Баспа базарына еркін еніп, толымды да татымды еңбектерімен көпшілік көңілінен шығып жүрген тамаша азамат, бұл күндері ер жасына жетіп отырған білікті баспагер Нұрлан Исабеков жетекшілік ететін астаналық “Фолиант” баспасының игілікті істерінің бірі – “Менің Отаным – Қазақстан” сериясымен жарық көріп жатқан кітап-альбомдар. Көркем безендіріліп, еліміздің әр өңірінің тарихы, табиғаты, тағылымды тұлғалары туралы тереңнен тартып сыр шертетін бұл сериямен осыған дейін Қуаныш Ахметовтің “Ұлытау”, Сырым Бақтыгереевтің “Ойыл”, Сайлау Байбосынның “Ерейментау”, Еркін Қыдырдың “Отырар” атты елеулі еңбектері шықты. Жақында бұл серияны қазақтың көрнекті жазушысы Қалаубек Тұрсынқұловтың “Қазығұрт” атты кітап-альбомы (демеушісі – Бекет Тұрғараев) толықтырды. Біз бүгін оқырман назарына сол кітаптың алғысөз мақаласын ұсынып отырмыз.
Бір жолы кабинетіме Қуаныш Ахметов келді. Бойы да, сойы да келіскен, жігіттің жайсаңы дейтіндей, ақтарылған ақкөйлек азамат еді. Әйтеуір қазаққа болсын деп күйіп-пісіп жүретін, сөйтіп жүріп жанып та кетті. “Фолиант” баспасы “Менің Отаным – Қазақстан” деген сериямен еліміздің айтулы өңірлері туралы кітап-альбомдар шығаруды қолға алып, соларды жазатын, құрастыратын авторларды ойластырып жатқан көрінеді. Қуаныш өзі “Ұлытауға” кірісіп кетіпті. “Сіздің Қазығұртта туғаныңызды білген соң әдейі келіп отырмын, Қазығұрт туралы кітапты сіз жазсаңыз”, дейді. Жауабымды бірден айттым. “Күндіз әріп түзетіп, түнде қаріп күзетіп, жанды жалдап, жанығып жүрген мына жұмыста ондай үлкен шаруаға уақыт таба алмайтын шығармын. Тіпті уақыт тапқанның өзінде мұны менен артық атқарып беретін адам бар”, дедім. “Ол кім?” – “Ол – Қалаубек Тұрсынқұлов. Қаламгерлігінен де, қайраткерлігінен де хабардарсыз. Әрі Қалекең аудан туралы энциклопедиялық сөздіктің бас редакторы болған кісі. Қазығұрттың кешегісін де, бүгінгісін де Қалекеңнен артық білетін адам жоқ, ал тапсырылған іске жауаптылығын жазушы ағайынға айтып жатудың өзі жөнсіз болар”. Қуаныш сол сөзге тоқтады.
Қалекеңмен хабарластым. “Ондай сериядан Қазығұрт туралы кітаптың жоспарланғаны қай жағынан да жарасымды екен. Біраз зерттегенім рас, біраз жазғаным рас, әлі талай деректерім бары да рас. Тек...”, деп сәл үнсіз қалды. “Тек... денсаулығы құрғырдың сыр беріп жүргені, денсаулығым жараса болды, бұл өзі перзенттік парыз ғой”, деп бір қойды. Жетпістің жотасына шыққан адамның ауық-ауық денсаулықты ауызға алып тұратынын сөздің салтындай көріп, онша мән бермедім. “Қалеке, кірісіңіз осыған, Құдай қуат берсін, жазып шығасыз, мәтін сізден, қалған ұйымдастыру шаруасының бәрі бізден болсын”, дедім. Келістік.
Міне, сол кітап қолыңызда тұр, ардақты ағайын. Тек өзекті өртейтін бір өкініш бар – бұл альбомды оның авторы, қазақтың қабырғалы қаламгері, ұлтымыздың асыл азаматтарының бірі Қалаубек Тұрсынқұлов қолына ұстай алмайтыны. Қолжазбаны баспаға тапсырып үлгерген ағамыз ұзақ жылдар бойы қажытқан аурудан ақыры айыға алмай, өмірден өтіп кете барды. Тағы бір перзенттік парызын өтеп барып аттанды арамыздан.
“Қазығұрт” – туған жер туралы тағылымды толғау. Осынау аты аңызға айналған киелі жердің қадір-қасиетін айшықты ашып беретін толымды туынды. Автор Қазығұрттың жерін де, елін де, ерін де зердемен зерттеген, өнегелі өрнектермен келісті кестелеп берген. Өңірдің табиғи ландшафтынан, жан-жануарлар әлемінен, өсім-діктер дүниесінен бастап, жер бедеріндегі әр атаудың ономастикалық оюынан тартып, олардың солай қойылуының жай-жапсарын жіліктей шағып, аңыз-әфсаналармен әдемі астастырып отырады. Бұл еңбектің беттерінен сіз Қазығұрттың төсінде небір ғажайып оқиғалар болып өткеніне нақты деректер, ғылыми кітаптарға сілтемелер арқылы көз жеткізесіз. Атап айтқанда, Кир патшаның, Александр Македонскийдің Азия жеріне жорықтары кезіндегі шешуші шайқастардың осы Қазығұрт өңіріне қатыстылығын нанымды дәлелдей алған. Ал Истеми қағанның Византия елшісі Зе-мархты осы таудың баурайында қабылдағаны, Шыңғыс хан мен Әмір Темірдің, Шайбан әулетінің, Қазақ хандығының көп-көп тарихы Қазығұртпен байланысты екендігі қолмен қойғандай көрсетілген. Бұл арада автордың “Қазығұрт” топониміне орай: “Осы атаудың этимологиясын зерттеген ғалымдар мен оқырмандардың көптеген болжамы бар. Солардың бірі әрі көңілге қонымдысы “қазы” және “құрт” деген екі сөзден шыққан деген болжам. “Қазы” деген атаудың лауазымды кісіге ғана қолданылатыны соңғы кездерге дейін қазақ тілінде жиі кездесіп келді. Тіптен, қазір де қолданылады, мысалы, әділқазылар алқасы. Ал “құрт” атауы көне түрік тілінде “қасқыр” деген мағынаны білдірген деп тұжырымдайды шығыстанушы ғалымдар. Егер осы тоқтамға жүгінер болсақ, “Қазығұрт” деген сөз “Киелі қасқыр” немесе “Билік жүргізуші, басшылық жасаушы қасқыр” деген мағынаға жақындайды. Ал көне түркі халқындағы тотемдік ұғымдардың ішінде ең алдымен қасқыр аталатынын еске алсақ, осы ойымыз бұдан да нақтылана түседі” (67-бет) дегеніне толықтыру ретінде мына ойды ортаға сала кеткіміз бар.
Біздіңше, “Қазығұрт” атауының түп-тамыры тым тереңде болуға тиіс. Оның прототүркілік нұсқасы “Қаңғұқ-урт”, яғни қуыс (шұңқыр, үңгір) жұрт, басқаша айтқанда, “Ұлы құрсақ” екендігіне қарасақ та, Қазығұрт тауының алыстан алып қайыққа ұқсайтынына зер салсақ та, “қаңғұқтың” “қайұқ”, яғни “қайыққа” келетініне, ал “қадзұқ-урт” транскрипциясының “қазық жұртқа” жақындығына көңіл бөлсек те талай ойға қаламыз. Басқаша айтқанда, Қазығұрт адамзаттың орасан апаттан кейін қазық қаққан жұрты болып шығады. Оған жанаса тұрған жерге арғы бабаларымыздың Ілінгір (Ленгер) деп ат қоюында да мән бар: Нұқ пайғамбар кемесінің ілінгірі (якорь) сол жерге түскен... “Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса неге қалған” деп келетін бағзы жыр баршаға белгілі. Нұқ пайғамбар кемесінің осы таудың шыңында тұрып қалуына байланысты айтылатын аңызды автор жеріне жеткізе, әсерлі әңгімелеген. Бұл ара, әрине, Жер бетін сондай топан су расында қаптады ма, Нұқ жасаған кеме қай таудың басына қайырлады деп жататын тұс емес. Мұның ұшығына арғы-бергідегі бүкіл әлемнің ғалымдары шыға алған жоқ. Аңыздағыдай 40 күн жаңбыр жауса да сонша су жиналмайды, Нұқ пайғамбар жан-жануар, жәндіктердің 40 мың түрінен жұп-жұбымен алғанда кеменің көлемі кем қойғанда 198 900 текше метр болуға тиіс еді дегендердің сөзін де, Құран-Кәрімдегі: “Кеме әл-Жуди тауының үстіне келіп тоқтады” деген сөзге қарап, біздегі бір авторлардың: “Әл-Жуди Тибет таулы қыраты болуы мүмкін. Қазақ шежірелерінде Нұқтың кемесі Қазығұрт тауына жетіп тоқтаған деген аңыз шындыққа жатпайтын сияқты, өйткені оның биіктігі Тибет тауларынан төрт есе төмен”, деп жазуын да келтіріп жатпайық. Құдайдың құдіретіне шек жоқ, демек, бұл аңызға шәк жоқ.
Мәселе басқада. Мәселе – ежелгі бабаларымыз санасының әлемді жапқан топан су туралы классикалық мифке үн қосқан сұлулығында, саралығында, дүниенің жаратылысына, адамзаттың жер-жаһанға таратылысына қызыққан, соны өзінше түсіндірген даралығында. Топан су, Нұқ кемесі жайындағы аңыздың алғашқы нұсқасы Месопотамияда шығып, Грекиядан Үндістанға дейінгі талай елге, Кубаға, Бразилияға, Океанияға жетуіне қарасақ, Конфуцийге дейінгі қытай мифологиясында осындай кепті бастан кешкен Ну Уа (Ной, Нұқ) туралы айтылатынына назар аударсақ, қазақ мифологиясының әлемдік сарындар ауанынан айнымайтынының өзі тәнті етеді. Тіпті кейбір ғалымдарымыз: “Үндіарийлер өздерінің топан су туралы мифтерін прототүркілерден алып, өз талаптарына сай өзгерткен болып шығады”, деген пікірлер де айтып жүр.
“Қазығұрт” кітабындағы тағылымды жайдың бірі ғана бұл. Киелі жердің кешегісі мен бүгінгісі жөнінде егжей-тегжейлі әңгімелеген, әсем безендірілген кітап-альбом – Қазығұрт өңірінің тамаша шежіресі. Кітапты оқып шыққан адам бар қазақтың баласы Қазығұрт атын айрықша ардақтайтынының сыр-себебіне әбден қанығады, бір ғана өңірінің өзінде осынша тағылымды тарих тұнып тұрған туған елін бұрынғыдан да қадірлей түседі.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ.