Аймақтар • 12 Тамыз, 2019

Балалар мен жасөспірімдерді күйзелістен қорғайды

235 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қостанайда «Бақытты отбасы» бағдарламасының аясында Психологиялық қолдау және қосымша оқу өңірлік орталығы ашылды. Бұл республикада жастар мен жасөспірімдердің бейәлеуметтік, суицидтік, жанжалға жақын тұратын пиғылдарының, жан күйзелісінің алдын алуға кәсіби тұрғыда көмектесетін және балалармен психологиялық жұмыс жүргізетін бірден-бір жаңа құрылым деуге болады. Мұнда қазір жоғары білікті 10 психолог маман жұмыс істейді. Негізі, орталық биыл ақпан айынан жұмысын бастаған болатын. Енді жаңа ғимаратқа көшіп, ресми ашылу салтанатын өткізді.

Балалар мен жасөспірімдерді күйзелістен қорғайды

– Бұл үшін облыстық бюджеттен 54 млн теңге бөлініп, орталық үшін қолайлы ғимарат жөндеуден өткізілді және жиһазбен, компьютермен жабдықталды. Арнайы көлік сатып алынды. Бір баланың өмірі сақталса, бір отбасының ажыраспай түтіні түзу ұшса, еңбектің қайтарымы болғаны, – дейді облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев. Расында, жарты жылда орталық жұмысының нәтижесі де көрініпті.

– Егер былтыр облыста балалар мен жасөспірімдер арасында өзіне қол жұмсаудың 9 оқиғасы тіркелсе, биыл 3 суицид орын алған. Жұмысты бастағалы сенім телефонына қоңырау шалғандар мен психологтардың қабылдауына келгендер саны 400-ге жуықтайды. Басым көпшілігін психологтар жеке қабылдады, кеңестер берді. Сенім телефоны тәулік бойы жұмыс істейді. Кейде ата-аналардан немесе балалардан қоңырау түскен кезде, оқиға орнына жеделдетілген топ жіберуге тура келеді. Аудандарға шығып, семинарлар өткіздік, ауыл мектептеріндегі психологтарды, тіпті мұғалімдерді де оқытамыз, – дейді Психологиялық қолдау және қосымша оқу өңірлік орталығының директоры Елена Петренко.

Орталықтың ішінде күйзе­ліп келгендердің жүйкесін жұм­сартып, оларды әуелі сейілтіп алатын психологиялық ерекше күй күтіп алады. Тырнағына де­йін күйіп, өмірден күдер үзіп келген адам алдымен жанға да, тәнге де жайлы жұмсақ жиһазға отырады, оған ыстық шай, тіске басар тәттілер ұсынылады, жанды жадыратар әсерлі музыка қойылады. Тағдырдың тәлкегіне түскен жас осылардан кейін дереу есін жинағандай, тынышталатын көрінеді. Содан кейін мамандар онымен жұмысты бас­тайды. Орталыққа келушілерді дәрігерлер емдемейді, оларға психолог-педагогтар кеңес береді. Егер психиатрдың көмегі керек болған жағдайда шақыртылады. Орталықтың психиатр мамандармен келісімі бар, олар дер уақытында жетеді.

– Бұл – біздің әбден талқылап, жеті рет пішіп, бір рет кескен ізде­нісіміздің нәтижесі. Озық ел­дердің тәжірибелеріне қа­ра­сақ, олар психологиялық кө­мек­ке жиі жүгінеді. Бұл – қоғам ден­сау­лығының ең маңыз­ды бөлігі. Сондықтан осы тәжі­ри­бені өзімізде бастауды жөн көр­дік. Орталықтың алты ай­ғы жұмысы бағытымыздың дұрыстығын дәлелдеді, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Василий Цымбалюк. Орталықтағы білікті пси­хо­­логтардың бірі Анас­та­сия Баран­о­ва көмекке жүгі­не­тін­дер­дің басым көпшілігі тіл табыса алмаған бала мен ата-аналар екенін айтты.

– Мұндай жағдайлар біздің жұмысымыздағы негізгі си­пат­қа ие. Кейде ата-ана баласымен келеді, кейде бала өзі келіп, өзін түсінбейтін ата-анасына шағым жасайды. Бүгін отбасылардағы нағыз өзекті жай да осы ата-ана мен баланың арасындағы келіспеушілік. Сосын өмірде түрлі жағдай болады, балаларды қорлаудың, жасөспірім қыздардың аяғы ауыр болып қалмау үшін алдын алу жұмыстарын жүргіземіз, жасөспірімдер мен балаларды күйзелістен алып шығу, суицидтің алдын алу – басты мақсатымыз. Төтенше және экстремалды жағдайларда психологиялық көмек береміз, – дейді Анастасия Андреевна. Жақын күндері ғана оған жасөспірім қыз бала келді. Анасы ертелеу қайтып кеткен, әкесі де бүгінде ауыр халде жатыр. Үлкен апайымен арадағы түсініспеушіліктен жүдеп жүргенде, өзінің жақсы көретін жігіті де оған теріс қарап кеткен. Қыз бала күйзелістен өзіне қол жұмсауға сәл-ақ қал­ған. Орталық мамандары психо­ло­гиялық әдістерді қолданған әңгі­мелесулерден кейін өмірдің тығырыққа тіреген ауырлығынан күйзелген қыз баланың жігері оянған, жанарында жарқыл пайда болған. Мұндай жастарды тіркеп, олармен жиі хабарласып, бақылап отырады екен.

Орталықтың ашылуына Nur Otan пар­тиясы жанындағы құ­қық қорғау кеңесі төрағасының орын­­басары Динара Зәкиева қа­тыс­ты.

– Осындай проблемаларды шешкен жағдайда ғана әр отбасы қайғы-мұңсыз өмір сүреді. Психологиялық көмек беру ор­та­­лы­ғы «Бақытты отбасы» бағ­дар­ла­масы аясындағы өмірге жолдама алған жаңалығы мол іс екенін көріп тұрмыз. Ата-ананың, баланың түсіністігі орнаған отбасы нағыз бақытты отбасы болады, онда балалар да жақсы тәрбие алады, – деген ол орталық мамандарының жұмысына жақсы нәтиже тіледі.

Бұл орталықтың әзірге елімізде баламасы жоқ. Оның нәтижесі баланың бақытты болашағына араша боларына психолог мамандар да сенімді.

 

ҚОСТАНАЙ