Аймақтар • 12 Тамыз, 2019

Қара балталы қараша үй

370 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ата-бабаларымыз жаңа, неғұрлым берік металдар өндіру ісін дамытып, олардың жедел технологиялық ілгерілеуіне жол ашты. Қазба жұмыстары барысында табылған металл қорытатын пештер мен қолдан жасалған әшекей бұйымдары, ежелгі дәуірдің тұрмыстық заттары мен қару-жарақтары бұл туралы тереңнен сыр шертеді. Осының бәрі ежелгі замандарда біздің жеріміздегі дала өркениеті технологиялық тұрғыдан қаншалықты қарқынды дамығанын көрсетеді.

«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан

Қара балталы қараша үй

Алатаудың етегінде аспанмен таласқан зәулім үйлердің тасасында тарихы ерекше қараша үй бар. Аядай ғана аулада орналасқан темір көрікте жарты ғасырға жуық болат балқытып, теміршілік өнерді кәсіп етіп келе жатқан  ағайынды ұсталар Махмұт, Айтберген, Тұрсынжан Құлментегілердің шеберлігіне бүгінде шартарап тәнті.  Кәсібінен пайда табуды емес, ата кәсіпке адалдықты місе тұтқан шеберлер темір балқытып, бұйым жасаумен қатар оны ғылыми тұрғыдан зерттеумен де айналысып келеді.

Болат жонып, темір күзеген көріктің бүгінде әрі кеткенмен де қасиеті арта түскендей. Шағын үйдің қабырғасына тізіле салатанат құрған құнды жәдігерлердің санында шек жоқ дерсіз. Жауынгердің бес қаруынан бастап  музыкалық аспаптардың сан-алуан түрлері мен тұрмыстық бұйымдардың әрқайсысының ерекше тарихы бар.  Аңыз-әңгімелер, мифтер мен космология ұғымдарының ғылыми негізін тереңнен меңгерген ұсташылардың шеберханасы отандық туризмді дамытудың қайнар көзі іспетті. Әр бұйымның тарихына қарап, музей экспонаттарын аралап жүргендей күй кешесіз. Осы тұста қараша үйге жиі бас сұғатын шетелдік зерттеушілерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ, дейді ұсталар. Өйткені, олар түркілердің тарихына қатысты түсірген фильмдерінде теміршілік өнердің қасиетін жер-аһанға паш етіп келеді.

Бүгінде темірші ұсталардың еңбегін Түркия мойындап, Германиядағы Кельн этнографиялық музейінің әлемдік каталогына есімдері бедерленген. Қазақ және орыс тілдерінде теміршілік өнердің қыр-сынрына қатысты үш жүзге жуық зерттеулері мен мақалаларын жариялаған  ұсталардың ғылым саласындағы ізденістеріне орай Польшадан келген студент қазақ елінің шамандық аспаптары туралы мағұлмат жинап, ғылыми жұмысына арқау етсе,  венгр зертеушісі қазақ қаруы туралы деректерге тәнті болып қайтқан. Ал Т.Жүргенов атындағы өнер университетінің студенттерінің ғылыми-зерттеу мақалаларына ұстахана таптырмас ізденіс алаңы.

Жақында Орталық мұражайда Алматы қаласы Жетісу аудандық әкімшілігі «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасына орай ұйымдастырған «Мұздай темір құрсанып...» көрмеде ағайынды ұсташылардың қолынан шыққа ұлы дала мәдениетінің айғағындай құнды жәдігерлерге тағы да тәнті бола түстік. Бұл көрмеге әуелеттің анасы Нұрымқанды ұзатқанда әжелері Күнжеке Дәркенқызы Шоқпар келінінің жасау ретінде тіккен, тарихы 90 жылдық 2 түскиіз, Раушан Дәркенқызының әскери байрағы, әкелері Жетенің әкесі Омар ұстаның қолдан соққан тұлпардың кісені мен екі үзеңгісі, ұсталардың қолынан шыққан сексеннен астам жәдігерлер көрме келушілерінің зор қызығушылығын оятты.

Көшпенділер өркениетінің бастауында тұрған саф өнерді дамытуға саналы ғұмырын арнаған ұсталар елімізде осынау бай мұрамызға көңіл бөлу жағы кемшін екенін айтады. Қастерлі өнерді дамыту ой еңбегі мен қара күшті, ізденіс пен уақытты талап ететіндіктен, табысы отбасының сұранысынан артылмайтын өнер иелері қолдау болса ел игілігі үшін істелетін шаруа шаш етектен дейді. Ағайынды теміршілердің тәуелсіз елдің қару-жарақ палатасын ашу туралы бастамасы әлі күнге қағаз жүзінде қалып келеді.Ал осы игі істің кіріспесі іспетті 2006 жылы жарыққа шыққан  «Темірші-ұсталар» кітабында асыл қару жасау тәсілі, темірді дәнекерлеу, пісіру, сондай-ақ көптеген темір түрлеріне қатысты мағұлматтар келтірілген. «Өнерді тану үшін терең білім керек. Дамыған елдер тәжірибесінде бұл мәселеге жете көңіл бөлініп, өнер танудың қадір-қасиетіне ерекше мән беріледі. Тіптен, көрші елдер тәжірибесінде ұлттық өнерді қорғайтын арнайы заң бар. Бір ғана өзбек елінде ұлттық өнерден мемлекетке түсетін пайда қырық пайыздан асады. Онда шеберхана жұмысы жақсы жолға қойылған әрі сату мәселесіне де қолайлы жағдайлар жасалған.  Ал бізде керісінше, өнерді кәдесыйдан ажырата алмайтындар қатары көбейіп, қолөнер декорациялық сипатта қалып барады.  Байқап жүргеніміздей, сувенирлік бұйымдар музей төрінде салтанат құрып,  қазақы оюдың қадірі қашқандай. Қазақтың киім дәстүрі өз стилінен ауытқып, эклетикалық үрдіс белең алып барады» деп қынжылады Махмұт Құлментегі. 

«Менің қолым емес, тәңірімнің қолы» деп бар ынта-жігерімен іске кірісетін теміршілер кәсіпке берілгендіктің жетегінде уақыт оздырды. Атақ-даңқ қумай, шеберхана мен көрме сөрелерінің маңында киелі өнерге иелік еткен ұсталардың денсаулықтары да сыр бере бастаған. Ұсталардың үлкені Тұрсынжан Құлментегі жүрегіне бірнеше рет ота жасатса, отбасының ортаншысы Айтберген соңғы жылдары бүйректің созылмалы дертіне шалдыққан. Ал көрік пен төстіктің бар салмағы Махмұт ұстаның мойнына түсіп отыр.

Қазақстан Дизайнерлері Одағының мүшелері, Қазақстанның мәдениет сіңірген қайтарткерлері, отандық қару-жарақ өнерінің негізін салған ағайынды ұсталар көшпенділер өркениетінің бастауында тұрған саф өнерді келер ұрпаққа үйретуді кәсібінің ажырамас бөлігіне айналдырған. Ғылыми-танымдық жұмыстары аясында «Көк бөрі» республикалық-ғылыми зерттеу және қолөнер шеберханасын құрып, онда студент жастарды сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын дайындаудың қыр-сырына үйретіп, метал өңдеудің ежелгі әдіс-тәсілдерін жаңғырту әдістемесін зерттеп келеді. Бүгінде музейлердегі көне жәдігерлерді күтіп баптауда қайта өңдейтін мамандар тапшы екендігін ескеретін болсақ, қайта өңдеу, қалпына келтіру тәсілдерін үйрету мақсатында ұсташылар еліміздің барлық облыстарының әкімшіліктеріне жастарды үйрету мәселесіне орай арнайы хат та жолдаған. Ұсыныстарына қолдау болмағанына қарамастан,  ұсталар өз білгенін үйретуден жалыққан емес. «Кезінде еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ  Монғолия, Қытайдан келіп үйренуге құлшыныс білдіргендер көп болатын. Кейіннен олардың да қатары сиреді»,- дейді Махмұт Құлментегі.

 «Қазақтың қастерлі өнерінің жолында өліп кетсек, арманымыз жоқ», бірақ осыған тиісті орындар мойын бұрып, мамандар даярлап,  ұсталық өнеркәсіпті дамытсақ деп  армандайтын ұсташылар бұл кәсіпте ата-баба рухы бар деп санайды. Рухы биік адам ешқашан құл болмайды. Ал түркі әлемінің бөлшегіндей болған қара балталы қараша үйді құлатпай ұстап тұрған осы биік рух болса керек-ті.

 

АЛМАТЫ