02 Тамыз, 2019

Той жарыс

2839 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Той жарыс

Қазір той көп. Өткенде аста-төк дас­тарқан басында аты алты Алашқа мәлім бір ағамыз тік тұрып тілек айтты. «Қазақ шаршаса тойдан шаршасын, тәңірім халқымды осындай дыр-думаннан айырмасын». Ел оған ду да ду шапалақ ұрды кеп. Бұл әрине, шала масаң, тоқ халықтың нәпсі қалауына дөп тиген сөз. Бұрын байқамаппыз, қазіргі той – бәзбір пенделер үшін көңіл көтеру құралы екен. Яғни, тойдағы топалаң адамды уайымнан арылтады. Сонда Абай атамыз «Уайым-қайғыны орынсыз күлкіменен азайтпа, орынды қарекетпен азайт» деп білмей айтты ма?!

Төтелеп айтар болсақ, бүгінгі тоқшылық айда батырлатып, алды-артымызға қаратар емес. Күллі қазақ даласы бейнебір той жарысқа түскендей. Біреу айтар, тойда тұрған не бар деп. Бірақ ондағы аста-төк, ағыл-тегіл ысырапты қайтесіз. Қазақ «судың да сұрауы бар» деді емес пе? Оны аз десеңіз Жаратушы ие өзінің үкім-сөзі Құран кәрімнің «Ағраф» сүресі, 31-ші аятында: «Ішіңдер, жеңдер бірақ ысырапқа жол бермеңдер! Расында Алла тағала ысырап қылушыларды жақсы көрмейді» деп, біз тәрізді осал құлдарына ашық ескертіп тұрған жоқ па?!

«Алланың өзі де рас, сөзі де рас...» деп Абай дана айтқандай Алла ешқашан өтірік айтпайды. Демек, біздің қазіргі ысырапшылдыққа жол беріп отырған той жарысымыз бір күні жасағанның қаһарын шақырмаса игі еді.

Өткен ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қазақ даласы дәл бүгіндей ас-тойдың буына бөленіп, асып-тасыды. Айталық революционер-жазушы Сабыр Шариповтың айтуынша, 1860 жылы Ұлытау өңірінде атақты бай Ерден Сандыбаевқа ас берілген екен. Оған Ақмола, Сырдария, Торғай облысынан адамдар шақырылған. Асқа 160 жылқы, 200 қой сойылған. Бірінші келген аттың бәйгесіне – 100 жылқы, екінші атқа – 50, үшінші атқа – 30, төртіншіге – 25, 5-9-шы орынға іліккен жүйріктерге – 20 жылқыдан, 10-15-ші орынға тұрақтағандарға – 7 жылқыдан, одан кейінгі 5 орынға – 5 жылқыдан, ас үстінде өлең-жыр айтқан ақын-әншілерге – 25 жылқы, барлығы – 620 жылқы, 200 қой жұмсалса, 1894 жылы бір басына 2600 жылқы біткен Қарқаралы уезінің байы Жаманбала Құрмановқа ас беріліп, оған 160 қой, 100 жылқы сойылыпты. Сол сияқты 1885 жылы округтың аға сұлтаны болған Мұса Шормановтың асында 150 үй тігіліп, 200 жылқы, 400 қой сойылған. Ат бәйгесіне 100 жылқы тігілсе, Ерейментауда өткен Сағынайдың асында жұмсалған шығын әйгілі Тәж Махал мавзолейін салуға жұмсалған қаржымен пара-пар түскендей.

Біз бұны неге айтып отырмыз. Жоғарыдағы алапат ас-тойлардан қазақ не ұтты? Ішті, жеді, мақтанды, мал-мүлкін ысырап қылды. Бес тиын пайда көрмеді. Қазақтың осы қылығын көзімен көрген Ахмет Байтұрсынов жарықтық, «Бұл жұрт той деп шашылды, ас деп шашылды, ар, білім деп дәулет шашарға қай қазақтың қайраты жетеді?!» деп күрсінсе, дін ілімінің шариғи үкім-құқын жақсы білетін Ғұмар Қараш атамыз «Япырмай, артық дүние тілеп, артық ысырап қылмаңдар – оның өтеуін төлей алмай қалмасаңдар игі еді» деп, мұндай жүгенсіз ысыраптың кешікпей жаза-сұрауы боларын біліп аһ ұрыпты.

Расында, көп кешікпей аста-төк ысырап­тың жаза-сұрауы болды да. Өйткені Алла тағала «Әнбия» сүресінің 9-шы аятында: «Ысырап жасаушыларды құрдымға жібереміз» дегені сияқты, жоғарыдағы желінбеген ас, төгілген тамақ, арада ширек ғасыр өткенде, яғни мешін жылы (1931) алдымызға жемтік болып тартылды.

Оқырман ренжімесін, бұл сөзді табалап емес, тарыққаннан айтып отырмыз. Тәңірдің бұйрығымен қиын-қыстау күндерден өтіп, ежелгі мекенде елдіктің туын көтеріп, егемен ел болып отырмыз. Қазіргі бұланайы бұлдырап, құндылығы құлдырап, атақты Мөңке би айтқандай: «Көлдің суы бітіп, табаны қалған, Аттың жүйрігі кетіп, шабаны қалған, Жақсының атағы кетіп, азабы қалған, Әулиенің аруағы кетіп, мазары қалған» немесе қазіргі көзі тірі шайыр Тыныштықбек Әбдікәкімовтің ««Ду-да ду ойнақ салып әлем-дүбір, Замана қозғап кетті-ау зәремді бір! Араммен ауызданған қансыз ұрпақ, Қазақы сөзді ұқпайды, өлең түгіл!» дегеніндей, дәл қазір қазақ еш қателесуге, Құдай қабыл көрмейтін істің жалына жармасуға әсте болмайды.

Той арқылы жарысып, басқадан озам деу үлкен қасірет. Абай атамыз 18-ші қарасөзінде: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деді емес пе?! Ендеше, қазақ баласы, той жарысты тоқтатып, ар мен ілім жарысына ұмтылсақ екен.