Баланың алдындағы оқулық – білімнің бұлағы. Ал ол мөлдір, таза, тұнық болмай, қате, бұрыс түсінік қалыптастырса, санаға күдік ұялатса, қалай болмақ? Оқулықтар сапасы және мектептерді оқулықтармен қамтамасыз ету мәселелері талқыланған отырыста тиісті ведомство басшысы бір күн бұрын кітаптарды алдыртып қарағанын, қателерден көз сүрінетінін алға тартып, оқулықтарды сараптау және «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының жұмысын сынға алды. Бас педагог байқағандай, физика пәнінен берілген тапсырманың шешімі дұрыс нұсқамен сәйкес келмейді, енді бір оқулықта екі баланың бірін атымен, екіншісін тегімен жазыпты. Ал ағылшын тіліндегі сөздер қазақ немесе орыс тіліне (орыс сыныптарына арналған оқулық) қате аударылған. Жарайды, мұғалім оның тігісін жатқызып дұрысын жаттатады делік, бірақ оқулықтан қате күтпейтін бала мұғалімге сенімсіз болып қалмай ма?
Ең қызығы, көрсетілген қателіктерді «Оқулық» орталығының директоры Бейбіткүл Кәрімова өрескел олқылыққа емес, техникалық ақауға жатқызып ақталды. «Өздеріңіз куә болған қателер көбіне техникалық жағынан кеткен. Ал енді ағылшыннан бұрыс аударылған сөздерді алдымен көруіміз керек. Сонан соң баспалардан кітапқа дұрыс аударманың қосымшасын беруді талап етеміз», дейді. Онсыз да кітап, жұмыс дәптері, сөздік дәптер, жазу дәптерін арқалайтын балаға енді мына қосымша жүк болатынын айтпағанда, миын ашытып жіберетіні сөзсіз. Орталық басшысының уәжіне министр: «Жыл сайын оқулықтардың сапасы туралы айтылып келеді. Осыған байланысты халықтың наразылығы көп. Біз мұнымен келісуіміз керек. Шынында да, қателер мен мәселелер бар. Біреу оларды қате деп есептейді, енді бірі техникалық қателік деп атайды, бірақ қоғамды бұл қызықтырмайды. Біз оқулықтарды дайындаймыз, сондықтан жұмыстың сапасы мен тиімділігіне мән беруіміз керек», деп жауап берді. Бірақ мәселе мұнымен шешіле ме?
Азаматтық қоғам қалыптастыруды қолға алдық, ал ондай ортаның өкілдері қандай да бір проблеманы ортаға тастап қана қоймай, оның шешу жолдарын да ұсынуы тиіс. Осы ұстанымға бекіді ме, жоқ «Ауруын жасырған өледінің» кері келгенін қаламады ма, бұл жолы министр бар қателіктер мен оның себебін ашып көрсетті. Мәселенің әбден қордаланғанын, оқулықтардың сапасын жақсарту жүйелі жұмысты қажет ететінін жеткізді. Ведомство басшысының ойынша, ең алдымен сараптама жүргізу процесін жақсарту керек. Бұл ретте сарапшылар тұрақты түрде оқулықпен жұмыс істей алатын арнайы платформа ашуды ұсынды. Расында, оқулықтар қаншама адамның қолынан өтеді, ең соңында майталман мамандардан құрылған арнайы комиссия сараптайды. Бірақ қате олардан да өтіп, баспаға кетеді. Министр мұның артында ненің тұрғанын білетіндей, Сарапшылар мен пәндік комиссия құрамына енетін сарапшыларды мәліметтер базасынан жасырын әдіспен таңдап алу керектігін атап өтті. Сондай-ақ мықты мұғалімнің бәрі бірдей жақсы сарапшы бола алмайтынын айтқан А.Аймағамбетов комиссия құрамына іріктелген педагогтарды және оқулықтардың авторларын арнайы курстан өткізу қажеттігін жеткізді. Бұдан бөлек баспаларға қатысты жұмыстарға нақты қадамдар жасау жөнінде де айтылды. «Электронды платформа арқылы баспаларға айтылған ескертулердің нәтижесі бақыланып, әр ескертуге нақты жауап берілуі тиіс. Оқулықтарда қате жіберілген жағдайда баспа өз қаражатына оқулықтарды алмастырады. Ал қателерді жөндемеген жағдайда баспаға белгілі бір санкциялар қолданылады», деді ол. Оның айтуынша, ата-аналардың қарсылығын туғызатын оқулықтардың бағасы мен көлемін министрлік бақылауда ұстайды. Сонымен қатар оқулықтардың рецензиясымен жасырын жұмыс жүргізіледі. Сарапшылар жұмыс барысында оқулықтың авторы кім екенін білмейді. Бұл өз кезегінде сарапшыны құрастырушы тарапынан көрсетілетін қысымнан босатады.
Бұл ретте сын тағылған баспа өкілдерінің де айтары бар. «Жазушы» баспасының директоры Есенғали Раушан оқулық бағасының қымбат болатын себебі, полиграфияға қажетті жабдықтардың Ресейден әкелінетінінде екенін тілге тиек етті. «Полиграфиялық машиналардың жабдықтары, бояуларын шығаратын кәсіпорын, өкінішке қарай Қазақстанда жоқ. Біз оны көбіне Ресейден әкелеміз. Ал көрші елдегі экономикалық ахуал қазір аса жақсы емес. Осының бәрі түптеп келгенде оқулық құнының қымбаттауына әсер етеді», дейді баспа басшысы. Ал қателіктер хақында «Арман-ПВ» баспасының бас редакторы Қымбат Амантұрлықызы баспаларға берілетін уақыттың да оқулық сапасына тигізетін өз ықпалы барын айтты. «Барлық баспалардың басында бар, аз уақыттың ішінде бізге оқулық басуға тура келеді. Назарбаев мектебінде ұйымдастырылған шетелдік баспа өкілдерімен кездесуде Лондоннан келген маман әр оқулыққа 18 ай берілетінін айтып еді. Сонда қызыға қарадық. Былай қарасаңыз, бізге де сондай уақыт берілетін сияқты, алайда ішінара өзгерістер жиі орын алады. Оған қоса оқыту бағдарламалары толық тұрақталмаған. Мысалы, информатика пәнінің бағдарламасы заман ағымына қарай құбылып отырады. Жаңартылған бағдарламаға сай бір тақырып барлық пәнде оқытылады, бірақ оны гендік инженерияны қазақ тіліне енгізгенде туған дау секілді, қоғам қабылдамай жатады. Сондай сәттерде қателік көп кетеді. Өйткені асықтырғанда корректорлар мен редакторлар жіті оқып үлгере алмай қалады. Осыдан келіп оқулықтың көлемі де ұлғаяды, себебі көп нәрсені сыйғызу керек», дейді Қ.Амантұрлықызы. Ол жоғары ведомство тарапынан 2020 жылға дейін бағдарламалар толық бекітілетінін алға тартып, белгіленген мерзімнен кейін сапа алға шығатынына сенеді.
Unicef қорындағы Білім беру бағдарламасының үйлестірушісі Татьяна Адерихина мектеп мәселесінде әр елдің өзіндік саясаты болатынын, соның ішінде Қазақстан бір жүйеге келтіру жолында күрделі қадамды бастан өткізіп отырғанын жеткізді. Оның пайымдауынша, мектеп бағдарламасына қатысты мемлекеттік саясат ондағы жүйеге сөзсіз әсер етеді. «Әр ел өзінің отандық әдісі мен тәжірибесін қалыптастырып алмайынша, осындай олқылықтар орын ала береді. Яғни қай жол, қай жүйе, қандай әдіс, қайсы бағдарлама дұрыс екенін сараптау, әрдайым өзгеріп отыратын заманның талабына сай балаларды оқытатын оқулықты әзірлеу бір күннің немесе бір жылдың шаруасы емес. Өйткені базалық білім беретін оқулық барлық таным-түсінік пен ілім-ғылымға негіз болады. Осы орайда мен Қазақстанға бұл деңгейден лайықты нәтижемен шыққан елдердің тәжірибесін қолдануды ұсынамын», дейді халықаралық сарапшы. Ол білім жүйесі жақсы жолға қойылған мемлекеттердегі мектептерде балаларға базалық білімнен бөлек қосымша дерек көздер көбірек берілетінін айтады. Сонда балалар өз бетінше ізденіп, білім көкжиегі кеңейе түседі. Бұл – инновация мен ғылымның бастауы. Себебі жаңалық ашу һәм түпкілікті зерттеу шын мәнінде көп адам ойлайтындай қызығушылықтан емес, күмәнданудан басталады.
Қоғам – қозғаушы күш. Ал білім беру жүйесіне қатысы болмайтын қоғамның мүшесі жоқ. Қоғамда талқыға түскен көп мәселе шешімін табады. Бірақ қоғам оның түйіні толық тарқатылғанша табандап тұрып алғанда ғана ретке келеді. Бұл – қоғамдық институттар зерттеушілерінің тұжырымы. Ал оны қоғамның кез келген мүшесі өмірлік тәжірибеден анық көріп-ақ жүр. Okulyk-edu.kz сайтында қоғамдық бақылау ретінде «Сарапшы болғыңыз келе ме?» айдары іске қосылған. Бұл арқылы қоғам мүшелері атынан мұғалімдер мен ата-аналар өздерінің ой-пікірлерін қалдыра алады. Алайда қатенің бәрі көзге кітап басылғанда көрінеді, сонда сарапшы болуға атүсті қараймыз ба, әлде ондағы жазылған ескертпелер мен кемшіліктер ескерілмей ме? Мәселе – құрылымдық диалогтың жүйелі жүзеге асырылмай отырғанында секілді.
Сөз соңында оқулықтарға қатысты ойды маңызды ақпаратпен толықтырғымыз келеді. 1 қыркүйектен бастап министрліктің сайтында EPUB форматындағы 1-10 сыныптарға арналған оқулықтардың электронды нұсқалары орналастырылады. Бұл білім алушыларға электронды құрылғылар арқылы оқулықтарды қолдануға және оқушы сөмкесінің салмағын жеңілдетуге мүмкіндік береді.