Аймақтар • 02 Тамыз, 2019

Жөнделді деген құр аты

492 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тәжірибелі құрылысшы Сергей Тимофеев жергілікті маңыздағы жолдарды қалпына келтіру мәселесін жиі көтеріп жүр. 

Жөнделді деген құр аты

 Жуырда облыстық мәсли­хат­тың кезекті сессиясында тағы да сөз алып, ауылдарға қаты­найтын жолдардың сапасы мүл­дем сын көтермейтінін ашына әңгімеледі. Былтыр Меңгесер, Бексейіт елді мекендері бағы­тын­дағы жолдарға «Гегарт» ЖШС күрделі жөндеу жүр­гіз­генімен, биыл жарамсыз болып қалғаны жайлы ре­ніш­тер көп. Арыз-шағымдар про­ку­ратураға жолданғанымен, нақты ықпал жоқ. Сол сияқ­ты Возвышенка-Золотая, Нива-Молодогвардейское ауыл­да­ры­ның жолы да таз қалпына қайта түсті, деді ол мән-жайды бүк­пе­сіз баяндап.

Оның шыр-пыр болатын жөні бар. Тек биылдың өзінде 700 шақы­рым жолды қалпына келтіруге 37 миллиард теңге бөлінген. Мердігерлерге сеніп тап­сырылған мемлекеттік іс асығыс-үсігіс атқарылса, қо­мақ­ты қаражат желге ұшып кетпей ме деген қауіп басым. Өйткені компания басшылары жылда олқылықтарға жол бергенімен қатаң жауап­кер­ші­лік­ке тартыла бермейді. Көбіне ескерту, сөгіс секілді жеңіл-желпі жазалармен құтылып ке­теді. Техникасы, адам кү­ші аз ұйымдар мем­ле­кет­тік сатып алу конкурстары­на қатысып, тендерлерде же­ңім­­­паз болып шыға келетіні таң­­­­­дандырмай қоймайды. Екін­­шіден, шамадан тыс жүк тиел­­ген көліктерді бақылау жайы бетімен жіберілген десе де болады. Арнайы комиссия Мамлют, Аққайың, Қызылжар аудандарында тексеру шараларымен айналысып, көптеген кемшіліктерді тізген. Асфальт жабындысы жарылып, ойдым-ойдым шұңқырлар пайда болған. Жол үстіне қайтара төсел­ген асфальт-бетонның қа­лың­дығы­ талапқа сай емес. Мердігер компания­лар атал­ған олқылықтарды жою­ға мін­деттелгенімен, қа­шан кірі­сері белгісіз. Сол сияқты Петропавл-Ташкентка-Бар­нев­ка-Долматово жолдары сапа­сыз­дық салдарынан асфальт жабындысы жарылып кеткен. Мұндай кемшілік Жезқазған-Петропавл бағытындағы күре­жол бойында да тіркелген.

«Петропавл-Қорған» ба­ғы­­тындағы тасжол Ресейдің Но­восібір, Челябі қалаларын да байланыстырып, өңірдегі ұзын­ды­ғы 60 шақырымды құрайды. Өткен ғасырдың жет­пі­сінші жыл­дары шекаралық аймаққа қарай тартылған тас­жол­дың әб­ден тозғаны еске­ріліп, «Нұрлы жол» бағдар­ла­масы шеңберінде осыдан екі жыл бұрын жаңғырту жұ­мыс­тары басталған болатын. Мердігер компания қиыршық тастарды Көкшетаудан, битумды Павлодардан жеткізеді. Асфальт Қызылжар ауданы Петерфельд елді мекенінде орна­­ласқан қуаттылығы 350 тон­на­лық екі асфальт-бетон зауы­тын­да әзірленеді. Алайда асфальт жабындысының сапа­сы­­на қатысты талаптар мен нор­ма­­тивтердің қатаң сақ­тала бер­мей­тіні арагідік ай­ты­­­лып жүр. Оның бір себебі, тек­серулердің көбі­не ішкі сараптамалық зерттеу­лер­мен ғана шектелетініне ке­ліп тіре­ле­ді. Ауыр салмаққа төзім­ді­лігін анықтау жағы да басты назарда ұстала бермейді.

Бір үміт – «Жол активтері сапасы ұлттық орталығы» рес­публикалық мемлекеттік меке­ме­сінің жергілікті бөлімшесінде. Жаңа құрылым облыстық және аудандық маңызға ие жолдардың сапасына да зертханалық сараптама жасаумен айналысады. Атқарушы билікпен жасалған келісімшартқа орай жөндеу жұ­мыстары мемлекеттік стан­дарт талаптарына сәйкес­тен­діріліп, техникалық мүм­кін­дік­термен қатар қоғамдық талап та күшейтілмек. Ең бас­тысы, құрылыс материалдары зертханалық тексеріс жүр­гізілгеннен кейін ғана қол­данылады. Сонда сапа­лы тө­сел­ген асфальт кемі 15-20 жылға дейін шыдас береді. Мекеме жылжымалы зертханамен жаб­дық­талса, инновациялық технологиялар енгізілсе, көш­пе­лі тексерулерді жүйелі түрде ұйым­дастырар едік, дейді мамандар.

Әзірге қолдағыны қанағат тұтып, жыртыққа жамау тақ­қан­дай лаждай тұруға тура келеді.

 Солтүстік Қазақстан облысы