Бас шұлғыған бай болады
Биыл сәуір айында Сенат жанындағы Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысында Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева жедел шешуді талап ететін өңірлердің әлсіз инфрақұрылымына назар аударған-ды. «Өңірлерді ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелеріне тәуелсіздік жылдары 540 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды. Сонда да көптеген елді мекендерге әлі күнге дейін ауыз су неге жетпеген? Бұл бағдарлама Бермуд үштағаны сияқты, қаражат жұмбақ жағдайда жоғалып кетеді», – деді Д.Назарбаева. Бұл ескертудің жөні бар, өйткені ол қаражат мәслихат депутаттарының көз алдында құмға сіңген судай болған. Міне, осы бір ғана пікірімен Сенат Төрағасы өңірлердегі жалпы ахуалға және депутаттардың жұмысына баға беріп өтті десек болады.
Мәслихаттар мен депутаттардың жұмысын жетілдіре түсуге байланысты пікірлер әртүрлі мінбелерден айтылып келеді. Олардың басым бөлігінің ортақ пікірі жергілікті атқарушы органдардың өз өкілеттіліктерін тиісті деңгейде атқармай отырғанын көрсетеді. Мәселен, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы» Заңының 6-бабында мәслихаттардың құзыреттері тайға таңба басқандай көрсетілген және олардың көлемі жылма-жыл көбейіп отырмаса, азайған жоқ.
Сонда жергілікті өкілетті органдар мен бұқараның арасындағы сенімге селкеу түсуіне, билік тармағының бұл сатысының әлсіреуіне не себеп? Саясаттанушы Ерлан Сайыровтың айтуынша, мәслихаттар жергілікті өкілетті орган болғандықтан, олардың жауапкершілігінде қоғамның салмақты жүгі бар.
– Бүгінде облыстардағы, аудандардағы, қалалардағы мәслихаттар әкімнің шешіміне мөр соғып беретін нотариалдық кеңсе сияқты. Алдағы уақытта мәслихаттардың бюджеттің түзілуі мен орындалуын бақылау құзыретін арттыра түсіп, халық пен билік арасындағы нағыз көпірге айналуы керек. Мәселен, біріншіден, «мәслихат төрағасы» деген лауазым енгізілуі қажет. Екіншіден, облыстық деңгейде мәслихат депутаттарының кәсіби жұмыс істеуіне жағдай жасау керек, – дейді Е.Сайыров.
– Қазір депутаттардың көпшілігі әкімдіктерге, әкімдерге тәуелді. Сондықтан олар әкімшіліктің нұсқауы бойынша дауыс беріп келеді. Егер олар тәуелсіз болса, әрбір депутаттың жеке азаматтық көзқарасы пайда болар еді, – деп ой қорытты саясаттанушы.
Негізінде бюджет қаражатын жұмсаудың басымдықтарын анықтау, қолда бар қаржы ресурстарын дұрыс бөлу, жергілікті бюджеттің орындалуын бақылау мәслихат депутаттарына байланысты екені рас. Бірақ бұл басымдықтарды депутаттардың мемлекеттік тұрғыда қаншалықты пайдаланып отырғандары белгісіз. Тіпті әр тараптың өз ақиқаты болғандықтан, оның шартты өлшемін табудың өзі қиын.
Хатшылар жалақыларына алаңдаулы
Өңірлердегі өкілетті органдардың құрамы жекелеген цифрлардан көрініп тұрады. 2018 жылғы 25 наурызда Нұр-Сұлтан қаласынан басқа, республиканың 15 өңірінде шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына сайлау өтті. Сайланған депутаттардың 44,1% (30) коммерциялық құрылымдарда жұмыс істейді, 32,4% (22) мемлекеттік кәсіпорындарда қызметкер, ал саяси партиялар мен ҮЕҰ қызметкерлерінің үлесі 19,1% (13) құрайды, мемлекеттік қызметшілердің үлесі 1,5% (1) құрайды.
Міне, өңірлердегі мәслихаттардың қазіргі құрамы осы көрсеткіштерден аса ауытқымауы мүмкін. Бұл цифрлар көрсетіп отырғандай, мәслихат депутаттарының едәуір бөлігі мемлекеттік кәсіпорынның қызметкері болса, саяси партиялар мен ҮЕҰ қызметкерлерінің үлесі 20 пайызға да жетпейді. Демек, Е.Сайыров атап өткен тәуелділік осы мемлекеттік кәсіпорын қызметкерлерінің көрсеткішінен туындаса керек. Ал кәсіпкерлердің жалақы төленбейтін жергілікті депутаттық лауазымға ұмтылысының сыры неде? Көпшілік оның бір ғана жауабын айтады – қазанның қақпағын ұстаған мемлекеттік ұйымдар мен мекеме басшыларына жақындай түсу.
Осы орайда «Өңірлік депутаттар одағы» қоғамдық қорының төрағасы Андрей Кудеев мәслихаттардың құзыретін арттыра түссе, олардың жұмысының тиімділігі жарқырап көрінер еді деген ойын айтты. Оған қоса, депутаттың жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған ұсынысын да жеткізді.
– Менің ойымша, депутат өзі сайланған округтің аумағында тұруы тиіс. Сонда ғана сайлаушыларының қиындықтарын жан-тәнімен сезініп, проблемаларды халықпен бірге басынан өткерген соң ғана шешуге ұмтыла түседі. Екіншіден, мәслихаттардың қаулылары тиісті деңгейде орындалмайды. Ол құжаттарды көптеген ұйымдар мен мекемелер толыққанды заңдық күші бар құжат ретінде қабылдай бермейді, – дейді А.Кудеев.
Ал Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы Бағлан Қарашолақов қазіргі уақытта қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, барлық деңгейдегі әкімдерді тағайындауда мәслихаттардың келісімі алынатынын және олардың барлығы депутаттар алдында есеп беретінін атап өтті. Бұдан бөлек, оның пікірінше, мәслихат хатшыларына лайықты жалақы тағайындайтын әрі «мәслихат төрағасы» деген лауазым енгізетін уақыт келді.
Жалпы, биылдан бастап күшіне енген заңдарға сәйкес, енді жергілікті өкілетті органдарға (мәслихаттарға) пропорционалды сайлау жүйесі қолданылады. Сайлау заңнамасының аталған жаңалығы елдің саяси жүйесінің дамуына жаңа вектор қосып, саяси партиялар рөлін күшейтуге бағытталған. Бірақ мәслихаттардың құрылымының өзінде шешуін таппаған мәселелер барын ескерсек, жүйені жаңғырту кешенді болғаны дұрыс сияқты.