ҚР Үкіметінің отырысында жаңа оқу жылының басталуына дайындық туралы ҚР білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов баяндады.
ҚР БҒМ жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп оқулықтармен қамтамасыз ету, білім беру нысандарын пайдалануға беру, балаларды тасымалдауды ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.
Мектепке дейінгі ұйымдар желісі 279 бірлікке ұлғайды және контингенті 906,5 мың бала болатын 10 593 мекемені құрайды. Жекеменшік балабақшалар үлесі артты - 37,9%, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,6%-ға көп.
Жаңа оқу жылында мектептер 3 млн аса баланы қабылдауды жоспарлап отыр. 1 сыныпқа 405 мыңнан аса бала барады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 20 мыңға артық. Жаңа бағдарлама бойынша 4, 9, 10 сыныптар оқитын болады, келесі жылы 11 сынып оқиды. Осылайша, толық көшу аяқталады.
А. Аймағамбетов атап өткендей, оқулықтар сапасын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Биыл «Жеңіл портфель» жобасы жүзеге асырылады. А.ж. 1 қыркүйектен бастап оқушылар мен ата-аналар электронды оқулықтарды ҚР Білім және ғылым министрлігінің сайтынан жүктеп ала алады. Баспалардан оқулықтардың тиелуіне күн сайын бақылау жүргізіледі.
«1 қыркүйекке қарай барлық оқулықтар әрбір мектепке 100% жеткізілуі тиіс. Әкімдіктер бұл мәселені күнделікті бақылауға алулары керек», - деді А. Аймағамбетов.
Елімізде 6678 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді, 129 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды, 194 мектепте жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Қазір республикалық бюджет есебінен 115 мектеп салынып жатыр, оның ішінде 57-сі биыл пайдалануға беріледі, жергілікті бюджет есебінен 79 мектеп салынуда.
«Жекеменшік мектептерде жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу бойынша жұмыстар басталды. Жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізгенге дейін 121 жекеменшік мектеп болса, қазір олардың саны 146-ға жетті. 2019 жылдың қаңтар айынан республикалық бюджетте еліміздегі барлық жұмыс істеп тұрған жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырыс орналастыру қарастырылған», — деді білім және ғылым министрі.
Мемлекеттік тапсырыс 22 310 оқушы орындық 80 жекеменшік мектепке орналастырылды.
А.ж. 1 тамыздағы жағдай бойынша 8 636 орындық 25 жекеменшік мектеп ашылды, жыл соңына дейін 5845 орындық тағы 23 мектеп ашылады. 25 637 баланы мектепке жеткізу үшін 918 бірлік автокөлік пайдаланылады. 2019 жылы 49 жаңа автобус сатып алынды.
Елімізде контингенті 488,7 мың адам болатын 821 колледж бар. Оқу жылының басына қарай жатақханаларда 1085 орын пайдалануға беріледі.