Аймақтар • 06 Тамыз, 2019

Атқа мінсең, сырқатыңнан айығасың

645 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жылқының қадір-қасиетін жете таныдық дегенімізбен, әлі де тылсым сыры таусылатын емес. Таяуда атты полиция қызметкерлері сал ауруына шалдыққан балаларды оңалту бағытында тосын бір игі істі қолға алды.

 

Атқа мінсең, сырқатыңнан айығасың

Иппотерапия емдеу тәсілі әлмисақтан белгілі. Тіпті ғылыми тұрғыда жан-жақты дәлелденген деп айтуға да болады. Мұндай шаралар шетелдерде табысты қолданылуда. Асылында атқа мінген адамның омыртқа сүйектерінің арасы ашылып, барлық бұлшық еттері үздіксіз қозғалысқа түсіп, ағзаға жағымды әсер ететіндігі даусыз.

Полиция қызметкерлерінің айтуларына қарағанда, «Черкез» және «Ричард» атты жылқылар балалардың ең сүйікті көліктері. Талайдың тақымы тиіп көндіккен, үркуді, ала қашуды білмейтін қойдан қоңыр, жуас жануарлар алшаң басқан аяңынан жаңылмайды. Балалар аттанар жағынан келіп үзеңгіге аяқтарын салып ұмтылғанда да маңқиып тұра береді. Алғашқы бетте қала балалары қарадай үркіп, жолағылары келмегенімен, бірте-бірте атқа мінудің қызығын ұғына бастаған. Бұрынғылар «жылқы үстінде желік бар» деп тегін айтты дейсіз бе.

– Сырқат балалардың емделіп, қатарға қосылып кеткенін көрудің өзі бір бақыт,–дейді Көкшетау қалалық полиция басқармасының бастығы Жанат Ешімов,–әйткенмен бұл бір күндік қана шара емес, басқарма осындай шешім қабылдап, «Мейірім» балаларды дамыту орталығы және №4 арнайы мектеп-интернатының басшылығымен өзара келісімге келіп отыр. Алдағы уақытта сырқат балалар аптасына екі мәрте атқа мініп, серуендей алады.

Бұл шаруа ағымдағы жылдың маусым айынан бастап қолға алынған. Әзірге 16 сабақ  өткізіліпті. Ол сабақтарда сал ауруы туралы түсінік беріледі. Әрі атқа мінудің тиімділігі де айтылады. Игі істен нәтиже шығып жатса, алдағы уақытта атқұмарларды көптеп тартпақ.

 

 

Көкшетау қаласы