Қоғам • 15 Тамыз, 2019

«Мінсіз ұрпақ» стратегиясы

333 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Еліміздегі жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясаттың басты бағыты – жас ұрпақтың жарқын болашағы. Олардың мектеп қабырғасында алып жатқан тәрбиесі мен білімі – әрқашан қоғам назарында. Әрбір ересек адам мұның себеп-салдарын жақсы түсінеді. Елбасымыз: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп ұлттық, яғни этнотәрбиеге баса көңіл аударуымызды меңзеп, бағытымызды белгілеп, мақсатымызды айқындап берді.

«Мінсіз ұрпақ» стратегиясы

Ұлттық сананы бойына қалыптас­тырған, білімі озық, мәдениеті қалыпты жас­тарды тәрбиелеп шығару арқылы біз мемлекетіміздің іргесін нығайтып «Мәңгілік ел» болуға кепілдік аламыз. Мектеп қабырғасынан санаға құйылған тәрбие оқушының өмір атты ашық айдынға шыққан кезінде табан тірер бекеті бола алары сөзсіз. Ұлттық сана қаптаған ақпарат заманында жас­тарды адастырмай, ішкі жан дүниесін қаңырап қалудан сақтап, өзіне деген сенімді, Отанына деген сүйіспеншілікті қалыптастырады. Мұндай үлкен істе ұсақ-түйек, кішігірім немесе мән беруге тұрарлық емес ойлар мен әрекеттер болмайтыны сөзсіз. Жіберілген немесе мән берілмеген кез келген ұсақ дүние болашақта үлкен қауіп туғызуы мүмкін.

Жаңаны жатырқайтын ересектер ­мен керісінше, оған құмартатын жастардың көзқарастары көбіне бір жерден шық­пайды. Сондықтан да тәрбие мен білім саясатында ересектер мен жастар ара­сындағы қақтығысты ситуациялардың ал­дын алу, мүмкіндігінше болдырмау мақсаты көзделуі тиіс. Бала дүниеге келген соң оның әлеуметтену, яғни қоғамға мүше болу процесі басталып кетеді. Бұл процесте қоғамдық тәрбие мен стандартты білім алу үшін міндетті түрде өтуі қажет тұрақты сатылар бар. Осы сатылар ішіндегі ең ұзақ мерзімге ие болу құқығы мектепке берілген. Сол себепті мектеп табалдырығында берілген тәрбие мен білім қоғам мүшесінің негізгі іргетасын қалайды.

Мемлекеттік саясатты насихаттау, халықтың тарихи тәжірибесін тарату, ұлттық сана-сезімді нығайту арқылы «мінсіз ұрпақ» болмысын жасау мүмкін бе? Еліміз басынан өткерген қиындықтар мен еңсерген ерліктерді, жеткен жетіс­тіктерді негізге ала отырып, мұндай ас­қаралы болмысты қоюға қақымыз бар ма? Мемлекетіміздің астанасы да, стратегиясы да асқақ арманнан, орындалуы мүмкін емес мақсат болып көрінетін. Қазір мұның барлығы шындыққа айналды. Елбасымыздың «Қазақстан-2030», «Қазақстан-2050», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегиялары бо­йынша болашақ ұрпақ – абсолютті жаңа ұрпақ. Ол еліміз ұстанған мемлекеттің жаңа саяси бағыты жедел өзгермелі тарихи жағдайларға тез бейімделе алатын, заманауи озық біліммен қаруланған, өз кәсібінің қыр-сырына машықтанған, ұлттық мүдделерді ілгерілетуге бейім, патриот, көпұлтты және көпконфессиялы қоғамда өмір сүруге дағдыланған мемлекет мүшесін дайындау мақсатынан туындаған.

Небір зұлмат замандарды бастан кешкен, талай рет тарих сахнасынан жойылып кете жаздаған, тарихи тағдыры ауыр қазақ халқының өміршең болуына үміт болған жалғыз фактор – «болашақ ұрпақтың бақыты». Бүгінде бұл арман толығымен шындыққа айналды. Бүгінгі ұрпақтың мүмкіндіктері мол. Олай болса, осы күн үшін құрбан болғандардың «өтемі» ретінде жастар мінсіз болуы тиіс. Тек «мінсіз ұрпақ» қана адамзат арманына айналған, сонау Аристотель, Платон, әл-Фараби, Абай тілеген, армандаған «мінсіз мемлекетті» қалыптастыра алады және онда өмір сүре алады. Сонымен болашақ «мінсіз ұрпақ» сипаты қандай, оның басты критерийлері нендей болуы тиіс? Бірқатар критерийлерге негізделген төмендегі «Мінсіз ұрпақ» болмысының сипаты жоғарыдағы сауалдарға жауап бере алар еді.

Олар өздерінің «қазақ» екендігін мақтан тұтады, қаны таза, генетикалық мутацияға ұшырамаған текті ұрпақ жалғасы екенін жақсы түсінеді, жер­шілдік, рушылдық, жүзшілдік, яғни трай­бализмнен аулақ, керісінше «әр қазақ – менің жалғызым!» қағидасын ұстанады.

Қазақша ойланатын, мемлекеттік тілді жетік білетін, сауатты жаза алатын, оны әр салада (іскерлік, көркем әдеби, тұрмыстық, т.б.) еркін пайдалана алатын, «менің ана тілім!» деп құр­меттейтін, өз өмірінде, қоғамдық орындарда, білім алу процесі мен қызметінде күнделікті қолданып отыратын азаматтар. Олар орыс, ағылшын тілдерін де біледі, қажетіне пайдалана алады, өзге де тілдерді меңгеруге қауқарлы.

Қайда жүрсе де туған жер, туған елін сағынады, қастерлейді, негізгі ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, салт-дәстүрлерді құрметтеп, қажеттісін орынды пайдаланады. Олар жердің алыстығына, оқудың қиындығына қа­рамастан, білім мен ғылымға ден қойған, жан-жақты, жаңалыққа жаны құмар, креативті, кітапсүйер, ғылымға ғашық, зиялы азаматтар. Олар необілімді өз халқының, қала берді әлемнің игілігі үшін қажетке жаратуға дайын.

Жеті атасын жетік біледі, ағайын-туыс, құда-жекжат, көрші-көлеммен араласады. Үйінің төргі бөлмесінде ұлттық жәдігерлерді (домбыра, қамшы, сандық, астау, т.б.) сақтайды, өз ата-бабасының көзін (жеке заттарын) қадірлеп, балалары, немерелері мен шөберелеріне өнеге етіп, мирас етуге, үлгілі отбасы болуға мүдделі. Киіз үйден бесікке дейінгі жәдігерлерді құны жойылмайтын, уақыт өзгерте алмайтын әрі қайталанбайтын дара мәдениеттер деп түсінеді.

Мемлекеттің ұстанған саясатын қол­дайтын, мемлекет иелігі мен мүлкін қорғайтын, ешқашан қол сұқпайтын, мемлекет қауіпсіздігін күшейтуге атсалысатын, адалдықты ту еткен, әділет пен заңды берік ұстанатын, өтірік пен өсекті іс қылмайтын ар-ожданы биік, ынсапты, парасатты, патриот тұлғалар.

Олар көбіне шариғатпен сәйкес келетін халықтың тұрмыстық философиясы мен ұлттық құндылықтарын ескере келе діні мен діліне берік азаматтар. Өз саласындағы кәсіпті жақсы меңгерген майталман маман, еңбекқор, адал еңбегімен отбасын асырап, халыққа қызмет етуді ойлайтын қарапайым жандар. Жаңа кәсіптерді, қолөнерді игеруге де мүдделі. Отандық өнімнің саны мен сапасын арттыруға үлес қосатын табыскер, ұқыпты салық төлеуші және табысының бір бөлігін қайырымдылыққа жұмсайтын жомарт жандар.

Қазақтың қара домбырасының құ­лағында ойнайтын, сонымен қатар өзге де ұлттық және әлемдік музыкалық ас­паптарды тыңдайтын, кейбірін пайдалана алатын дәрежеде. Жалпы, өнерді сүйетін, құрметтейтін, мәдениетті адам­­­дар. Өз және өзге денсаулығына кү­­­­тіммен қарайтын, саламатты өмір сал­­тын ұстанатын, адам ағзасына зиян (ішімдік, шылым, қорқор, есірткі, т.б.) заттарды тұтынбайтын, адал әрі пайдалы ас ішетін, спортқа, табиғатқа жақын жүретіндер.

Малдарды түліктерге бөле отырып, оның тіршілік ету ыңғайларын табиғат жағдайымен орайластыру, көбейту, асылдандыру, есебін алу, табиғаттың тосын апаттарынан аман сақтау, тұрмыстық азыққа, киімге, айырбас тауарға айналдыру және тағы да басқа мәселелерін игерген, сонымен қатар осы аталғандарды жүзеге асыру барысында қисынды ой, аса талғампаздық, саналы және шұғыл шешім қабылдауға дағдылану, жалпы айтқанда дала философиясын тұрмыстық философияға айналдырған азаматтар. Олар мал шаруашылығын негізге ала отырып, егіншілік, қол өнершілік, кәсіпшілікпен де айналысып, өздерінің ұлттық мәдениетін қалыптастырған, дала өркениетін, оның ішінде қазақ өркениеті мен тұрмыс мәдениетін ең жоғарғы деңгейде дамытқан ұрпақ.

Өз отбасын «орманым» деп қор­ғайтын, балаларын жақсы көретін, үйде жақсылық пен адалдық, тыныштық пен сүйіспеншілікті орнататын, шыншылдық пен әділетті, еңбекқорлық пен ұқып­тылықты, тазалық пен тиімділікті өмір­лік ұстанымдарына айналдыратын аза­маттар. Олар өз отбасында ұрлық, өтірік, өсек, мақтаншақ, жалқаулық сияқты қылықтардан жат иманды ба­лаларды тәрбиелейді. Этникалық тәр­бие жүйесіндегі ата-әже, әке-шеше, ба­ла-шаға рөлдерінің босаңсымауын қа­таң қадағалайды, себебі жоғарыда аталғандардың барлығы отбасынан бас­талатынын жақсы түсінеді.

Бүгінде Қазақстан армандарды шын­дыққа, мүмкіндіктерді жүзеге асыруға қолайлы ортаға айналып отыр. Дұрыс бағыт, анық мақсат қойып, бал арасы секілді еңбек еткен адам ғана жақсы нәтижелерге қол жеткізе алады. Олай болса, рухани жаңғыру халық, әсіресе зиялы қауым тарапынан қолдауға лайық.

 

Гүлхан НҰРАДИН,

философия ғылымдарының кандидаты, доцент