған. Компания осы мақ­сатта 1,2 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция салған.

 – Шаруашылықтың базасына Кеген ауданының Ақтасты ауылындағы репродуктор мен 6 мың басқа арналған бордақылау алаңы, Саты ауылындағы 100 бас «Көшім» жылқысы мен 400 меринос қойын өсіріп отырған 600 басқа арналған репродуктор және Еңбек­шіқазақ ауданы Қырбалтабай ауылын­дағы бордақылау алаңдары кіреді. Жақында тəулігіне 10 тоннаға дейін ет өңдейтін кәсіпорын құрылысы аяқталып, іске қосы­лады, – дейді «Жаңа Ақтасты» серіктестігінің директоры Жа­рыл­­қасын Адасбаев.

Айтпақшы, мәлімет бойынша Қазақ­станда өндірілген мал етінің 43 пайызын ауылдардағы шағын шаруа қожалықтары береді. Тағы бір дерек, Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласындағы мейрамхана, асхана бизнесінің жылдық ет тұтыну көлемі де 43 пайызға тең екен.

 

Алматы облысы