Сайлау науқаны барысымен таныстырды
Бейсенбі, 14 наурыз 2013 2:37
Кеше Орталық сайлау комиссиясында журналистермен брифинг болып өтті. Онда ОСК-нің бас сарапшысы Венера Жексембекова Солтүстік Қазақстан облысынан шығып қалған Парламент Сенаты депутатының орнына және мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау жөніндегі сайлау науқандарының барысынан хабардар етті.
Бейсенбі, 14 наурыз 2013 2:37
Кеше Орталық сайлау комиссиясында журналистермен брифинг болып өтті. Онда ОСК-нің бас сарапшысы Венера Жексембекова Солтүстік Қазақстан облысынан шығып қалған Парламент Сенаты депутатының орнына және мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау жөніндегі сайлау науқандарының барысынан хабардар етті.
Венера Жексембекованың айтуынша, осы жылдың 15 наурызында Солтүстік Қазақстан облысынан шығып қалған Парламент Сенаты депутатының орнына сайлау өткізіледі. Сайлау науқаны барысында барлығы бес үміткер ұсынылған. Олардың үшеуін облыстық сайлау комиссиясы Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттар ретінде тіркеді. Олар – өзін өзі ұсыну тәртібімен өз кандидатураларын ұсынған Есенгелді Қарбаев пен Қабиден Сәдуақасов, сондай-ақ Тайынша ауданы мен М. Жұмабаев ауданының мәслихаттары ұсынған Серік Біләлов. Тіркелген кандидаттардың барлығы 23 ақпаннан бастап сайлау алдындағы үгіт жұмыстарына кірісті. Үгіт күнтізбелік жоспарға сәйкес 13 наурызда сағат 24.00-де аяқталды.
Қазіргі уақытта барлық бюллетеньдер жеткізілді, ал таңдаушылардың бірлескен отырысы өткізілетін үй-жайда дауыс беру пункті жабдықталу үстінде. Дауыс беруді, дауыстарды санау мен дауыс беру нәтижелерін жария етуді Солтүстік Қазақстан облыстық сайлау комиссиясы бір күннің ішінде – 15 наурызда жүргізетін болады. Сайлау туралы заңға сай таңдаушылардың бірлескен отырысы, оған облыстың барлық мәслихаттарынан өкіл ретінде сайланған депутаттар санының 50 пайыздан астамы қатысса, заңды болады. Егер дауыс берудің бірінші турында сайлау бюллетеніне енгізілген кандидаттардың бірде-біреуі сайланбаса, облыстық сайлау комиссиясы ең көп дауыс алған екі кандидат бойынша қайта дауыс беру өткізеді. Бұл ретте қайта дауыс беру сайлау туралы заңның талаптары сақтала отырып, бастапқы дауыс беру болған күні өткізіледі.
Биылғы жылдың 31 наурызында еліміздің 13 өңіріндегі 57 сайлау округінде мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау өткізіледі. Венера Жексембекованың хабардар етуінше, онда барлығы 6 облыстық, 13 қалалық және 38 аудандық мәслихат депутаттары сайланатын болады. Сайлау науқаны қажетті қаржылық және материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз етілген. Сайлау науқаны барысында 167 кандидат ұсынылды, олардың 59-ын саяси партиялар ұсынған болса, 108-і өзін өзі ұсынғандар.
Қазіргі кезде кандидаттарды тіркеу аяқталды, 157 адам кандидат ретінде тіркелді. Олардың 60-ы саяси партиялардың мүшелері, 68-і партияда жоқ, тағы 29-ы өздерінің партияға тиесілілігін көрсетпеген. Үгіт жұмыстары 29 наурызда сағат 24.00-де аяқталады. Сайлау күнінің алдындағы күні және дауыс беретін күні сайлау алдындағы үгітке тыйым салынған. Орталық сайлау комиссиясына шағымдар мен өтініштер түскен жоқ.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2013 жылғы қыркүйектен кешіктірілмей, елімізде аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердің, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттер мен ауылдардың әкімдерін тиісті мәслихаттар арқылы сайлау ұйымдастырылып, өткізілуі тиіс. Брифингте белгілі болғанындай, кандидаттарды ұсынуды аудан әкімі жергілікті қоғамдастықпен кеңесу арқылы балама негізде жүзеге асырады. Ал осы сайлау науқанын бастау мерзімдері әлі түпкілікті анықталмаған екен. Қазіргі уақытта тиісті әзірлік жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шамамен 2500 әкім сайлануға тиіс, бұл барлық деңгейдегі әкімдердің жалпы санының 90 пайызын құрайды.
Жастар арасында сайлауды насихаттау, сондай-ақ, олардың білім беру және ақпараттық технологиялар арқылы демократиялық үдерістерге қатысу тәжірибесін жинақтауы мақсатында Ортсайлауком ел өңірлерінде жастарға құқықтық білім беру жобасын іске асыруды жалғастыруда. Бүгінде осы жоба бойынша іс-шаралар Павлодар, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Қарағанды облыстарында өтті. Жақын арада мұндай шаралар Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында басталады. Сонымен қатар, Ортсайлауком жоғары оқу орындары студенттерінің арасында жастардың электораттық мәдениетін қалыптастыру проблемалары бойынша ең үздік зерттеу жобасына конкурс жариялап отыр. Ол 10 қаңтардан бастап 31 мамыр аралығында екі кезеңде өткізіледі.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».