Аймақтар • 31 Шілде, 2019

Мал терісі кәдеге аспай жатыр

1099 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мал терісі мен жүнінің көл-көсір ақша болған күндері де өтіп барады. Баяғыда татар көпестері қазақ даласына қант, шай, майда ұсақ-түйектерімен келіп, сойылған мал терісі мен қырқылған жүнін жинап әкетіп, дәулеті шалқыған бай болған екен.

Мал терісі кәдеге аспай жатыр

Бүгінде биязы қой жүні болмаса, басқасы кәдеге аспайтын болып қалды. Бір саулықтың жүні қырқылған құнымен тең болған соң несін сұрайсың. Қойшы ауылдарда қора түбінде тау-тау болып үйілген жүнді көргенде осының құны алтынмен тең болған кез еріксіз еске түседі.

Мал терісі де осындай кепті киді. Бұл туралы Қызылордадағы Кәсіпкерлер палатасының агроөнеркәсіптік кешенінің бөлім бастығы Жасұлан Серіков те айтты.

Облыс халқының 56 пайызы ауылды жерде тұрады. Көпшілігі өзін-өзі жұмыспен қамтыған жандар. Яғни, мал шаруашылығымен айналысады. Былай айтқанда, мал бағып айран, сүтін ішіп отырған ауыл аз да болса қабырғасын жауып отырған бір пайдасынан қағылған.

«Өткен жылдан бері проблема болып тұрған мәселелердің бірі – мал терісін сатып алу пункттерінің жабылуы. Осы жылдың ақпан айынан бастап ірі қара малдың өңделмеген терісін 6 айға дейін шетелге шығаруға тыйым салынған. Сол себепті мал терісінің бағасы 10-15 есеге дейін түсіп, көп аудандарда мал терісін сату мүлде тоқтап қалды. Осылайша, мал шаруашылығы кәсібіндегі азаматтар қосымша табыстан айырылып, ал ауыл тұрғындары теріні қоқысқа тастап жатыр. Қоқыстағы терілер елді-мекеннің экологиялық проблемасын туғызу қаупі де бар», дейді Ж.Серіков.

Мал шаруашылығымен айналысатын азаматтарға кедергі келтіріп отырған бұл проблема Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 19 ақпандағы №89 бұйрығымен бекітілген «Қалпына келтi­рiлетiн қағазды, картонды, макулатураны және қалдықтарды, ірі қара малдың өңделмеген терісін әкетуді реттеудің кейбір мәселелері туралы» құжатынан кейін туындаған.

Аталған құжатта «ірі қара малдың өңделме­ген терісін әкетуге алты ай мерзімге тыйым салу енгізілсін», деп көрсетілген.

Қазір облыстық Кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының орталық аппаратына және Ауыл шаруашылығы министрлігіне аталған мәселе жөнінде хат жолдап, кәсіпкерлердің проблемасын жеткізді. Бірақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі осы жылдың тамыз айында бұл шектеуді 5 жылға дейін созуды жоспарлап отыр екен. Аймақ кәсіпкерлері бұл жаңалыққа алаңдаушылықтарын білдіріп жатыр. Қысқасы, «қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады» деген осы.

Қазақтың ғана қажетін айырмай, бақалшы болып келгендерді де байытқан жүн, тері пұл болудан қалып барады. Айтпағымыз, өңдел­меген терінің сыртқа сатылмауына қынжы­лыс таныту емес, өзіміздің тері өңдейтін кәсіпорын­дарымыздың дағдарыс шегінде отырғандығы.

Қызыл империяның қылышынан қан тамған уа­қыт­та қазақтың басына алай-дүлей күн ту­ғаны белгілі. Ағайын Қытай, Иран, Ауғанстан ас­ты. Қытайда дүрбелең басталғанда мәңгі сіре мұз Ги­малайдан асып, Түркия жеріне жетті. Сол қа­зақ­тард­ың барлығы тері өңдеумен айналысып, отбасын бақты.

Германиядағы қазақтардың да бертінге дейінгі кәсібі өңделген теріден былғары киім тігіп, саудаға шығару еді.

Шетелге үркіншілікпен кеткен қазақты ел қатарына жеткізген кәсіптің бүгінде басынан бағы тайыпты. Қысқасы, қытайдың арзанқол брезенттерден тіккен тондарына тоқмейілсіп, алтынды күресінге лақтырып жатырмыз.

Кеңес өкіметі кезінде қой терісінен тігіл­ген тон болар еді. Жеп-жеңіл әрі қолайлы. Шопан­дар мен механизаторларға берілетін. Армян тері илеушілері илеген сол тондарды ауылдықтар әлі күнге дейін мақтайды. Бүгінде алар еді, сатылымда жоқ.

Арқада ақтүтек боран апталап соғады. Сары аяз түкірігіңді жерге тигізбейді. Сонда жылқы еті­­не мелдектеген малшылар қара санға дейін же­­­те­тін саптама етік ішінен байпақ киіп алып, қара то­ны­ның жоғары ілгегін ағытып, түлкі ты­ма­­­­ғын алшайта киіп өрісте жүрер еді. Былай қара­­­саң, жанын суықтан арашалаған мал терісі, түз аңы­­ның терісі. Өзімізде жоқ болса бір сәрі. Бәрі өзі­­мізде бар. Малшылар көбеймесе, азайған жоқ.

Бірақ тері илейтін, сапалы былғары дайындайтын өндіріс ошақтары санаулы. Аяқ киім, тон тігетін былғарыны сырттан сатып алып жүрміз.

Аграрлы елміз. Басқа мемлекеттерден айыр­ма­шы­лығымыз, миллиондап мал өсірсек те, жа­йы­лымымыз тарлық етпейді. Дүние жүзіне мәрмәр ет экспорттап отырған Оңтүстік Корея­дай сырттан жемшөп тасымаймыз. Сөйте тұра, осы саланың көсегесін көгертуде «атқа шөп­ті кім салар, сен салар да мен салар» болып келе­міз.

Өзбекстан мал алуға жеңіл несие бергенде сайын даламыз босап қала жаздады. Ауыл шаруашылығы министрлігі қолын кеш сермесе де, сатылымға шектеу қойды. Тері мен жүн мәселесі де бүгін көтерілген проблема емес. Естір құлақ болса, айтудай-ақ айтылды, жазу­дай-ақ жазылды.

Оны сыртқа сатуға шектеу қою күрмеулі мәселені шешпейді. Осы саладағы өндіріс орын­дары көбеймей қазақ байымайды да. Қор­даланған мәселені шешу Үкіметтің де жұмысы.

 

Қызылорда облысы