Аймақтар • 12 Тамыз, 2019

Төрт мың шақырымды еңсерген еуропалықтар

259 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еуропа елдеріндегі Қазақстанның достары атанған саяхатшы топ мүшелері «Ұлы Дала елінде» атты экспедиция құрамында болып, еліміздің киелі жерлерін аралап шықты. Жиһангездер төрт мың шақырым жолды басып өтіп, он төрт күнде бес облыс аумағына сапар шеккен.

Төрт мың шақырымды еңсерген еуропалықтар

Ұлы Дала жеріне саяхатты Қазақстан мен Аустрия елшіліктері, Қазақ географиялық қоғамы ұйымдастырып отыр. Қазақстанның еуропалық достары Ұлытау, Қарқаралы, Шыңғыстау, Алакөл, Алтын Емел мен Балқаш өңірлерін аралады. Экспедицияға Қазақстанның белгілі жиһангезі, Қазақ географиялық қоғамының мүшесі, «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» енген Мағжан Сағымбаев жетекшілік еткен. Ол осыдан төрт жыл бұрын жер шарын велосипедпен аралап шыққан болатын.

«Ұлытауда жүргенімізде экспедициямызға ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы елшісі Джордж Сабо мен Швейцария елшісі О.Смит қосылды. Жошы хан мен Алаша ханның, Домбауылдың кесенесін аралап, Қарқаралы ұлттық паркінде де болдық. Шайтанкөл достарымызға қатты ұнады. Кейін Жидебайдағы Абай музейін тамашаладық. Жидебайда ЕҚЫҰ Парламент Ассамблеясының бұрынғы президенті Кристин Муттонен Абайдың «Жаз» өлеңін неміс тілінде оқып, ұлы ақынның 175 жылдығына орай басталған челленджді жалғастырды»,  деді Мағжан Сағымбаев.

Аустриялық қонақтар Герольд Бельгер аударған Абайдың «Жаз» өлеңінің көшірмесін Абай музейіне тапсырыпты. Тілі бөлек, діні басқа қонақтардың бұл қарекетін қазақтың біртуар ақынына көрсеткен құрмет деп білсек болатындай.

Делегация құрамында шетелдік туристермен бірге Қазақстанның Аустриядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Қайрат Сарыбай, Парламент мәжілісінің депутаты Сапар Ахметов, Қазақстанның Баден-Вюртемберг жеріндегі Құрметті консулы Доротея Халлер-Ляйбле мен жары Юрген Ляйбле, Аустрия-Қазақстан қоғамының президенті, ЕҚЫҰ Парламент Ассамблеясының бұрынғы президенті Кристин Муттонен және оның жары Пекка Муттонен болды.