Әйелдер күресі Қазақстанға кештеу келді. Соған қарамастан жерлестеріміз күрестің осы түрін жетік меңгеріп, қысқа ғана мерзім аралығында бірталай биік белестерді бағындырып үлгерді. Әлем чемпионаттарындағы алғашқы табысқа біз 2007 жылы қол жеткіздік. Әзербайжанның бас шаһары – Бакуде өткен бәсекеде Елена Шалыгина (63 кило) күміс алса, Ольга Смирнова (55 кило) мен Ольга Жәнібекова (72 кило) қола медальды иеленді. Жалпыкомандалық есепте Жапония, Франция, Қытай және Болгариядан қалып қойғанымызбен, жиған ұпайлар саны жағынан Күншығыс елі аруларынан кейінгі екінші орынды олжаладық.
2008 жылы Токиода Жұлдыз Ешімова (48 кило) жасындай жарқырады. Беларусь, Грекия, Моңғолия және Қытай спортшыларын сан соқтырған ол финалда америкалық Кларисса Чунгеге есе жіберді. Нәтижесі – күміс медаль. 2009 жылы Данияның Хернинг қаласында Елена Шалыгина (63 кило) қола жүлдені қоржынға салды. Жартылай финалда жапониялық Мио Нисимакиге әлі жетпеді.
2010 жылы дәл сол Елена Шалыгина (67 кило) үшінші мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Мәскеудегі олжа – күміс жүлде. Жаңа салмақ дәрежесіне ауысқанына қарамастан өзін жақсы қырынан көрсеткен Елена канадалық Мартина Дюгринеден ғана ұтылды. Сол секілді 2011, 2012 және 2013 жылдары елге бір-бір медальмен оралдық. Ыстанбұлда Жұлдыз Ешімова (48 кило) үшінші орынға табан тіреді. Альбертада Гүзел Манюрова (72 кило) ақтық сынға дейін алқынбай жеткенімен, шешуші тұста Йенни Франсоннан жеңілді. Будапеште Екатерина Ларионова (63 кило) үздік үштікті қорытындылады. 2014 жылы Ташкент және 2015 жылы Лас-Вегастан қоржынымыз бос қайтты. 2016 жылы Будапеште Айым Әбілдина (55 кило) үшінші орынға жайғасты. Өкінішке қарай, Париж бен Будапеште ұйымдастырылған бәсекелерде бағымыз жанбады.
Осылайша, әйелдер күресінен өткен әлем чемпионаттарында Қазақстан құрамасы 4 күміс және 6 қола медальға қол жеткізді. Барлығы – 10 жүлде. Спорттың бұл түрі елімізге кешеуілдеп жеткенін ескерсек, бұл жерлестеріміз үшін қомақты табыс. Десек те біз Нұр-Сұлтанда аруларымыз алтын тұғырға көтерілсе деп армандаймыз.