Қоғам • 02 Тамыз, 2019

Алматы тұрғындары күніне 1,2 миллион рет қоғамдық көліктерге отырады

489 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы әкімдігінде қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалық етуімен кеңес өтіп, онда қоғамдық көлікті дамыту және жол-көлік инфрақұрылымы мәселелері қаралды, деп хабарлайды шаһардың баспасөз қызметі.

Алматы тұрғындары күніне 1,2 миллион рет қоғамдық көліктерге отырады

Күн тәртібінде бірінші кезекте жылжымалы құрамдағы автобус паркін жаңарту қаралған. Күн сайын қала тұрғындары жұмыс күндері 1 ,2 миллионнан астам рет (демалыс күндері 800 мың) қоғамдық көліктерге отырады екен. Бірінші жартыжылдықта 180 миллионнан астам жолаушы тасымалданған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20% -ға көп.

Халыққа қызмет көрсету үшін күн сайын жол желісіне қоғамдық көліктің 1622 бірлігі шығады. Автобус паркі 80%-ға жаңарған. Биылғы жылы автобус паркін толықтай жаңарту жоспарланған.

Қала әкімі еңбек нарығының сұранысын ескере отырып, автопарктер үшін кадрлар даярлау жұмысын жүйелі және тұрақты жүргізуге айрықша назар аударды. Колледждер базалары негізінде жүргізушілер, слесарлар, механиктер дайындау қажет. Басты мақсат – сервис деңгейін көтеру.

Кеңесте қала сыртына қатынайтын жолаушылар тасымалын дамыту, троллейбус желілерін модернизациялау да кеңінен сөз болды. Жыл аяғына дейін Тимирязев көшесі бойында ұзындығы 5,1 шақырым болатын сым желісі ауыстырылады. Троллейбусқа қатысты барлық сым желілері мен трансформаторлы қосалқы стансалар жөнделеді, троллейбус паркі жаңарады.

Жиын барысында жол мен жолайрықтарын, бағдаршамдар нысандарын салудың барысы қаралды.

«Бұл шаралардың басты мақсаты – қалалықтарға сапалы көлік қызметін көрсету және жолаушы тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету», дейді қала әкімі. 

 

АЛМАТЫ