М.Жолдыбаев 1887 жылы Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданында, ал ескі атауымен нақтыласақ, бұрынғы Орал облысы, Ілбішін уезі, Құрайлы болысында дүниеге келген. Осы өлкені кеңінен зерттеп жүретін белгілі журналист-зерттеуші Мақсат Тәж-Мұраттың дерегінше, «Ілбішін-Тайпақ жұрты Ноғайлы ұлысы ыдыраған, казактар мен қалмақ күшейген ХV-ХVII ғасырлардағы шамалы үзілісті есептемегенде, ешқашан өркениеттен шет қалып көрмеген, тиісінше терең тамырлы, бой салып өскен мәдениетке ие, көшпелі мәдениет пен отырықшы өркениет қатар өркендеген байырғы жұрт болып саналады». Ендеше империялық аккультурация саясаты әкелген Батыс мәдениетімен, оқу-ағарту жүйесімен ертерек қауышқан, тұлғаларды топтап тудырған елде өмірге келген Молдағалидың жасынан білімге құштар болмауы мүмкін емес еді.
Сол тұстағы барлық қазақ баласы сияқты ауыл молдасының әліпбиімен қара таныған болашақ қайраткердің басқалардан айырмашылығы, әкесінің орта күнкөрістегі шаруа адамы болғанына қарамастан, 13 жасында 6 кластық орыс-қазақ мектебін, ал 23 жасында Орынбордағы орыс-қазақ мұғалімдер мектебін бітіреді. Азамат соғысы жылдарында-ақ ауылдық кеңестердің құрылу ісінің бел ортасында жүреді. Мектепке орналасып, бала оқытуды бастап, ағартушылық қызметке бел шешіп кіріскен соң сол кездегі ұлттық рухтың ұясы болып отырған «Айқап», «Қазақ» газеттерімен қоян-қолтық араласа бастауы уақыт талабы емес, заңдылық болатын. Халықты ояту үшін баспасөзді пайдаланған қай қайраткердің де ұстанымы, ой-пікірі Жолдыбаевқа жақын болды. Мұғалім болып жүрген кезінен бастап жазған алғашқы мақалаларының тақырыбынан келешекте ұлт ісіне белсене араласатын қоғамдық көзқарасы, батылдығы анық байқалды. «Айқапта» «Қазақтардың қазіргі халі», «Болашақ», «Ауылда», «Құрметті Әлжановқа жауап», ал «Қазақ» газетінің бетінде «Молдағали Жаңа байбақты» деген бүркеншік есіммен «Ғалымның надандықтан жеңілуі», «Бала тәрбиесі» деген мақалалары жарық көреді.
Қазақстанда Кеңес өкіметі орнағаннан бастап маңызды саяси оқиғалар көрініс тапқан материалдардың мол қоры жинақталған Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде құрылған №884 «Егемен Қазақстан» газетінің қорында Молдағали Жолдыбаев жөнінде бірқатар құнды құжаттар бар. Соның бірі – М.Жолдыбаевтың 1917 жылы Орал қаласында өткен І қазақ съезін ұйымдастырушылардың бірі болғаны. Тек Президент Архивіндегі құжаттарда бірде «Джулдабаев Мулдагали» деп көрсетілсе, тағы бір құжаттардағы аты-жөні «Джалдыбаев Мулдагалий» деп кездеседі.
Жалпы, Алаш қозғалысы, осы аттас партия, Алашорда идеясы қазақ жерінің шығыс бөлігінде ғана емес, алғаш батыс аймақта оянғанын дәлелдейтін бірқатар алғышарттарды алға тартып жүргендер бар. Алайда түпкі ой «Ақжайық Алаш қозғалысының алтын бесігі болды ма, жоқ па?» деген сұрақты талдау емес, сол съездің көсемі Бақытжан Қаратаев бастаған саяси топтың ішінде Молдағали Жолдыбаевтың да болғанын, тек қатысып қоймай, алдыңғы қатардағы ұйымдастырушысы болғанын атап өткеніміз абзал. Саяси күрес жолына шындап түскен М.Жолдыбаев 1917 жылы шілдеде І Жалпықазақ съезін өткізуші бюроның атынан Бүкілресейлік құрылтай жиналысы депутаттығына кандидат ретінде ұсынылады, бірақ сайлау кезінде өтпей қалады. Ал оның өтпей қалуының сойылдай мықты себептері де жоқ емес еді...
1918 жылы қаңтарда Қаратөбеде өткен 3-Орал облыстық қазақ съезінің делегаты болып сайланады. Орал губерниялық революциялық комитеті төрағасының 1920 жылғы 8 шілдедегі қаулысымен Жымпиты уездік революциялық комитетінің уақытша құрамына төрағалық етеді. Сол жылы жаңадан құрылған РК (б) П Жымпиты уездік комитетінің алғашқы мүшелерінің бірі болып сайланады және мәдени-ағарту бөлімінің меңгерушісі, уездік комитет жанындағы сауатсыздықты жою комиссиясының төрағасы қызметтерін атқарып, лекторлар тобының мүшесі болады. 1921 жылы РК (б)П Жымпиты уездік комитетінің төрағасы, 1921-1922 жылдары Орал губерниялық атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1922 жылы Орынбордағы Қазақ АКСР Халық ағарту комиссариатының Ғылым, баспасөз және әдебиет ісін басқаратын академиялық орталығының (Қазақстанның білім ордасы) төрағасы қызметтерін атқарып, өлкедегі ғылым мен білім беру саласын, баспасөз бен әдебиетті дамыту ісіне елеулі үлес қосады. Сондай-ақ ол тұңғыш шыққан педагогикалық басылым «Жаңа мектеп» («Қазақстан мектебі») журналының алғашқы бас редакторы болады.
Қазақ педагогикалық институтында фольклор мен әдебиет тарихынан сабақ берген, доцент атанып, ғылыми дәреже бекіткен М.Жолдыбаевтың әдебиеттегі елеулі ісі – «ескішіл» ақын Бұқар жыраудың оралуы жолында жасаған еңбегі. Алғаш Сәкен Сейфуллин «Бұқар – халық атынан сөйлей алатын ақын, қалың бұқараның сөзін сөйлеген жырау» деп баға бергеннен кейін, қоғамда Бұқардың өлеңдеріне өзгеше көзбен қарау үрдісі қалыптасады. Оның айғағы жыраудың дидактикалық өлеңдері оқулықтар мен хрестоматияларға енгізіліп, оқытыла бастайды. Міне, Бұқарды қайта тану бағытында бетбұрыс басталған осы кезеңде Молдағали Жолдыбаев, Мұхтар Әуезов, Әуелбек Қоңыртабаев үшеуі бірігіп 1933 жылы «ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің оқу құралы» атты еңбек жазып, жыраудың өлеңдеріне кең пайыммен әдеби-тарихи талдау жасайды. Оқулық атауы осылай болса да, ХVІІІ ғасырда өмір сүрген Бұқар жырауды тұңғыш рет әдебиеттің тарихына кіргізіп, өмірі мен шығармашылығынан мол мәлімет береді. Абылай ханмен дәрежесі тең ақынның қазақ қоғамындағы тұлғалық келбеті мен алатын орнын айқындап, алғаш оқулық көлеміне тән тұлғасымен таныстырған авторлардың арқасында Бұқар отызыншы жылдардағы әдебиеттану ғылымында халық жыршысы деп жалпылама аталмай, бұрынғысынша хандық дәуірдің көксеушісі деп датталмай, барынша әділ бағаланған бірінші ақын болды. Ғылыми-зерттеушілік ой-пікірімен танылған ғалым бұдан кейінгі кезекте де Мұхаметжан Қаратаевпен бірігіп, 4-сыныпқа арналған «Әдебиет хрестоматиясын» дайындап шығарады. М.Жолдыбаевтың әдебиеттегі тағы бір тұшымды дүниесі Жүсіпбек Аймауытовпен бірлесе Мағжанға арнап жазған хаты, ал хатты тебіренбей отырып оқу мүмкін емес.
1924 жылы майдың 16-сы күні Орынбордан жолданған «Ардақты Мағжан» деп басталатын хатта ақынды аялай, мықтылығын мойындай отырып, кемшілігін де аямай бетіне басқан өткір ойлардан денең тітіркенеді. «Пушкинді Пушкин қылған оның нұрлы ақылы, сергек көңілі, өмірді дұрыс бағалай білгендігі ғой. Сен туысың – қазақтың, адымың – қарға, елің – мешеу болса да, өмірге ғашық көзбен қарайтын 20-ғасырдың ұлы емессің бе? «Қу өмір, сұм жалған», «жауыз жазым» дәуірі сұйылып, өмірдің қожасы, тақтың Алласы – адам болған заманда, адамға жаңа тілек, жаңа арман, жақсы салт-сананың заманында сен сықылды күшті ақынның иманына өзгеріс кірмейді деуге көңіл бармайды», дейді қос автор. Алайда осы хат туралы тарихтан толайым шындық тауып жүрген белгілі зерттеуші ғалым Тұрсын Жұртбай «бұл хаттағы жазу үлгісі Жүсіпбектікі емес, зады, Жүсіпбек айтып тұрған да, Молдағали жазған болуы керек. Әлде, не бұрын, не кейін біреу көшірді ме екен? Және қадым қарпінің жазу үлгісін пайдаланған. Соған қарағанда, Молдағалидың мәнері. Ал Молдағали – белгілі ағартушы, әдебиетші Молдағали Жолдыбаев па, жоқ па, оны ашып айта алмаймыз. Одан өзге лайықты адамды тағы да болжай алмадық», дейді Жолдыбаев туралы зерделенбей келе жатқан жұмбағы көп шындықтың әлі де зерттелуі қажеттігін аңдатып.
1934 жылдың жазында Қазақстан үкіметі елдегі ашаршылыққа ерекше ұшыраған екі аймағына нақты көмек көрсету үшін арнаулы екі бригада шығарады. Бірі Батыс Қазақстан облысына, бірі Шығыс Қазақстан облысына аттанған үкімет бригадасының құрамына Молдағали Жолдыбаев та тартылып, Сейітқали Меңдешов басқарған бірнеше жауапты адамнан құралған шығыс тобында екі ай бойы ел аралап, ашаршылық салдарын жою ісімен айналысады. Абыралы, Шұбартау, Ақтоғай, Шет, Жаңаарқа, Қарқаралы аудандарын аралап, күйзеліске ұшыраған ауылдарға мал, астық және ақша, киім-кешекті дұрыстап таратуға нақты көмек көрсетеді.
85 жылдық тарихы бар, бүгінгі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі журналистика факультетінің іргесін көтерген алғашқы ізашарлардың басында да Молдағали Жолдыбаев тұр. Бұрынғы Одақ көлеміндегі алғашқы журналистика институты 1934 жылы қазақ жерінде, Алматыда ашылуы бекер емес. Жаңашылдыққа, білімге ұмтылған қазақ жастарынан сұраныс та, ұсыныс та дер кезінде жасалды. Нәтижесінде, осы жылдың қаңтар айының 15-інде қазіргі ҚазҰУ-дің өзі құрылса, наурыз айынан бастап ақпарат таратудың қыр-сырына баулитын тұңғыш мектеп – Қазақ коммунистік журналистика институты құрылады. Жаңадан іргетасы қаланған институттың алғашқы ресми директоры болып мемлекет қайраткері, педагог, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби журналистердің бірі Молдағали Жолдыбаев тағайындалады. Институтқа алғашқы үміткерлерді қабылдау, көрнекті ғалымдарды оқытушылыққа тарту ісі Жолдыбаевқа тапсырылды. Өкінішке қарай, 1940 жылы Қазақ коммунистік журналистика институты Қазақ мемлекеттік журналистика институты болып өзгертілгенін ол көре алмаған күйі кетті...
БКП (б) Өлкелік бақылау комиссиясы партия алқасының құжаттарында 1920 жылдардан 30-жылдардың соңына дейінгі әр жылдардағы кішігірім тұрмыстық заң бұзушылықтардан бастап, қаржы шығыны, партиялық тәртіптің бұзылуы сияқты мемлекеттік ірі қылмыстарға дейінгі түрлі қаулы-қарарлар сақталған. 20-жылдары партиялық органдар қараған көптеген істерде сөгіс беру, ауыр сөгіс беру, ал кейде жай ғана әлдекімнің «көрсетуі» секілді «жеңіл» жаза белгіленген. Ал бұл «жеңіл» жазалар 1937-1938 жылдары көптеген ел азаматтары үшін ауыр істің қозғалуына себеп болып, осы «ұсақ-түйектің» салдарынан абақтыға жабылып, көпшілігі ең жоғары жаза – ату үкіміне бұйырылады. «Еңбекші қазақ» газетінің редакция алқасының мүшесі Молдағали Жолдыбаевты да тап осындай тағдыр күтіп тұрды.
1927 жылы бірінші рет тергеуге ілінгенде ол Халық ағарту Комиссариаты академиялық орталығының төрағасы болатын. М.Жолдыбаевқа байланысты Қазақстан Президенті Архивінің баспасөз қызметінің жетекшісі, тарихшы Жанар Сатаеваның бізге ұсынған көп деректерінің ішіндегі 719 -Қорындағы 1 хаттама, 680-іс, лл 93, 93 об., 94 құжат айрықша назар аударды. «Айыпталады: 1. Дәріс жүргізген кезде бақылау-қадағалау жеткіліксіз болған; және кино студенттері арасында антикеңестік сөз сөйлеу фактісін (Алашорда) тиісті партиялық органдарға дер уақытында хабарламағаны үшін шара қабылданбаған. Баяндамашы Топоров. Қатысып отырғандар: Жәрменов. Шомбалов. Қаулы қабылдады: Жолдыбаев жолдастың өзіне жүктелген дәріс жүргізгенде бақылауды жүзеге асыру міндетіне немқұрайлы қарағаны және кеңес өкіметіне қарсылық фактісін партиялық орындарға дер кезінде хабарламағаны «көрсетілді». Іс кино студенттерінің шағымы бойынша қозғалды» делінеді. Осылайша «Алашордамен байланысы бар» деген 1927 жылғы сол ескі құжат мұрағаттан қайта көтеріліп, 1937 жылы алдынан шығады. Он жыл бұрын тап осы айып тағылғанда тек «көрсетілді» деген жала ретінде қарастырылып, жазадан босатылып қана қоймай, өз қызметінде қалдырылған еді. Ал «Үлкен террор» жылдарында он жыл бұрынғы жай ғана «көрсетті» деген жаланың өзі өмірін жалмаған ең қатал жаза болып жабысатынын, әрине, ешкім болжамаған болатын.
1990 жылдың қаңтарында қуғын-сүргін жылдары тағылған айып-кінәні жоққа шығаратын партиялық ақтау жүргізілгені белгілі, бұл туралы Қазақстан Компартиясы Бақылау-ревизия комиссиясы президиумының қаулысында айтылады. Алматы қалалық партия комитетінің қорындағы құжаттарда 1937 жылдың 22 қазанында қалалық комитеттің бюро мәжілісі қабылдаған қаулы бар. М.Жолдыбаевтың ісіндегі сол маңызды құжаттың көшірмесін толықтай келтірейік. «Тыңдалды: 26) М.Жолдыбаев (М.Джулдабаев) туралы КП (б) К МРК 2.Х-37 ж Фрунзе бюросының шешімі
Молдыгалий Джулдабаев 1920 КП (б) К мүшесі, Партбилет № 1572981, 1887 жылы туған, қазақ, әлеуметтік жағдайы бойынша – қызметкер, соңғы жұмыс орны КазПИ-дің мұғалімі.
Джулдабаев бұрын партиялық жауапкершілікке тартылған: 1927 жылы өзімбілемдікке салынғаны үшін сөгіс берілген. Сөгіс алынып тасталған. 1934 жылы Қазақ Өлкелік Комитеті КП(б)К лениндік ұлттық саясаттан оппортунистік мүддемен ауытқығаны үшін КИЖ лауазымынан босатылды. БКП (б) қатарына мүшелікке қабылданбай тұрып 1918 жылға дейін Джулдабаев контреволюциялық Алашорданы қолдады, Бөкейханов және басқаларын ашық түрде қорғады. Джулдабаев Қаратілеуовтің алашордашыл-ұлтшыл және контреволюцияшыл екенін біле тұрып, оны мақтап, жалған мінездеме береді. Джулдабаев өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, халық жауы Кенжинді ақтау үшін архивтен құжаттарды табуға тырысады. ҚазПИ-дің мұғалімі бола жүріп, Джулдабаев оқытушылық жұмысында Алашорданың контреволюциялық ұлтшылдық оқулықтары мен әдебиеттерін пайдалануымен бірге, танымал еткен.
«Партияның қауырт жұмыстарын жүргізбедім, оны мінезімдегі салмақтылықпен түсіндіремін... мен тек аудармамен айналысамын, әдеби сынмен айналыспаймын» деп, Джулдабаев партия қатарында бола тұрып, контреволюциялық ұлтшылдықпен ешқандай күрес жүргізбеген.
Джулдабаев Фрунзе ГРК КП (б) К бюросының шешімімен халық жауларының жақтасы болғаны үшін партия қатарынан шығарылды.
Джулдабаевтың атына берілген №1572981 партиялық билет жарамсыз деп танылсын. Джулдабаев Молдагали (Джулдубаев Мулдагалий) 1937 жылдың 10 желтоқсанында сотталды және ең жоғарғы жаза – ату жазасына бұйырылды». Қор 412, хаттама 5, іс 21 а, лл.22-23.
Молдағали Жолдыбаев «Еңбекші қазақ» газетін 1924 жылдың сәуір айынан сол жылдың желтоқсанына дейін сегіз ай басқарды. Ғасыр басындағы бүтін дүниені қақ бөлген Қазақ төңкерісінен кейін буырқаныспен басталған алағай-бұлағай саяси өмірдің салқыны, қым-қуыт қайшылыққа толы оқиғалар тізбегі қай редакторға да ұзақ мерзім қызмет істеуге мүмкіндік бермеді. Бас басылымға жеті ай ғана бас редактор болған Халел Есенбаевтан бастап, өзіне дейінгі Тамимдар Сафиевтің екі ай, Бернияз Күлеевтің сегіз ай, Смағұл Сәдуақасовтың бір ай, Жүсіпбек Аймауытовтың сегіз ай, Мұхтар Әуезовтің бір ай ғана бас редактор болғанын ескерсек, Молдағали Жолдыбаевтың да басылымға жетекшілік еткен сегіз айының әр күні аласапыран уақыттың тынбай соққан долы желіне кеудесін тосумен өткенін түйсікпен-ақ түсінуге болатындай...
Суретте: «Еңбекші қазақ» газетінің редакциялық алқасы. Солдан оңға қарай: Аманғали Сегізбаев, Кенжеғали Ғабдуллин, Молдағали Жолдыбаев, Нәзипа Құлжанова, Сәкен Сейфуллин, Таутан Арыстанбеков, Сәбит Мұқанов. Орынбор қ-сы. 1923-1924 жж. ҚР Президентінің Архиві. 896 қ., 1 т., 3837 іс.
АЛМАТЫ