Аймақтар • 07 Тамыз, 2019

Әлеуметтік мәселелерге назар аударылды

302 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шымкенттегі жұмыс сапарында Парламент Сенатының депутаты Нұрлан Бекназаров осылай деп мәлімдеді. «Белсенді өмір сүру» орталығына барып, ондағы еңбек ардагерлерімен жүздескен Парламент Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова республикалық мәртебе алған шаһардағы әлеуметтік мәселелердің жай-күйіне қанықты.

Әлеуметтік мәселелерге назар аударылды

Мегаполиске бір орталық аздық етеді

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың отандастарымыздың өмір сүру жасын ұзарту мен бұқаралық спортты дамыту бойынша тапсырмасы аясында, Мемлекет басшысының азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы тапсырмаларына сәйкес ашылған орталықта ардагерлерге барлық мүмкіндік жасалған. Орталықта демалуға сенсорлық бөлмеден бастап тренажер, үстел теннисіне дейін ұйымдастырылыпты. Бірақ миллион тұр­ғыны бар мегаполис­ке бір ғана орталық аздық етеді»,  деді Нұрлан Құдиярұлы.

Халық қалаулылары «Белсенді өмір сүру» мекемесіндегі «Асыл Мирас» аутизм орталығының тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл орталықта Нұр-Сұлтан, Алматы қаласынан арнайы шақырылған мамандардың басшылығымен қаладағы аутизм дертіне шалдыққан 60-қа жуық азамат емделуде. Бұл орталық болашақта толыққанды іске қосылғанда 150-ден аса емді қажет ететін азаматтарға жоғары сапалы медициналық қызмет көрсететін болады.

 Қоғамдық кеңеске әкімдік өкілдері неге кірген?

Сенат депутаттары сапар барысында қоғамдық кеңес институтының жұ­мы­сын жетілдіру, мемлекеттік бағдарла­ма­лардың орындалуын сараптамалық бақылау мәселелері бойынша ой бөлісті. Жиында кеңес мүшесі Ж.Өтеген Сенат депутаттарына не себепті Қоғамдық ке­ңестің құрамында әкімдік өкілдерінің сай­ланғаны, 21 мың теңге АӘК алуға құжат тапсыру үшін жұмыспен қамту ор­талығындағы қиындықтар және жеке­меншік балабақшалардағы олқылықтар жөнінде өз сұрақтарын қойды.

Нұрлан Бекназаров өз сөзінде Қо­ғам­дық кеңестің құрамын заңға сәй­кес мәслихат бекітетінін және оның құрамының санына шектеу қойыл­май­тынын, яғни ережені сақтай отырып, қоғамдық кеңестің мүшелігіне қажет үміткерлерді қосымша енгізуге болатынын жеткізді. «Әлеуметтік көмек алуға үміткерлер санының күрт ұлғаюы, құжаттарды іріктейтін арнайы компьютерлік бағдарламаның осы күнге дейін толыққанды жұмыс істемеуі жұмыспен қамту орталығының ісін баяулатқан. Жауапты басқарма аталған проблеманы ретке келтіруде. Ал кезінде «Балапан» бағдарламасы қабылданғанда олардың санын көбейту мақсатында бөлінген ғимараттарға көп мән берілмегені рас. Алайда, соңғы жылдары бұл мәселе де жолға қойылып келе жатқанын көріп жүрміз», деді Н.Бекназаров.             

 Баспана мәселесі – басты назарда

Сенаторлар Шымкент қаласында  салынып жат­қан көпқабатты тұрғын үй құрылысы барысымен танысты. «Shym­kent city» қалашығындағы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында аз қам­тыл­ған азаматтар мен жастарға арналған көп­қабатты үйлердің сапасын көріп, мер­зімді аяқталуы бойынша мәлімет алды.

«Биыл Шымкентте 16 арендалық, 11 несиелік пәтер тапсырылады. Бұл үйлер жастарға, көп балалы отбасыларға, жалғызбасты аналарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға беріледі. Қазіргі таңда Тұран шағын ауданында 68 тұрғын үй 5556 пәтердің жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеп жатырмыз. Жуырда ол үйлердің де құрылысы бас­талады. Одан бөлек жеке кәсіпкерлер тұрғын үй саламын деп ниет білдірсе, оның инфрақұрылымын мемлекет жүргізіп беруге дайын. Бүгінгі таңда арендалық тұрғын үйге 37141 адам кезекте тұр», деді Шымкент қаласы Құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғ.Утенбаев. 

Алайда, жаңадан салынған үйлерде әлі де инфрақұрылым мәселесі толық шешімін таппаған. Әсіресе көгілдір отынмен қамтамасыз ету жағы ақсап тұр.

 

ШЫМКЕНТ