Аймақтар • 13 Тамыз, 2019

Қостанай облысында астық жинау басталып кетті

220 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

         Науқан өткен жылдарға қарағанда тым ерте басталды. Биылғы қуаңшылық науқанның ерте басталуына да, қиындығына да, гектар түсімінің төмендігіне де себеп болып отыр. Бұл жөнінде облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың аудан әкімдерімен бейнебайланыс арқылы өткізген мәжілісінде айтылды. Қамысты ауданындағы «Алтынсарино» шаруашылығының жетекшісі, Қазақстанның Еңбек Ері Борис Князев биыл ыстықтан күйіп кеткен астық алқаптарына амалсыз орақ салғанын, алқап түсімі 3 центнерден айналғанын айтты.

Қостанай облысында астық жинау басталып кетті

«Қалай болғанда да астықты жинап аламыз, сатуға жарамағаны малдың жеміне жарар» деді Борис Павлович.

Облыс басшысы биылғы қуаңшылықтан зардап шеккен оңтүстік аудандарға қарағанда жағдайы біршама тәуір солтүстік аудандарда тұқым облыстан сырт жерлерге кетіп қалмау үшін оның бөлек, арнайы балансын жасау керектігін тапсырды. Тұқымдық бидайдың қалай боларына ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілердің барлығы да алаңдаулы.

Сонымен қатар мәжілісте мал азығын дайындаудың қиындығы да айтылды. Барлық аудандарда, әсіресе, оңтүстік аудандарда шөптің түсімі мардымсыз. Бұл жөнінде де облыс әкімі әкімдерге барлық мүмкіндіктерді қарастыруды тапсырды. Тіпті биыл техника алуды да уақытша ысырып қойып, барлық қаражат-мүмкіндіктерн алдағы қысқа дайындыққа, мал басын қыстан аман алып шығуға бағыттау керектігін айтты.

Қостанай