Қоғам • 30 Шілде, 2019

Парыз бен қарыз

643 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өз тәуелсіздігін алған қай мемлекет те халқының азаттығы жолында бар қажыр-қайраты мен білім-білігін аянбай жұмсаған, маңдайтері мен қасықтай қанын төккен перзенттерін ақтап, олардың ерлігінің лайықты бағасын беруді жүзеге асырады. Бұған тарлан тарих куә.

Парыз бен қарыз

Еліміз егемендік алып, ке­ше­­гі кеңестік кезеңде отаршыл да өктем билік тарапынан қудалауға ұшырап, қаза тап­қан дара тұлғаларымыздың ел игілігі үшін еткен жасампаз еңбектерін халыққа танытуға, насихаттауға және есімдерін ұлықтауға мүмкіндік туды. Бүгінге дейін қыруар жұмыс атқарылса да тоқмейілсуге әлі ертерек. Түйткілді мәсе­лелер де жоқ емес. Сөзім жалаң болмас үшін өзімді көптен толғандырып жүрген келесі жағ­дайды ортаға салғым келе­ді.

1937-1938 жылдардағы ке­ңес­­тік сұрқия саясаттың құр­ба­ны болып «Халық жауы» деген жалған айыппен атылып кеткен мемлекет және қо­ғам қайраткерлерінің мүрде­ле­рі Алматы қала­сы жанындағы (Боралдай) «Қандысай» деген жерде жатыр.

Осынау ұлт ардақ­ты­ла­ры­ның қатарында Қазақстан үкі­ме­тінің халық ағарту комиссары Темір­бек Жүргенов те бар. Ол Өзбекстандағы аталған дең­гей­­де­гі лауазымды қызметін қал­дырып, 1933 жылы елге ке­ліп қазақ деген ұлттың тіліне, білімі мен мәдениетіне, мемлекет болып қалыптасуына ұшан-теңіз еңбек сіңірді. Алаш ардақтылары тұтқындалып, атылып жатқан кезеңде өзінің де аман қалмайтынын біле тұра, «Отаныңмен салыстырғанда ең қымбатыңның өзі арзан», деп Қадыр ақын айтқандай, бір шыбындай жанының амандығынан ұлтына қызмет етуді артық көріп, осындай қадамға барды. Өзіне де, өзгеге де қатаң талап қойып, күндіз-түні, жарғақ құлағы жастыққа тимей, өл­шеу­лі уақытқа берілген мүм­кін­дікті ұлт мүддесіне барынша пайдалануға ұмтылды. Қыр­уар шаруа тындырды. Көзі тірісінде-ақ халық арасында үлкен құрметке, зор беделге ие болған азамат ұлт зиялыларына қарсы ұйымдастырылған зұлматтың құрбанына айналды.

Екінші дүниежүзілік соғыс­та опат болған мил­лион­да­ған жауынгерлердің ормандарда, батпақтарда немесе окоптарда қалған сүйектері ыждағат­тылықпен жиналып, жер қойын­да­рына табысталып, мәрмәр тас­тар­ға аттары жазылып жатқаны белгілі.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Рухани жаңғыру: болашаққа бағ­дар» атты бағдарламалық мақа­ла­сын­да: «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстық­та сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар пер­зенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», деп атап көрсетті. Осы міндет тұрғысынан қарағанда, «Қанды­сайда» жатқан мемлекет және қоғам қайраткерлерінің ақ кебінге оралмай, жаназасы оқылмай алғашқы көмілген (жерленген емес) жерінде жата беруі, яғни белгіленген зираты болмауы, ақылға сыймайды. Ұлт мойнына қарыз. Бұл бағыттағы жұмыстардың атқарылуы Мәдениет және спорт министрлігі немесе облыс әкімдеріне жүктелуі тиіс деп ойлаймын.

Аспанды қара түнек торлаған сол зұлмат жылдары қазақтың қаймағы саналған мықты, қай­сар, қайраткер қаншама азаматтарынан айырыла отырып, тамыры терең салт-дәстүрімізге сай сол арыстардың бауырлары мен ұрпақтары жария түрде аза тұтып, аналары мен жарлары жоқтауларын айта алмады. Арымызға аруақтардың аманаты іспетті артылған қастерлі парыз атқарылса, атылып кеткен арыстарымыздың рухына тағзым жасағысы келген туған-туыстары мен ұрпақтары үшін, жады мен зердесінен өшіре алмай жүрген зиялы қауым үшін, жалпы халық үшін сауапты іс болар еді.

Темірбек Қараұлы Жүргенов қоғамдық қорының төрағасы ретінде менің осы ұсынысымды отаным деп жүрегі соққан барлық азаматтар мен қоғамдық қор жетекшілері қолдайды деген сенімдемін!

Драматург Рахымжан Отар­ба­ев «Нарком Жүргенов» пьесасында Темірбек Жүргеновтің аузына Фердоу­сидің заманынан жетті деген мынадай сөзді салады. «Талай адам көрдім, үстінде киімі жоқ. Талай киім көрдім, ішінде адамы жоқ», Адамдары жартыкеш болған заманды артқа қалдырдық, бүтін, кемел ойдың адамы екендігімізді дәлел­дейік.

 

Сәби АҢСАТ,

Темірбек Жүргенов қоғамдық қорының төрағасы, Қызылорда облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі, Қармақшы ауданының құрметті азаматы

 

Қызылорда облысы