07 Наурыз, 2013

Тулл СТИВЕН: Ынтымақтастығымызға кедергі жоқ

236 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Тулл СТИВЕН: Ынтымақтастығымызға кедергі жоқ

Бейсенбі, 7 наурыз 2013 7:23

Әлемдегі ең үлкен, ең ықпалды және ең беделді ұйым – Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстанда өкілдігі ашылғанына жақында 20 жыл толды. Осыған орай, біз БҰҰ-ның Қазақстандағы резидент-үйлестірушісі әрі Даму бағдарламасының тұрақты өкілі Тулл СТИВЕНГЕ жолығып, әңгімелескен едік.

 

Бейсенбі, 7 наурыз 2013 7:23

Әлемдегі ең үлкен, ең ықпалды және ең беделді ұйым – Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстанда өкілдігі ашылғанына жақында 20 жыл толды. Осыған орай, біз БҰҰ-ның Қазақстандағы резидент-үйлестірушісі әрі Даму бағдарламасының тұрақты өкілі Тулл СТИВЕНГЕ жолығып, әңгімелескен едік.

– Құрметті Стивен мырза, алдымен сізге, сұхбат беруге келіскеніңіз үшін, «Еге­мен Қазақстанның» 200 мыңнан артық оқырмандарының атынан риза­шы­лығымызды білдіруге рұқсат етіңіз. Әңгі­мемізді БҰҰ-ның Қазақстандағы іс-әре­кеттерін шолудан бастасақ. Бүгін Қазақ­стандағы БҰҰ өкілдігінде қанша адам қыз­мет етеді, еліміздің қандай қалаларында БҰҰ өкілдіктері ашылған?
– Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдігі Қазақстанда 1993 жылдың ақпан айында ашылды. Оған негіз Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен БҰҰ-ның сол кездегі Бас хатшысы Бутрос Бутрос Гали арасында 1992 жылдың 5 қазанында қол қойылған келісім болатын. Содан бері Ұйымның көптеген агенттіктері Қазақстанға әлеуметтік, экономикалық және саяси даму бағыттарында қолдан келген көмегін жасап келеді. Соның ішінде тұрақты дамуға қол жеткізу үшін қажетті демократиялық жолмен басқару, жергілікті әлеуеттерді дамыту салаларында техникалық қолғабыстар жасауда.
Бүгінгі күні Қазақстанда БҰҰ-ның 17 арнаулы агенттіктері жұмыс істейді. Ұйымның кеңселері Алматы және Астана қалаларында ашылған. Оларда 300-ге жуық адам қызмет етеді, соның 85 пайызы қазақстандықтар. Жалпы айтқанда, 250-дей қазақстандық азамат нәпақасын БҰҰ агенттіктерінде қызмет істеу арқылы тауып отыр.
– Сіз көптеген даму бағдарламалары бойынша БҰҰ өкілдіктері Қазақстанға жәрдем жасағанын айттыңыз. Енді мак­ро­экономикалық салада Ұйымның нақты қандай стратегиялар мен бағдарламаларға көмек бергенін атасаңыз.
– БҰҰ-ның Қазақстандағы іс-әрекеті алдымен елдегі гуманитарлық үдерістерді дамытуға, жәрдем жасауға бағытталды. Осы үдерістерді дамыта отырып, саяси құрылымның нығаюына, байланыстардың артуына қолдан келген көмектер жасалды. Артынан елдің даму кезеңіне қажетті халықаралық тәжірибелерді көрсету қолға алынды. Осы озық тәжірибелердің Қазақстанда қолданылуын қолдай отырып, Ұйымның агенттіктері өткен 20 жылда көптеген стратегиялардың, бағдарламалар мен заңнамалық құжаттардың жасалуына жәрдем етті.
Сонымен бірге, әлеуметтік мәселелерге, атап айтқанда, қоршаған ортаны басқаруды жетілдіруге, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамытуға, адам құқын бұзбауға, құжаттардың жасалуына қатысты. Өзіңіз айтқан макроэкономикалық рефор­малардың дұрыс жүргізілуіне де қолдан келген көмектерін, соның ішінде ақыл-кеңестерін аяған жоқ. Нақты айтатын бол­сақ, «Мыңжылдықтың даму мақсаттары» шеңберінде жасалған Ұлттық даму стратегиясы, «РИО+20 жасыл даму стратегиясы» аясындағы ұлттық өлшемдер, мемлекеттік қызмет заңнамасын жетілдіруді мақсат еткен реформалар БҰҰ агенттіктерінің белсене қатысып, көмек етуімен жасалды.
Қазақстандағы әлеуметтік жағдайдың жақсарып, экономикалық өсудің тұ­рақ­тылыққа қол жеткізуіне байланысты БҰҰ агенттіктерінің жұмыстары техникалық көмектер көрсету спектріне ауысты. Атап айтар болсақ, олар халықаралық білікті сарапшылар кеңесін ұйымдастыру секілді жұмыстардан көрінеді. Ұзақ мерзімді даму проблемаларын шешуге қажетті ұлттық құрылымдардың ішкі әлеуетін дамыту мәселелері де осыған жатады.
– Дегенмен, нақты қандай даму бағ­дар­ламалары мен заң жобаларын әзірлеуге қатысқандарыңызды атап берсеңіз?
– Жоғарыда мен жалпы айттым ғой, олар көп. Нақты айтар болсам, алдымен Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясына қатысқанымызды ауызға алар едім. Осы маңызды құжатты жасауға да БҰҰ агенттіктері жәрдем еткенін мақтанышпен атап өте аламыз. 2000-2002 жылдар аралығына арналған Қазақстандағы кедейшілікті жою және жұмыссыздықпен күрес бағдарламасын әзірлеуге де БҰҰ мамандары қатысты. Осы бағдарламаның кейінгі, жетілдірілген нұсқасы, яғни 2003-2005 жылдарға арналған «Қазақстандағы кедейшілікті азайту» бағдарламасын әзірлеуге де БҰҰ жәрдем берді. Ақпаратқа қолжетімділік жөніндегі заңды әзірлеу барысында да БҰҰ өкілдері өздерінің ақыл-кеңестерімен, нақты ұсыныстарымен көмектер жасады.
Сондай-ақ, «Босқындар құқын қорғау туралы» заң жобасын, 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясы мен оны 2006-2008 жылдары іске асырудың шаралар жоспарын әзірлеуге де БҰҰ агенттіктері өздерінің білікті көмектерін көрсетті. Қазақстанды Тұрақты даму стратегиясына көшіру тұжырымдамасын әзірлеуге де біздің мамандарымыз қатысты. Әлеуметтік заң жобаларын әзірлеу істерінің ешқайсынан да Ұйымның өкілдері тыс қалып көрген жоқ. Мәселен, 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған білім беруді дамыту, мемлекеттік «Саламатты Қазақстан» денсаулық сақтау, 2011-2015 жылдарға арналған жұмыспен қамту бағдарламаларын әзірлеуге БҰҰ агенттіктерінің өкілдері белсене қатысты.
«Неке және отбасы» кодексінің жобасын әзірлеуде де мамандарымыз ақыл-кеңестерін аямады. БҰҰ аясында қабылданған құжаттардың Қазақстанда іске асырылуына қажетті іс-қимыл жоспарлары да біздің қызметкерлеріміздің белсене қатысуымен жасалды. Мәселен, мүгедектердің құқын қорғау жөніндегі БҰҰ конвенциясының 2011-2020 жылдар кезеңіндегі Қазақстанда іске асырылу жоспары, қарт адамдар проблемаларын шешу жөніндегі ұлттық іс-әрекеттер жоспары БҰҰ өкілдіктерінің қатысуымен жасалды.
Сонымен бірге, БҰҰ өкілдіктері дамудың көптеген индикаторлары бойынша артта қалған Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау өңірлері бойынша аймақтық даму үлгілерін жасауда көшбасшылық рөл атқарды. Мәселен, Семей өңірінде 2008 жылдан бас­тап аймақты дамыту, жұмыссыздықтың алдын алу, кедейшілікті және әлеуметтік әлсіз топтарды азайтуды мақсат еткен үш жылдық бағдарлама іске асырылды. Осы бағдарламаның арқасында 150-ден артық ауылдық отбасылар микронесиелер алып, өздерінің шаруашылықтарын жүргізіп жатыр. Көптеген кәсіпкерлер үшін жергілікті қаржылық институттар туралы ақпараттар берілді. Бес мыңнан артық отбасы әлеуметтік көмектер мен жәрдемақылар алды. Осы жылдары жас нәрестелерді өмірге әкелген барлық аналардың 50 пайызға жуығы баланы күту бойынша сапалы көмектерге қол жеткізді. Бұл бағдарлама үш жыл бойы іске асырылғаннан кейін ол Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ-ның бірлескен бағдарламасына айналды. Енді оны басқа аймақтарда да дамыту қолға алынғалы отыр.
– Бағанадан бері Қазақстанда әрекет ететін БҰҰ агенттіктері мен қорлары туралы айтып отырсыз. Нақты айтқанда, ол қандай агенттіктер мен қорлар екенін атап бермес пе екенсіз?
– Қазақстанда БҰҰ-ның өте ауқымды елдік командасы әрекет етеді. Атап өтер болсам, мұнда Ұйымның 17 арнаулы агенттіктерінің өкілдері бар. Әрқайсысының қатарына мамандар мен сарапшылар шоғырланған. Олар өз миссиялары шеңберінде қызмет етеді. Ең үлкен кеңсе Алматыда орналасқан. Ол Қазақстанды ғана емес, барша Орталық Азияны, кейде тіпті одан үлкен географиялық аумақты қамтыған суб-аймақтық офис деп аталады. Ал арнаулы агенттіктерді атап өтер болсам, Халықаралық еңбекті ұйымдастыру, БҰҰ-ның ВИЧ/СПИД бірлескен бағдарламасы, БҰҰ басқармасының Гуманитарлық мәселелерді реттеу жөніндегі өкілдігі, БҰҰ Жоғарғы комиссарының Адам құқықтары жөніндегі басқармасы, БҰҰ еріктілерінің бағдарламасы, БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ), Қоғамдық ақпарат департаменті (ДОИ), Азия мен Тынық мұхиты елдері бойынша экономикалық және әлеуметтік комиссия (ЭСКАТО), Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйым (ЮНЕСКО), БҰҰ-ның Гендерлік теңдік және әйелдің құқы мен мүмкіндіктерін дамыту жөніндегі құрылым, БҰҰ-ның Босқындар жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы, Қылмыс және есірткі қылмысы жөніндегі басқарма, Халықтарды қоныстандыру жөніндегі қор, Орталық Азиядағы Шұғыл дипломатия бойынша аймақтық орталық, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдігі. Қысқасы, Қазақстанда БҰҰ-ның осыншама өкілдігі жұмыс істейді.
–Қазақстанда жұмыс істеудің өзіндік ерекшеліктері бар ма? Мемлекеттік органдармен тіл табысу қандай деңгейде?
–БҰҰ-ның Қазақстандағы елдік командасы мен Қазақстан Үкіметі арасында қоян-қолтық жұмыс істейтіндей тығыз қатынас орнаған. Біздің әріптестігіміз, тіпті, басқа көптеген елдерге үлгі боларлықтай деп айта аламын. Біз, елдік команда мүшелері, Қазақстан Үкіметі мен қоғамы БҰҰ-ны сенімді әріптес деп санайтынын көріп жүрміз. Өз тарапымыздан біз де барынша әділетті ақпараттық көз болуға тырысамыз. Сонымен бірге, білікті, барынша сапалы ақыл-кеңес қызметін көрсетуден жалықпаймыз. Бұл істе үлкен жауапкершілікті сезіне отырып, барынша тиімді және ыңғайлы тетіктерді қолданудамыз.
– Қазақстан мен БҰҰ ынты­мақ­тас­ты­ғының дамуын қалай болжайсыз?
– Біз өзіміздің бірлескен іс-әрекеттерімізді тереңдете түсетініміз анық. Мен қашанда Қазақстанның БҰҰ-ның айрықша мүшесі екенін атап көрсетіп жүремін. Өзінің өте жас мемлекет екендігіне қарамай, Қазақстанның сыртқы саясатында барынша пайдалы, көпвекторлы бағыт ұстануды көздеген даналық бар. Ол әрқашан өзінің ұлттық мүддесі мен басқа елдермен ынтымақтастық арасында теңгерімділікті сақтауға тырысады.
Елдің жағдайы да жылдан жылға жақсарып келе жатқаны анық аңғарылады. Бірақ теңсіздіктер бар екендігін жоққа шығаруға болмайды. Елдің аймақтары, ауыл халқы мен қала халқы арасындағы теңсіздіктер өсе түсуде. Осыған орай, әлеуметтік даму бағдарламалары ауылдық қауымдастықтарға және артта қалған аймақтарға бұрылуы керек деп ойлаймын. Алдағы уақыттарда біздің ынтымақтастығымыз осы бағыттарда өрбитіні күмәнсіз.
– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен 
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».