Қазақстан • 02 Тамыз, 2019

Букмекерлік кеңселер болашағымызды бүлдіреді

2143 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бүгінде еліміздің қай қаласына барсаңыз да алдыңыздан букмекерлік кеңселер самсап шыға келеді. Әрине, бизнестің бұл түрі мен қызметінің заңдық-құқықтық негізі бар. Тіпті аталған құрылым иелерінің мүдделерін қорғайтын арнайы қауымдастық та құрылған екен. Букмекерлік кеңселердің әлеуметке тигізетін пайдасы қандай? Қорғасындай салмақты сауалға біржақты жауап қайтару оңай емес секілді. Рас, рес­публикамызда шағын және орта бизнесті қолдауға қатысты нақты шаралар белгіленген. Мұндағы мақсат айқын. Яғни осы арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, мемлекеттің салықтық әлеуетін көтеру көзделген.

Букмекерлік кеңселер болашағымызды бүлдіреді

Букмекерлік кеңселер осындай асқақ, әлеуметтік міндет­ті атқара ала ма? Мүмкін, арнайы лицензиясы алынған әрі тір­кел­ген бизнес орындары мем­лекет қоржынына кіріс, табыс түсі­руі тұрғысынан келгенде қажет те шығар. Әйтсе де ме­даль­дың екі жағы бар деген­­дей, мәселені екінші бір қы­ры­­нан қарастырғанда құмар ойын­­­дардың бірі саналатын әрі бәс тігіп ойнауға жағ­дай жасайтын букмекерлік кеңсе­лер қызметінің әлеуметтік-тұрмыс­тық тұрғыдан тигізетін теріс әсері де аз емес.

Әрине, кіріс пен пайда, салық түсімдері қай кезде де қажет. Ай­тайын дегеніміз, Ақтөбе қа­ла­сындағы қоғамдық кеңестің өкілдері салықшылардың есеп­терін сараптай отырып, осы тектес мекемелерде қалыптасқан ахуал­ға тиісті талдау жүргіз­ген. Сол кезде бұлардың көпші­лігі белгіленген заң талаптарын белден басып, тіркелмей әрі рұқсат алмай-ақ өз бизнес­терін жүргізіп келгені анықтал­ды. Мұндай жағдайда бюджетке кіріс келтіру тура­лы әңгі­ме қозғаудың өзі ар­тық секіл­ді. Мұндай әлеуметтік мәні бар мәселеге қозғау сал­ған «АқтөбеМұнайГаз» АҚ жа­нын­­­дағы Nur Otan  партия­сы бас­­тауыш ұйымының төр­ағасы, қоғамдық кеңестің мү­шесі, Nur Otan партиясы Ақтөбе облыстық филиалы пар­­тия­­лық бақылау комиссия­сы төр­ағасының орынбасары Абай Сақтағанов болып отыр. Оның букмекерлік кеңсе­лер төңі­регінде қалыптас­қан түйт­кілдерге зер салып жүргеніне үш жылға жуықтапты. Ол содан бері көп жайды көңіліне түйіпті. Қоғам­да кереғар көзқарас туғы­зып жүрген мәселеге қатыс­ты бір­қатар деректерді мұқият жи­нақ­тапты. Егер оны оқырман­дар назарына ұсынсақ, нақты картина төмендегідей болып шығады.

Ақтөбе қаласы бойынша кіріс­тер басқармасынан алған дерек­ке сүйенсек, 2018 жылы Ақтөбе қаласы аумағында 41 бук­ме­керлік кеңсе ресми түрде тір­келген. Ал басқарушы ком­пания­­ларда жинақталған мәлі­мет бұдан өзгеше. Онда қалада 68 ойын биз­­несі жұмыс істеп тұрғаны көр­сетіл­ген. Сонда бұ­лар­дың 28-і заңсыз табыс тап­қан болып шықпай ма?

Сондай-ақ партия белсенді­сінің айтуынша, 2019 жыл­дың алғашқы айларында ресми түрде тіркелген букмекерлік кеңселер 6-ға азайған. Бұл тәуір дерек секілді көрінгенімен, басқарушы компаниялар қалада заңсыз тіркелген 78 бәс тігу орны бар екенін алға тартыпты. Бұл 41 букмекерлік кеңсе және ойын терминалдары тасада қалып жүргенін көрсетпей ме? Қандай дерекке де дәлдік әрі шындық керек. Сондықтан да қазір Ақтөбеде қоғамдық кеңес мүшелері салыстырмалы талдау жүргізу үшін уәкілетті органдардан алынған деректердің анық-қанығына көз жеткізу мақсатын қойыпты. Бұл ретте олардың тарапынан қала­дағы букмекерлік кеңсе­лердің нақты саны мен қызметін анық­тауға қатысты Ішкі істер басқармасына бірнеше рет сұра­ныс-хаттар жолданған. Алайда бүгінге дейін жергілікті құзырлы органдардан ешқандай жауап болмаған.

Елімізде қабылданған заң­на­ма­ларға сәйкес ресми түр­де тіркелген бұл букмекер­лік кеңсе­лерге қандай талаптар қойылған? Осы заң талаптары сақталып жүр ме? «Ойын бизнесі туралы» заңның 11-бабына сәйкес ойын мекеме­­лері, соның ішінде букмекерлік кең­селер тұрғын үй аумақтары мен білім беру орындарынан қашықта орналасуы тиіс. Әйтсе де Ақтөбе қаласында заңның осы бабы сақталып отыр деп айтуға ауыз бармайды. Көп жағдай­да мұндай бизнес орындары­ның біршамасы тұрғын үйлер­дің төменгі жертөле бөлігінде орналасқан.

Солай бола тұра мұндай ны­сан­дарға «әй дейтін әже, қой дейтін қожа»  табылмай келеді. Ашығын айтқанда олар­дың тиіс­ті заң шеңберінде жауап­қа тартылу тұтқалары бар. Айта­лық, Әкімшілік-құқық бұзу­шы­лық туралы кодекстің бірінші бөлігі 445-бабына сәйкес бел­гі­ленген заң талаптарын бұрма­лағандарға әкім­шілік хаттама толтырылып, айыппұл салу тәртіптері белгіленген. Алайда заңның осы тармағы орындалмай келеді.

Сондай-ақ жоғарыда аталған ойын бизнесі туралы заңда ойын ұйымдарының қыз­мет­кер­лері 21 жасқа жетпеген жет­кін­шектерге қызмет көр­сетуіне тыйым салын­­ған. Бұл тәртіптің де сақтал­май жүр­гені байқалып жүр. Пар­тиялық ба­қы­лау комиссиясының же­тек­шісі Абай Сақтағанов бұл ретте кәмелеттік жасқа толма­ған­дардың ісі жөніндегі поли­ция инспекторларының қыз­метін ширату қажет деп есептей­ді. Әрине бұл мәселеде түнгі уақыт­та балаларын бақылаусыз жі­бер­ген ата-аналар да тиісті жауап­керші­лік арқалауы тиіс. «Егер осы бағыттағы жұмыстар өз дең­­­гейінде болса, біз келешек ұр­­­пақ­тың болашағына теріс әсері мен ық­палын тигізетін зиян­ды әдет­тер­ден арашалап қала аламыз», дейді ол. Сондай-ақ оның ойын­ша, букмекерлік кеңсе­лер мен әртүрлі ойын тер­миналдарына қат­ысты қалып­тасып отырған проблемаларды шешу кешенді сипат алуы қажет. Бұған әртүрлі дең­гейдегі мәслихаттар мен Пар­ламент де­путаттары да үн қо­сып, мәсе­ленің оң бағыт алуы­на өз үлес­терін қосатын бол­са, ар­тық­тық ет­пес еді деп тү­йін­деді ойын Nur Otan партиясының өкілі.

Ойдан ой туады. Айталық, бұған дейін еліміздің барлық өңіріндегі казинолар Қапшағай мен Шучье қаласына көшірілгені мәлім. Ақтөбедегі зиялы қауым өкілдерінің мәлімдеуінше, салыстырмалы түрде казино ойын­дары орта жастағы адам­ның даму үрдісіне айтарлықтай теріс әсерін тигізе алмайды. Өйт­кені оған келетіндердің дені жігіт ағасы жасының о жақ, бұ жағындағы, табысы жеткілікті адамдар.

Ал букмекерлік кеңсеге кез келген жастағы балалар мен жасөс­пірімдер, тіпті бастауыш мектептердегі оқушылар бас сұға алады. Мұның қауіптілігі де осында. Олардың қалтасында айтарлықтай мол ақша бол­майтыны түсінікті. Азын-аулақ тең­гесі мен табысын бәс тігуге жұм­сап, одан ұтылған жа­стың көңіл күйі өзге­ріп, әртүр­лі пси­хологиялық дерт­ке ұшы­рауы да мүмкін. Ең қауіп­тісі, мұн­дай шеңберге кіре­тін жастар қатары­ның аса ауқым­дылығы әрі бук­мекерлік кеңсе қыз­меті мен әртүрлі ойын терминал­да­ры­­ның кез келген жастағы қо­ғам мү­шелеріне қолжетімді екен­дігі. Ендеше мұндай дерттің алдын алу қажеттігі де айқын көрінеді.

Біз бұған қандай жолмен қол жет­кізе аламыз? Бұл үшін ең алдымен атал­ған бизнес құ­ры­лымдарына лицензия беру тәр­тібі мен талаптарын күшейту қа­жет. Сондай-ақ ойын терми­нал­дары мен клубт­арының жұ­мыс күнін шектеу қа­жет­­тілігі де айқын көрінеді. Осы орайда бук­мекерлік кеңселердің тәулік бойы, яғни 24 сағат есіктері ашық тұратынын айта кеткен жөн. Сонымен бірге лицензия­сы жоқ заңсыз, жасырын жұмыс істейтін ойын мекемелері анықталған жағдайда олард­ың қызметтерін тоқтату ісі де қоғам мүшелерінің ортақ парызына айналғаны жөн секілді.

Казинолық ойын алаңдары мен бұйым­дары Қапшағай, Шучье қалаларына көші­рілгені секілді, құмар ойындар биз­несі­нің бір түрі, оның «жиені» іс­пет­тес, букмекерлік кеңселерге қатыс­ты да осындай шешім қабыл­дау­­дың қажеттігі бар ма? Мұн­дай қадам жасалған жағдай­да аталған ойын бизнесіне тәуел­ді болып қалғандар саны кемиті­ніне кепілдікті кім береді? Қалай дегенде де бүгінде букме­кер­лік кеңселердің қызметіне ашықтық пен жариялылық қажет екендігі ешқандай талас туғызбайды.

Сөз соңында қоғамның жас мүшелеріне тигізетін пайдасынан гөрі теріс ықпалы басымы­рақ букмекерлік кеңселердің қызметі республикалық телеарналардан жиі жарияланып жүргеніне қа­тысты да екі-үш ауыз ой-пі­кі­рімізді ортаға тастағымыз келе­ді. Мәселенің мәнісі мынада. Тәу­бе, елімізде футбол ойындарын теле­ди­дардан тамашалайтын спорт­тың осы түрінің жана­шыр­­лары мен жанкүйер­лері жет­кі­лік­ті. Осы матчтар көр­сетіл­ген кезде, яғни ойынның ара­сын­­да­ғы үзілістерде «Олимп» және «Па­ри­матч» букмекерлік кеңсе­лері­­нің жарнамалары жарқ етіп шыға келетінін қолдай алар ма екенбіз?!

Орыс халқында «кто платит, тот заказывает музыку» деген сөз бар. Сол секілді сол күнгі теледидар бағдарламасының демеушісі аталған букмекерлік кеңселер­дің иелері болуы себепті, олар өз жарнама­ларын ашықтан-ашық әрі тікелей жария­лауға құқылы. Өз кезегінде бұл жарна­маны ел-жұрт, соның ішінде елдің жас қауымы, яғни оқушылар мен жеткін­шек­тер көретіні әрі еститіні анық. Осы жайт­тарды ескерсек, аталған жарнама құ­лақ­тары­на кірген кәмелеттік жас­қа жетпеген­дер бұдан соң бук­мекерлік кеңселердің алдын бермей жүрмесе болғаны да.

Міне, құмар ойындардың бір түріне ұйықтай тартып, ашық та жасырын биз­нестің табанын қыздыра алатын бук­мек­ерлік кең­селер қызметінің зияны осын­дай. Сіз бұған не дейсіз?

 АҚТӨБЕ