Осы аптада Астана төрінде Бокс федерациясының ұйымдастыруымен екі күнге созылған байрақты бәсеке өтті.Бұған дейін елімізде өткен халықаралық турнирлерге осыншама мән берілгенін көргеніміз жоқ десек, артық айтқандығымыз емес. Мұны алдымен Бокс федерациясының тізгінін Тимур Құлыбаевтың ұстағалы бері елімізде осындай бәсірелі бәсекелерді өткізуге, спорттың осы түрін дамытуға барынша назар аударылып жатқандығымен байланыстыруға болады. Сонымен бірге, соңғы кездері елімізде бокс сындарының қызықты және тартысты өтуіне ұлттық құраманың жаңадан жасақталып, оның басшылығына келген Мырзағали Айтжановтың былғары қолғап шеберлерін түрлі бәсекелерге қатыстырып, олардың жүлденің неше түрлерін қанжығасына байлап әкеліп жатқандығының да өзіндік себебі бар десек қателеспеспіз.
Ал енді осы жетіде Астана төрінде екі күн бойы керілген шаршы алаңда өткен айқастарға келер болсақ, бұл турнирге бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан мен Украина құрамалары қатысып, АИБА ережесі бойынша 11 салмақ дәрежесінде қолғап түйістірді. Бұл бәсеке олимпиалық жүйе бойынша өтті. Онда екі жұпқа бөлінген төрт команда турнирдің алғашқы күні бір-бірімен кездесіп, содан кейін қарсыластарын ұпай саны бойынша жеңген құрамалар келесі күні өзара күш сынасты. Сөйтіп, бірінші күнгі айқаста Әзірбайжан мен Өзбекстан, Украина мен Қазақстан командалары кездесті. Бұл сында ала тақиялы ағайындар Қап тауының етегінен келген қонақтарды 7:4 есебімен жеңсе, алаң иелері Украина боксшыларын 10:1 есебімен тізе бүктірді.
Ал екінші күні үшінші орын үшін өткен айқаста Украина шеберлері қазақ боксшыларына жіберген есесін Әзірбайжан құрамасынан қайтарды. Есеп – 6:5. Осы күні турнирдің жеңімпазын анықтау үшін болған сын аса қызықты және тартысты өтті. Бұл жекпе-жектерде отандастарымыз бір ғана салмақ дәрежесін есептемегенде шаршы алаңға өзбек елінің үмітін арқалап шыққан боксшылардың бәрін ұтты. Қорытынды есеп – 9:2. Мұнда Біржан Жақып (48 кг.), Мирас Жақыпов (51 кг.), Данияр Төлегенов (54 кг.), Думан Әлімов (57 кг.), Айдар Әмірзақов (60 кг.), Бақытжан Қожабеков (69 кг.), Алмат Серімов (81 кг.), Василий Левит (91 кг.) өз салмақ дәрежелерінде айқын басымдылық танытса, аса ауыр салмақта айқасқан Руслан Мырсатаев қарсыласын нокаутпен жеңді.
Сөйтіп, екі күнге созылған турнирдің қорытындысы бойынша Думан Әлімов бәсекенің ең үздік боксшысы атағына ие болды.
Дастан КЕНЖАЛИН, Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.