Саясат • 12 Тамыз, 2019

Ақтауда өңірлік семинар-тренингтердің төртінші циклы аяқталды

186 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақтауда «Соттар және БАҚ: ашық диалог және сенімгерлік ынтымақтастық» тақырыбы бойынша өңірлік семинар-тренингтердің төртінші циклы аяқталды. Іс-шараға батыс өңірінің өкілдері - судья-үйлестірушілер, соттардың баспасөз хатшылары, журналистер мен заңгер-блогерлер қатысты.  Семинарды ұйымдастыруға Жоғарғы Сот, Ф.Эберт атындағы қор, USAID, ЕҚЫҰ-ның Нұр-Сұлтандағы Бағдарламалар офисі, Internews және Қазақстанның Сот журналистері лигасы атсалысты.

 

Ақтауда өңірлік семинар-тренингтердің төртінші циклы аяқталды

Екі күнге созылған семинар басталар алдында Маңғыстау облыстық соты төрағасының міндетін атқарушы Ержан Қарабаев пен азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсапа Примашев құттықтау сөз сөйледі. Олар судьялардың сот процестерінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етіп отырғаны туралы айта келіп, өңір соттарында «Сот төрелігінің жеті түйінінің» жүзеге асырылып жатқаны туралы әңгімелеп берді.

Ұйымдастырушылар қатысушыларға журналистердің құқықтары мен міндеттерінің қандай болатыны, сұхбатты дайындау технологиясы, резонансты жарияланымдарға ден қою және мультимедиялық контент жасау туралы әңгімелеп беруді жоспарлады. Талқылаулар тақырыбының өзектілігі, мұқият жоспарланып сөйленген сөздер мен интерактивтік сабақтар серпіні тренингті оның қатысушылары үшін тартымды да пайдалы ете білді. Бұл туралы  олар іс-шараның барысында және әлеуметтік желілердегі өздерінің аккаунттарында айтып өтті.

Жұмысты облсоттың отставкадағы судьясы Инесса Куанова ашты. Ол сот құрылысы мен сот ісін жүргізу: негізгі ұғымдар, сот сатылары, сот актілері, сондай-ақ заң техникасының негіздері туралы айтып берді. Спикер өзінің сот практикасында кезіккен әртүрлі ахуалдарға байланысты пікірлерімен бөлісті.

ЖС-тың судьясы Елена Максюта әлеуметтік желілердегі жұмыс: бейін мен контентті жасау, қауіпсіздік мәселелері туралы ақпарат берді. Түсіндірмелер беру принциптері туралы тілге тиек ете келіп, спикер әлеуметтік желілердегі сын материалдарға ден қоюдың әртүрлі кейстерін ұсынды.

ЖС-тың баспасөз хатшысы Айдос Садуақасов пен «Қазақстанның Сот журналистері лигасы» ОФ директоры Мәулетбай Серікжан БАҚ өкілдеріне сот процестерін қалай жариялауға: журналистерге сот залында нені істеуге және нені істемеуге болатыны туралы түсіндіріп берді.

Екінші күні журналистердің сот отырысы залдарына қолжетімділік мәселелері, сот процесі барысындағы олардың өздерін ұстау қағидалары, сот қызметін көрсетудегі әдеп пен кәсіби нормалар, соттарда журналистер құқықтарының бұзылуы талқыланды.

Семинардың қатысушылары интерактивті пікір алмасуларға және әртүрлі кейстер бойынша рөлдік ойындарға қатысты. Тренингтің әрбір қатысушысы БАҚ пен соттардың өзара байланысы кезінде жиі туындайтын оқиғаларға және кезіккен тығырықты жағдайдан жол тауып шығу міндетіне тап болғандай әсер алды. Барлық оқиғалар әртүрлі, алайда оларды бір біріне ұқсас тәуекелдер мен қобалжулар біріктіріп тұрғандай еді. Мысалы, БАҚ әдейі немесе кездейсоқ ақпараттың өңін айналдырып жібере алады, журналист сенсацияны «ширықтырып» жібереді, БАҚ-тың қатысуы тараптардың татуласуына және татуласу келісімін жасасуға кедергі келтіруі, сондай-ақ бәсекелестер үшін қызығушылық тудыратын коммерциялық құпияны ашып жіберуі мүмкін, бұл тұтынушылар сұранымын күрт төмендетіп, шығындарға әкеп соғады.

Жұмысты қорытындылай келіп, А.Садуақасов құқықтүсіндіру жұмыстарын жүргізудің өзектілігін атап көрсетті. Оның пікірі бойынша, сот қызметінің мәні мен заңнама негіздерін дұрыс түсінбеу көбінесе қоғамдағы дау-жанжалшылдықты туындатады. Ол семинарға қатысушыларды осы жұмысқа қатысуға шақырды. «Біз ортақ істі жасап жатырмыз – адамдарға заң нормаларын жеріне жеткізе түсіндіреміз, судьяның жұмысы және сот шешімдеріне шағым беру, наразылық келтіру мүмкіндіктері туралы объективті түрде айтудан жалықпаймыз, деді ол.

Жұмыс қорытындылары бойынша қатысушылар семинар-тренинг спикерлерінің ұсынымдарын талқыға түсірді. Барлық қатысушыларға сертификаттар тапсырылды.

 

Маңғыстау облысы

                          

 

Соңғы жаңалықтар