Таяуда облыстың Ақтоғай ауданына Арыс қаласынан 200 оқушы бала демалуға келді. Олар табиғаты тамылжып тұрған Бектауата баурайындағы «Факель» демалыс лагеріне орналастырылды.
Арыстан келген балақайларды Ақтоғай ауданының әкімі Салтанат Әбеуова, Приозерск қаласының әкімі Қайрат Қамзин бастаған топ Сарышаған стансасының темір жол вокзалы басынан салтанатты түрде қарсы алған болатын.
Арыстың кішкентай тұрғындары Бектауата баурайындағы атақты демалыс ошағында бір айға жуық уақыт тынығатын болады. Олар үшін неше түрлі қызғылықты бағдарламалар да ойластырылып қойылған. Мысалы, балалар таза ауада спорттық-бұқаралық ойындар ойнап, робот техникасы мен қолмен модельдеу шығармашылық зертханаларында танымдық сабақтар алатын болады. Сондай-ақ, олар үшін туристік жорықтардың бағдарламасы да ұйымдастырылған. Лагерьде балалар алты мезгіл тамақ ішіп, қымыздың да дәмін тататын болады.
Айта кету керек, бұған дейін де Арыс қаласының оқушы балалары облыстың Қарқаралы ұлттық табиғи паркіндегі демалыс базасында жарты ай демалған болатын. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетіне қарасты «Политехник» демалыс базасында тыныққан 30 бала экскурсиялар мен туристік жорықтарға шығып, спорттық жарыстар мен зияткерлік ойындарға қатысып, жазғы каникулды мазмұнды өткізді.