Демографиялық саясатқа ден қою еліміз болашағын қазірден ойлаудан туындайды
Сәрсенбі, 24 сәуір 2013 2:37
«Нұр Отан» ХДП Фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңес пен Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті «Мемлекеттің демографиялық саясаты туралы» деген тақырыппен бірлескен отырыс өткізді. Онда елімізде қалыптасқан демографиялық ахуал жан-жақты сөз болды.
Сәрсенбі, 24 сәуір 2013 2:37
«Нұр Отан» ХДП Фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңес пен Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті «Мемлекеттің демографиялық саясаты туралы» деген тақырыппен бірлескен отырыс өткізді. Онда елімізде қалыптасқан демографиялық ахуал жан-жақты сөз болды.
Аталған кеңеске депутаттардан өзге Президент Әкімшілігі мен орталық мемлекеттік органдардың, қоғамдық және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Отырысты кіріспе сөзбен ашқан «Нұр Отан» ХДП Фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңестің төрайымы Айткүл Самақова бұл мәселе Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында да ерекше атап өтілгендігін тілге тиек етті.
Мемлекеттің айрықша назары арқасында демографиялық жағдайымыз жақсарып, соңғы бес жылда туу көрсеткіші 11 пайызға артып, табиғи өсім 37 пайызды құрапты. Өткен жылы елімізде 379 мың нәресте дүниеге келсе, бұл осыдан тоғыз жылғымен салыстырғанда 1,5 есеге көп екен. Жалпы, тәуелсіздіктің 20 жылында Қазақстанда 6 миллион нәресте жарық дүние есігін ашқан. Ана мен бала өлімі төмендеп, халықтың өмір сүру жасы ұзарған.
Қазіргі кезде елімізде әр 100 еркекке 107 әйелден келетін көрінеді. Ал тепе-теңдіктің бұзылуы 30 жастан басталып, зейнет жасына жеткенде 100 еркекке 140 әйелден келеді екен. «Бұл әйел мен еркектің өмір сүру ұзақтығы арасында 9,5 жас айырмашылық бар екенін білдіреді. Бұл – содан туындап отырған үлкен айырмашылық. Осы айтылғандардың бәрі еліміздегі демографиялық жағдайға өз әсерін тигізеді», – деді Айткүл Байғазықызы.
Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Әйелдер iстерi және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия мүшесі, Мәжіліс депутаты Елена Тарасенко, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы Аида Құрманғалиева, Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов, Статистика жөніндегі агенттік төрағасы Әлихан Смайылов және АФПНР атқарушы директоры Рамон Сан Паскуаль да өз ойларын ортаға салды.
Келтірілген мәліметтерден белгілі болғанындай, 2013 жылдың 1 наурызына қараған күні еліміз тұрғындарының саны 16 953,9 мың адамға жеткен. Оның 9 291,5 мыңы (54,8 пайызы) қалаларда шоғырланса, 7 662,4 мыңы (45,2 пайызы) ауылдық жерлерде тұрып жатқаны мәлім болды. Сондай-ақ бір қуанарлығы, соңғы он жыл ішінде туу 1,5 есеге артқандығы. Егер 2003 жылы 247,9 мың сәби өмірге келсе, 2013 жылдың 1 қаңтарындағы бұл көрсеткіш 379,1 мыңға дейін өсіпті. Туу коэффициенті әрбір 1000 адамға шаққанда 22,58 құраған. Сонымен, 2002-2012 жылдары табиғи өсім 2,7 есеге артып, әрбір 1000 тұрғынға шаққанда 2002 жылғы 5,2-нің орнына 14,17-ні көрсеткен.
Алайда, өлім деңгейі әлі төмендей қоймапты. Негізгі себептер қатарында қан айналымы, ісіктер, жазым, жарақат және улану айтылды. Мәселен, қан айналымы жүйесі ауруларынан еңбекке қабілетті (20-64 жас) адамдар қайтыс болса, солардың 64 пайызы ер адамдар екен. Жазым, жарақат алу мен улану жағдайларында қаза болғандардың 80 пайызы ерлер екені де мәлім болып отыр. Сонымен бірге, еңбекке қабілетті ерлердің қаза табуы осы жастағы әйелдерге қарағанда 3 есеге көп болып шыққан.
Үйлену мен ажырасу көрсеткіштері де көңіл көншітпейді. Үстіміздегі жылдың қаңтар-ақпан айларында 21,6 мың неке тіркелсе, бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 0,9 пайызға төмен. Ал ажырасушылар қатары 8,2 мыңға жетсе, бұл 9,3 пайызға артқандығын көрсетеді. Әйтсе де миграциялық көрсеткіште оң нәтиже бар екен, кетушілерге қарағанда келушілер 559 адамға артыпты.
ТМД елдері ішінде Қазақстан тұрғылықты халқының саны бойынша Ресей, Украина және Өзбекстаннан кейінгі төртінші орында келеді. Алайда, Қазақстан әлем мемлекеттерінің ішінде бір шаршы километрге 6 адамнан келетін халқы тығыз орналаспаған елдер қатарында. Ел тұрғындарының тығыз орналаспауы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай кедергі келтіруі мүмкіндігі де айтылмай қалған жоқ. Депутат Е.Тарасенко бізде әлі де некеге күштеп отырғызу, әйелдерді зәбірлеу сияқты келеңсіздіктер тыйылмай келе жатқандығына назар аударды. Сондықтан да «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» Заңның бірқатар ережелерін өзгерту қажет.
Сонымен қатар, ерлердің белсіздікке ұшырауы мен әйелдердің бала көтере алмауы себеп-салдары мен медициналық көмек көрсету барысы да сөз етілді. Осы ретте еліміздегі демографиялық жағдайға әсер ететін фактор ретінде бедеулікті тегін емдеу жайы қыркүйекте өтетін отырыс барысында талқыға салынары да белгілі болды. Әлі күнге дейін бірде-бір мемлекеттік орган ресми демографиялық болжаммен айналыспайтындығы да көлденең тартылды. Үкіметтің өзі тұрғылықты халықтың мәселелері жөніндегі зерттеу орталығының қажеттігін мойындапты. Мұндай орталықты ашу бюджеттен қаражат қажет ететіндіктен, бұл мәселе тағы бір пысықтаудан өткізілетін болып шешілді.
Талқылау қорытындысы бойынша бірлескен отырыс ұсынымдарының жобасы әзірленді. Онда медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, ана мен бала өлімін азайту, отбасын нығайту сияқты бірқатар ұтымды ұстанымдар көрініс тапқан.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».