Спорт • 05 Тамыз, 2019

Бозкілемде – бұрымдылар

128 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанның барша жанкүйері 14-22 қыркүйек аралығында Нұр-Сұлтан қаласында күрес түрлерінен өтетін әлем чемпионатында қыздарға айрықша сенім артып отыр. Олимпиада бағдарламасына енген спорттың бұл түрінен айтулы жарыстың тұсауы 1987 жылы кесілген еді. Сол кезден бері бұрымдылар барлығы 29 рет бас қосқан екен.

Бозкілемде – бұрымдылар

Әйелдер күресі Қазақстанға кештеу келді. Соған қарамастан жерлестеріміз күрестің осы түрін жетік  меңгеріп, қысқа ға­на мерзім аралығында бір­та­лай биік белестерді бағын­ды­рып үлгерді. Әлем чемпио­нат­тарындағы алғашқы табысқа біз 2007 жылы қол жеткіздік. Әзер­­байжанның бас шаһары – Бакуде өткен бәсе­кеде Елена Ша­лы­гина (63 кило) күміс алса, Ольга Смирнова (55 кило) мен Ольга Жәнібекова (72 кило) қола медальды ие­лен­ді. Жалпыкомандалық есепте Жапония, Франция, Қытай жә­не Болгариядан қалып қойға­нымызбен, жиған ұпайлар саны жағынан Күншығыс елі аруларынан кейінгі екінші орынды олжаладық.

2008 жылы Токиода Жұлдыз Ешімова (48 кило) жасындай жар­қырады. Беларусь, Грекия, Моңғолия және Қытай спортшыларын сан соқтырған ол финалда америкалық Кларисса Чунгеге есе жіберді. Нәтижесі – күміс медаль. 2009 жылы Да­нияның Хернинг қаласында Елена Шалыгина (63 кило) қо­ла жүлдені қоржынға салды. Жар­тылай финалда жапониялық Мио Нисимакиге әлі жетпеді. 

2010 жылы дәл сол Елена Ша­лыгина (67 кило) үшінші мәр­те жеңіс тұғырына көтерілді. Мәс­кеудегі олжа – күміс жүлде. Жаңа салмақ дәрежесіне ауысқанына қарамастан өзін жақсы қырынан көрсеткен Елена канадалық Мартина Дюгринеден ғана ұтылды. Сол секілді 2011, 2012 және 2013 жылдары елге бір-бір медальмен оралдық. Ыстанбұлда Жұлдыз Ешімова (48 кило) үшінші орынға табан тіреді. Альбертада Гүзел Манюрова (72 кило) ақтық сынға дейін алқынбай жеткенімен, шешуші тұста Йенни Франсоннан же­ңілді. Будапеште Екатерина Ларионова (63 кило) үздік үш­тікті қорытындылады. 2014 жы­лы Ташкент және 2015 жылы Лас-Вегастан қоржынымыз бос қайтты. 2016 жылы Будапеште Айым Әбілдина (55 кило) үші­н­ші орынға жайғасты. Өкі­нішке қарай, Париж бен Бу­да­пеште ұйымдастырылған бәсекелерде бағымыз жанбады.

Осылайша, әйелдер күресінен өткен әлем чемпионаттарында Қазақстан құрамасы 4 күміс жә­не 6 қола медальға қол жет­кізді. Барлығы – 10 жүлде. Спорттың бұл түрі елімізге ке­шеуілдеп жеткенін ескерсек, бұл жерлестеріміз үшін қомақты табыс. Десек те біз Нұр-Сұлтанда аруларымыз алтын тұғырға кө­терілсе деп армандаймыз.