Жаңақорған ауданы бойынша 2987 отбасы, 17176 адамға ақшалай көмек түріндегі мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғанын атап өткен жөн. Сонымен қатар, аудан бойынша 268 отбасыға азық-түліктей көмек берілген.
Алдымен, аймақ басшысы көпбалалы ана Ж.Мұзафарованың үйіне барып, отбасының тыныс-тіршілігімен танысты. Өз кезегінде, көпбалалы ана мемлекеттің қамқорлығына зор ризашылығын жеткізді.
Сондай-ақ, Қуанышбек Досмайылұлы ауыл тұрғындарының қолдауымен, еріктілер тобының бастамасымен көп балалы жанұяға арналған жеке тұрғын үйдің құрылысын бастау рәсіміне қатысты.
«Жаңарған Жаңақорған Жастары» еріктілер тобы Елбасы бекіткен «Жастар жылы» аясында 2019 жылдың 20 наурызында Жаңақорған ауданында орталық мешіт, «Қум сахаба», «Хисамиддин Сығанақи» мешіті жанынан құрылған.
Айта кетейік, «Жаңарған Жаңақорған Жастары» еріктілер тобы қоғамдағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған және тұрмысы төмен отбасылардың еңсесін тіктеп, баспаналы болуына ұйытқы болып жүр. Олар асар әдісі арқылы дәстүрді дәріптей отырып, жоқ-жітікке пана болуды мақсат тұтып, шарасыз күй кешкен шаңыраққа демеу болып келеді. Атап айтсақ, өткен жылы аудан тұрғыны А.Исаметоваға 4 бөлмелі баспана салып берген, биыл 2019 жылдың 5 маусым күні жалғызбасты ана А.Беласароваға 4 бөлмелі тұрғын үй тұрғызып берді.
Ерікті жастардың негізгі мақсаты – «Мемлекет маған не береді?» деген масылдық психологиядан арылып, «Мен елім үшін не жасай аламын?» деген ұстаныммен ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосу.
Жастардың игі бастамасына аймақ басшысы да қолдау білдіріп, оң бағасын берді.