01 Тамыз, 2019

Дарынды жастарға даңғыл жол ашқан

355 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Зерен-2019» республикалық жастар білім беру жазғы лагерінің үшінші ауысымы жабылды. Бірден айта кетелік, бағалы бастама баянды болды. Жылт еткен жаңалыққа жаны құмар талапты жастардың өрісіне кең жол ашты. Лагерьдің жабылу рәсіміне Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Дарынды жастарға даңғыл жол ашқан

«Зерен» республикалық жастар білім беру лагерінің кең ауқымды жұмысы 3 ауысымда ұйымдастырылды. Алғашқысы «digital-ұрпақ» деп аталды. Мұнда еліміздің барлық өңірінен келген жастарға цифр­лы заманауи озық технологиялармен жұмыс жайлы дәрістер оқылды. Екінші ауысым – «жаңғыру трендтері». Бұл ке­зеңде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» ма­қаласынан туындайтын асқаралы мін­дет­терді жүзеге асыру жайы көзделді. «Бизнес сиқыры» деп аталған соңғы ауысым жастар арасында кәсіпкерлікті дамытуды мақсат тұтты.

 Үш маусым ішінде азаматтық қоғамды дамыту, кәсіпкерлік дағдылары, «жасыл» және «креативті» экономика, жаңа медиа сынды төрт бағыт бойынша жұмыс істеген қатысушылар өздерінің жобаларын жетілдіру үшін тәлімгерлерден дәріс алып, тәжірибе жинақтады. Жастар жылы аясында осындай шаралардың ұйымдастырылуы маңызға ие екендігін атап өткен Асхат Аймағамбетов.

– TIMSS орталығының зерттеуінше, біздің академиялық біліміміздің көрсеткіші жақсы. Ал PISA көрсеткіші бойынша, яғни сол білімді қолдану жағынан соңғы орындардың біріндеміз. Бұл алған білімді тәжірибеде қолдануда үлкен олқылық бар деген сөз. Сол себепті Елбасымыз мектеп бағдарламаларын жаңартуға ерекше көңіл бөлуді тапсырған болатын. Бұл жұмыс – сол олқылықтың орнын толтыру әрі Жастар жылында жас таланттарды қолдау барысындағы бірегей ауқымды шара, – деді.

Бүгінгі таңдағы білім саласындағы өзекті мәселелерге тереңірек тоқталған Білім және ғылым министрі осы саладағы реформаға да кеңінен тоқталды. Оның пікірінше, мектепте, балабақшада, жалпы білім саласында өзгеріс болуы заңды. Қазір болашақта қажетті мамандарды тәрбиелеуге ұмтылуымыз керек. Өйткені әлем адам танымастай өзгеріп жатыр. Сондықтан білім саласы бұрынғы қалпында қала алмайды. Мәселен, биылғы бірінші сыныптың есігін ашқан балалар мектеп бітіргенше мамандықтардың жартысы өзгеріп кетуі мүмкін. Сөз түйінін осылай өрген министр саладағы салмақты жайттар туралы дәлел де келтірді.

– Балалардың дамуына бүгіннен бастап көңіл бөлген жөн, – деді министр, – балабақшаға жұмсаған 1 доллар жеті есе болып қайтады. Ал мектепке жұмсаған қаражат төрт есе болып оралады. Міне, осындай есеп бар.

А.Аймағамбетов өз сөзінде қазір ақпарат заманы екендігін еске салды. Ендігі арада жадыңа қанша ақпарат тоқығаның есеп емес. Мәселе, сол ақпаратты қалай пайдалануыңда. Бүгінгі заманның адамы мен білімдімін, болдым-толдым деп айта алмайды. Білім күн сайын еселей толықтырылуы керек. Сол толықтыру осы лагерьден бастау алып жатыр.

Сөз арасында айта кетелік, лагерьдің үш ауысымы да шілде айында өткізілді. Оған Қазақстан, Иран, Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Түркия, Әзербайжан және Қырғызстан елдерінен 200-ге жуық жас келіп, білікті білім жорығындағы өмірлерінің ең бір мазмұнды да қызықты сәттерін өткізді. Тиімділігі елең еткізген, қажеттілігі анық 15 үздік жоба анықталды.

Әр күн сайын жастар алдында танымал спикерлер сөз сөйлеп, өздерінің оралымды ойларын, толымды пікірлерін ортаға салды. Жаңа заман иелері жас толқын қоғам дамуының, замананың қарышты қадамынан шет қалмауы тиіс. Келер күндердің көкжиегін тек білім, жарқын жаңалық қана нұрландыра алмақ. Вице-премьер Гүлшара Әбдіқалықова, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Президент кеңесшісі Ерлан Қарин, кәсіпкер, Kusto Group-тың негізін қалаушы және қосалқы иесі Еркін Тәтішев, әйгілі альпинист Мақсұт Жұмаев, белгілі кәсіпкер Тимур Құдайбергенов тәрізді тұлғалар өз тәжірибелеріне, білім біліктеріне сүйене отырып, жастарға сара жол сілтеді.

Әр ауысымда дарынды жас­тар қазылардың назарына өздерінің біре­гей жобаларын ұсынып, әр маусым же­ңім­паздары анықталып отырды. Үшінші мау­сымның жеңімпаздары «Зерен-2019» лагерінің жабылу салтанатында марапатталды.

Осы маусымның үздіктері қатарында «In Data», «Umit App», «Happy Project», «Helthy life» және «ZhanAru» топтары аталды. «ZhanAru» қоқысты бөлек-бөлек жинайтын CityBox автоматтандырылған жүйесін жасау және «Easy Kazakh» цифр­лы сегментте қазақ тілін дәріптеуге бағытталған әлеуметтік коммерциялық жобалары ерекше көзге түсті. Жобаның аясында қазақ тіліндегі оқу материалдарының тиімділігі мен сапасы артпақ.

Әр ауысымда 200 қатысушыдан болған «Зерен-2019» лагерінің жалпы жүлде қоры 15 миллион теңгені құрады, сонымен қатар «бизнес-періштелер» қосымша қаражат бөлді. Үздік жобалар осы деңгейді місе тұтпай, өз жұмыстарын шығармашылықпен дамытпақ. Бағалы бастаманың талапты жасқа тиер шарапаты да сол. Алдағы уақытта дарынды жастың алдынан даңғыл жол ашылып, ойға алған ісін оңынан оралтатын күн туады.

 

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan»

Ақмола облысы