Руханият • 06 Тамыз, 2019

Гиперiздi ақын

492 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Поэзия – ақынның өшпес iзi. Алып ақындардың iзi де алып. Өресi биiк, өрiсi кең талант иесiнiң туындылары философиялық ойға, терең танымға, әуездi ырғаққа құрылып, сөз өнерiнiң құдiретi арқылы көркемдiк кеңiстiктiң нұрлы қабатын тудырады. Ал гиперiздi ақын дегенiмiз – халқына киелi өнердiң биiк деңгейiндегi шығармалар сыйлаған ақын. Музыканың пiрi Қорқыт атаның күйлерiнен басталған мәңгiлiк мелодиялар ғасырлар симфониясын құраса, саз өнерiнiң сиқырын сұлу сөзбен өрнектеп, ғаламат поэмалар тудырған дархан өнер иесi – Iлияс Жансүгiров шығармашылығы жаңа дәуiр белесiндегi бүгiнгi күнде жаңаша көзқарасты талап етедi.

Гиперiздi ақын

«Күй», «Күйшi» поэмалары – ги­пер­та­нымдық деңгейдегi ақынның жұл­дызы биiк туындылары. Бұл шығар­маларды ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ поэзиясының қаймағы деуге болады. Себебi қос поэмада ұлы дала руханиятының мыңдаған жылдық музыкасы, көшпендi елдiң тұрмыс-тiршiлiгi, таным кеңiстiгi мейлiнше мол қамтылған.

«Қазақ халқының бойынан бiз поэ­зия мен музыканың бұлағын көремiз» деп, А.Левшин сияқты шетел оқы­мыс­ты­ларының қазақ елiне құрмет сезiмiн бiлдiруi тегiн емес. Музыка жайлы поэма жазу эстетикалық талғаммен қатар терең танымды қажет етедi. I.Жансүгiровтің суреткер-музыкант ретiндегi тұлғасын танытатын «Күй», «Күйшi» поэмалары халық даналығынан қуат алғандықтан, ұлт болмысының терең сырын сездiредi. Еркiн ойлы ақын ұлы даланың сазында бүкiл ғаламның сазы бар екендiгiн жыр жауhарымен жеткiзе бiлдi.

Күн тыңдап кiрмей тұрды ұясына,

Бұлт тыңдап мiнбей тұрды

тау басына.

Мақұлық жерде, көкте маужырады,

Қараған бiр жан болмай шаруасына.

Көшпендiлердiң кез келген аспабында орындалған күй ырғағынан жазиралы леп еседi. Ақын қос поэманың кейiпкерлерi Молықбай қобызшы мен хан ордасындағы Күйшi шерткен күйлердi романтикалық серпiнмен суреттегенде, шынайы күй сарыны құлаққа естiлгендей әдемi әсерге бөлейдi.

Күй – қазақ халқының тағдыры. Поэмаларда «Нар идiрген», «Ноғайлының зары», «Бозiнген» сияқты көне күйлерден бастап кейiнгi заманда туған күйлердiң саз иiрiмдерi баяндалған. Күйшi – лирикалық кейiпкер, ол тарих баянын музыка тiлiмен жеткiзушi дәнекер тұлға. Ал осының қыр-сырын өлең сөзбен өрнектеп отырған ақын – ұшқыр логика мен нәзiк сезiмнiң, сергек сезiмталдықтың арқасында ға­жа­йып мұралар тудырған жасампаз ұлт­тың ұлағатын жаңа заман адамына ұғын­ды­ру­шы ұстаз тәрiздi. Ақын суреткер ғана емес, ол – тәрбиешi, ұстаз. «Күй», «Күйшi» поэ­малары ақынның тәлiмгерлiк тұл­ға­сын да танытады.

«Күй» поэмасы 1929 жылы жазылған. Алғаш рет «Жаңа әдебиет» журналының 11 (40-44 беттер), 12 (21-24 беттер) сандарында, 1935 жылы таңдамалы өлеңдер мен поэ­малар жинағында жарияланған. «Күйшi» 1934 жылы жазылған. 1935 жылы ақынның «Күй» деген атпен шыққан таңдамалы өлеңдер мен поэмалар жинағына енген. Осы жылы жеке кiтап болып басылып шыққан. Ал «Көбiк шашқан» поэмасы 1937 жылы жазылған, ақынның аяқталмаған туындыларының бiрi.

«Күй» бес тараудан тұрады. Бiрiншi тарауда «жар қабақ, сида, арсақай, сар шұбар шалдың» шау тартқан шағында «сырнайлатқан, күмiс шапқан, қоңыр көне қобызымен» алуан күй сарнатқан ғажайып да­рыны суреттелген. Екiншi, үшiншi та­рау­­­ларда «Бозiнген» күйiнiң аңызын күйшi қарияның әңгiмелеуiмен баяндаған.

«Күйшi» поэмасы он жетi тараудан тұрады. Хан ордасындағы «тұтқын» Күйшi шерткен күйдiң сазы өзiндiк үн ерекшелiгi мен одан Қарашаш арудың алған әсерi жырланған. Поэмада Қарашаш та, хан да тiл қатады. Ал Күйшiнiң сөзi домбыраның қос iшегiнен ағытылған ғажайып бiр тылсым сарында. Күйшiнiң болмысы мен домбыра образы бiрiккен тұтас әлем тәрiздi.

Поэма күйшiнiң еркiндiкке қол жет­­кi­зiп, елiне оралуымен аяқталады. Ақын шығарманы күйшiнiң «Азат» де­­ген күйдi тудыруымен түйiндейдi. Автор­дың бұл шешiмiнде символдық мән бар. Азаттық – басты игiлiк. ХХ ғасыр басындағы қазақ ақындарының шығар­машылығында еркiндiк деген ұлы мұратты аңсау мотивтерi басым болды. Олар бостандықты «iзгi перiштеге» (Мағжан Жұмабаев) балады, асқақ арман санады. Iлияс ақын да:

Адамның азат басы дәулет екен,

Өзiнде ердiң еркi – сәулет екен,

– деп толғанды. Азаттық идеясы «Күйшi» поэмасындағы лирикалық кейiпкердiң аңсарынан айқын көрiнедi. Ақынның суреттеуiмен Молықбай қобыз­шы да, хан ордасындағы күйшi де кемең­гер халықтың мыңдаған жылдық ғұ­мы­рын шертпе күй, төкпе күйдiң сан түрiмен, қоңыр сазбен жыр етiп төгiлтедi.

Күңiрентiп «Асан қайғы» күй толғанды,

Желмая желе жортып жердi шалды.

Алатау, Алтай, Арқа, Қырды, Сырды

Аралап қоныс таппай күй зарланды.

Ал «Күй» поэмасындағы Молықбай күйшiнiң шеберлiгiне автордың берген бағасы – уақытша тамсанған көңiлден емес, талант иесiн шынайы қадiрлеуден туған әдiл әспеттеу.

Қажыған көңiл қамын, жүрек жанын,

Қозғаған қобыздағы қоңыр сарын.

Әлемнiң әуенiне бермес ем-ау,

Қазақтың мұны тартқан күйшi шалын.

Күй – тарих. Ақын «Көк Көбек», «Ақ Көбек», «Асан қайғы», «Ақсақ құлан», «Бала Көбек», «Қос келiншек», «Желмая» тәрiздi ондаған күйдiң сарынын өзiне тән әуезiмен шынайы суреттеген. Күй сазы кейбiр тұста градациялық серпiнмен сипатталған:

Қаққанда деген күйдi «Терiсқақпай»

Жым-жырт боп тына қалды

жел де соқпай,

Домбыра айналаға дүбiр салды,

Адақтап жалғыз шапқан жүйрiк аттай.

Жауhар сөз жасын боп ойнайды, теңiз боп тебiренедi. Суреткердiң шеберлiгi әр сөздi сөйлете бiлгендiгiнен көрiнедi. Жазушы М.Әуезовтің «Құлагер» поэ­масымен бiрге «Күйшiнi» де «өлеңмен жазылған роман» деп бағалауы Iлияс Жансүгiровтің суреткерлiк шеберлiгiне тәнтi болғандықтан айтылса керек.

«Күйшi» поэмасын орыс тiлiне аударған ақын Всеволод Рождественский «Бұл ақынды аудару арқылы мен еркiндiк сүйгiш, ақынжанды қазақ халқының жүрегiндегi өзгеше бiр ғажайып қасиет барын сезiндiм» деген. Ол қандай қасиет? Бiздiңше, ол – тектiлiк, ол – ұлттық болмыс.

Ұлы дала тұрғындарының рухани әлемiнде ғаламдық ойдың негiзi жатыр. Далалықтардың танымындағы дүние болмысы музыкалық шығармадан, поэзиялық туындыдан көрiнiс тапқан. Осы екеуiн бiр арнаға үйлестiрiп, жа­ңа­ша серпiнмен жырлаған Iлияс Жан­сү­гiровтің поэзиясы сар даланың сазына толы. «Күй», «Күйшi» поэмаларында жер-жаhанды манауратып, бал сезiммен әлдилейтiн әуен де, оятатын жаңғырық та бар. Ол – домбыраның күмбiрi, қобыздың сарыны. Музыканы жыр тiлiмен жеткiзген ақынның бай палитралы поэмаларына зерделi көзбен үңiлгенде ұлы халықтың биiк танымын, ой кеңiстiгiн, табиғаттан ажырамаған тiршiлiк үрдiсiн бар нақышымен бейнелеген классикалық шығармалар екендiгiне көзiмiз жетедi.

 

Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА,

әдебиеттанушы