Біздің еншімізде – үш байқау
Ойын бағдарламасындағы 32 байқаудың 3-еуі Қазақстанда өтеді. Біздің еліміздегі сынақтарға 13 мемлекеттің әскери қызметшілері қатысады, оның ішінде Қазақстан Қарулы Күштерінің командасы да бар.
Халықаралық ойынның ашылуында полигон көгіне армия ойындарының туы көтеріліп, қатысушы Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Венесуэла, Зимбабве, Иран, Сирия, Тәжікстан мен Қытайдың Қарулы күштерінің командалары алаңда салтанатты парадпен адымдап өтті.
– Қазақ елінде халықаралық деңгейдегі армия ойындарының туы осымен төртінші рет желбірегелі тұр. Бүгінде халықаралық армия ойындарын өткізуде өзіндік игі дәстүр қалыптасты. Ойындар шеңберінде қатысушы елдердің әскери қызметшілері қарым-қабілетін шыңдап, тәжірибе алмасу арқылы кәсіби деңгейін арттыра түседі, деді ойындардың ашылу салтанатында Қорғаныс министрі.
Н.Ермекбаевтың айтуынша, өткен бес жыл ішінде халықаралық армия ойындарының мазмұны толығып, маңызы арта түскен.
– Біздің бабаларымыз қарымды әскери дағдының тек жаттығуда қалыптасатынын жақсы білген. Ұлы даланы жайлаған көшпенділердің оқу-жаттығу әдістері соғыс жағдайына барынша лайықталып, сарбаздардың шеберлігін арттыруға бағытталды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында біздің тарихымыздың бірінші қыры ретінде әскери саладағы көлемді революцияны атап өтуі бекерден-бекер емес, – деді Н.Ермекбаев.
Жалпы, XXI ғасыр армиясының негізгі мақсаты әлемнің әр түкпірінде бейбітшілікті сақтау екені сөзсіз. Оның үстіне әскери сарапшылар халықаралық ойындарды әскери дипломатияның жаңа белесі деп санайды. Өйткені әскери-спорттық алаңдарда танысып, өзара бәсекеге түсетін қатардағы әскери қызметшілердің достық қарым-қатынасы әркезде жоғары бағаланып келеді.
Аталған армия ойындары аясында 7-15 тамыз аралығында елімізде үш конкурс өтеді. Атап айтар болсақ, миноатқыш есептоптарының – «Артиллериялық оқ ату шеберлері», ұшқышсыз ұшу құрылғыларының – «Сұңқар аңшылығы» және байланысшылар арасындағы – «Сенімді қабылдау» сайыстары. Қазақстан Армия ойындарының ауқымын кеңейткен елдердің бірі және төрт жыл бойы түрлі елдердің кәсіби әскерилері мен контигенттері осында бас қосып жүргенін айта өткен жөн. Қатысушылардың өздері атап өткендей, өз елінің және әлемдік деңгейдегі армиялардың атынан конкурсқа келу үшін олар күрделі іріктеулер мен қажырлы дайындықтардан өтті. Жүлделі орындар мен марапаттар маңызды болғанымен, олардың әрқайсысы үшін армия ойындары – тек жарыс қана емес, әскери бауырластықтың символы мен тәжірибе алмасудың мүмкіндігі.
Осы орайда Қорғаныс министрі Н.Ермекбаев Қазақстан аумағында өтетін ойынға қатысуға тілек білдірген мемлекеттер саны жыл сайын көбейіп келе жатқанына назар аударды.
– Бұл – бізге сенімнің артқанының, армиямыздың кәсібилігін, белсенділігін мойындаудың белгісі, – деп атап өтті Қорғаныс министрі.
Алғашқы нәтижелер белгілі
Ал осы кездері халықаралық армия ойындарында қазақстандық команда алғашқы марапаттарға қол жеткізді. Мәскеу облысындағы «Адал дос» сайысында біздің кинологтар рейтингі анағұрлым жоғары командалар арасында жеке жарыста бірінші орынды жеңіп алды. «Чемпиондар жарысы» кезеңі аясында әскери полицияның кинологы ефрейтор Мағжан Жаңабеков «Арно» деген қызметтес итімен қалған қатысушыларды басып озып, 1 600 метрді 6 минут 6 секундта бағындырды және атыс шебіндегі барлық нысанаға дәл тигізді.
Байқаудың бірінші кезеңінің нәтижелері бойынша қазақстандық команда үздік үштікте. Айталық, Мәскеу облысындағы «Алабино» полигонында өтіп жатқан «Танк биатлонында» біздің танкистер сайыстың екінші күнінің қорытындысы бойынша бірінші орынға шықты. Экипаж өз жарысында мәреге 21 минут 50 секундта келіп, үздік нәтиже көрсетті.
Ал Рязаньдағы «Авиадартс» сайысының бірінші кезеңінде біздің әскери ұшқыштар дене даярлығынан үздік нәтиже көрсетті. Су-25 жойғыш ұшағы, Ми-35 және Ми-171Ш тікұшақтарының экипаждары – бірінші, ал Су-30СМ жойғыш ұшағының ұшқыштары үшінші орынды иеленді.
Сонымен қатар Мәскеу маңындағы Алабинода өтіп жатқан «Далалық ас үй», сондай-ақ Өзбекстандағы «Фориш» полигонында басталған «Әскери-медициналық эстафета» турнирлерінің қорытындысы бойынша командалар екінші орынға қол жеткізді.
Бресттегі (Беларусь) мергендер сайысында қазақстандықтар үздік үштік қатарынан көрінді. Қазір олар жеке сынақта үшінші болып тұр.
Әзербайжандағы «Теңіз кубогы» конкурсында әскери теңізшілер өздерін лайықты деңгейде көрсете білді. Кеменің ұрыста өміршеңдігі мен теңіз жағасындағы жаттықтыру кешендерінде жаттығу орындаудан олар үшінші орынға ие болды.
Дәл осы сәтте Моңғолия оқу-жаттығу полигонындағы Қазақстанның әскери командасы биыл алғаш рет өтіп жатқан «Әскери бәйге» сайысында да жүлделі үшінші орында келеді.
Армениядағы «Әлем жауынгеріне» қатысушылар әскери-медициналық дайындықта бақ сынасуда. Біздің команда бұл кезеңді де үшінші орынмен тәмамдады. Сондай-ақ Қазақстанда сайыстар басталған бірінші күннің өзінде-ақ «Сенімді қабылдау» байқауында біздің байланысшы жауынгерлер 5 команда арасынан 281 ұпаймен көш бастады.
Сонымен қатар еліміздің әскери қызметшілері «Ат марафоны» жаңа байқауына сақадай сай дайындықпен кірісті. Моңғолия Қарулы Күштері Біріккен оқу-жаттығу орталығының базасына келген сәттен бастап біздің команда толық таныстырылым маршрутынан өтті. Байқау маршруттары бойынша жол жүрген кезде командалар ат марафонының кезеңдері өтетін жердің ландшафтымен танысып, жеребе тастау арқылы жылқыларды іріктеді, атпен жүру үшін оларды жүгендеп, ерттеді. Қатысушылар мен бапкерлер штабы өту жылдамдығын емес, байқау кезеңдерін дұрыс әрі сапалы орындауда шеберліктерін ұштады. Уақыт пен ауа райындағы айырмашылыққа қарамастан, Қазақстан құрамасы жергілікті жердің ерекшеліктеріне тез бейімделіп, жаттығулар барысында қиындықтарды сезінген жоқ. Кезекке сәйкес, қашықтыққа шабудағы байқауда Қазақстан командасы алғашқы болып шығады. Ат марафонының қорытындысы бүгін белгілі болады. Жалпы, байқау төрт кезеңнен, яғни дайындық, ат марафоны, қысқа қашықтыққа аралас эстафета және шешуші кезеңнен тұрады.