Қоғам • 15 Тамыз, 2019

Жер-жаһаннан өзгеріске ұмтылған жастар жиналады

292 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

40-тан астам елдің жас көшбасшылары мен әр деңгейлі делегаттары елордада ұйымдастырылатын «Өзгерістерге ұмтылыс» (Passion for change) атты халықаралық жастар конференциясында бас қоспақ. Тамыздың 16-20 аралығында өтетін ауқымды шараға әлемнің әр елінен және отандық әр сала майталмандарынан 65 спикер келеді деп күтілуде. Ал жалпы қатысушы делегаттар саны қазірдің өзінде 500-ден асып үлгерген.

Жер-жаһаннан өзгеріске  ұмтылған жастар жиналады

HPAIR конференциясы (The Harvard College Project for Asian and International Relations) – студенттер мен жас мамандар арасында тәжірибе алмасатын пікірсайыс алаңына айналған жастар жобасы. Гарвард университеті 1991 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан конференцияны Азия және халықаралық қатынастар факультеті құрылғанда қолға алған. HPAIR Орталық Азияда және ТМД кеңістігінде тұңғыш рет өткізіледі.

Биылғы HPAIR трансформация, санамызды өзгерту және дәстүрлі әдістерден алыстау, сонымен қатар жаңа цифрлы технологияларды қолдана отырып дамудың жаңа деңгейіне көшу мәселелерін кеңінен талқылауды көздейді. Ал ортаға салынатын тақырыптар ғаламдық нарық және экономика; көркемөнер, бұ­қа­ралық ақпарат құралдары және мәдениет; әлеуметтік саясат және әділет; энергетика және экологиялық тұрақтылық; басқару және геосаясат; ғылыми технологиялар сынды алты бағытты қамтиды. Аталған ауқымды проб­лемалар төңірегінде ой бөлісіп, инновациялық идеяларын ұсыну арқылы студент жастарымыздың конференцияға шақырылған танымал және тәжірибелі спикерлермен байланыс орнатуына мүмкіндік бар. Өйткені Қазақстанға UNICEF Корея президенті, доктор Сонг Сан Хён, Үндістанның экс-сыртқы істер министрі Нирупама Рао, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы ғаламдық нарық бойынша Standard Chartered Bank-тің бұрынғы басшысы Дэниэл Ацци, Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг, McKinsey Дүниежүзілік институтының директоры Джонатан Вотцель, World Bank Group-тың бас техникалық директоры Лесли Го, Вашингтондағы CNN, Нью-Йорктегі ABC News, Берлиндегі Deutsche Welle TV және басқа да жаңалықтар ұйымдарында жұмыс істеген тележүргізушілер табан тіремек.

«HPAIR Asia Conference-2019» шарасын ұйымдастыру коми­тетінің атқарушы директоры Чарльз Майкл барлық құр­лықтан келетін спикерлер бола­шаққа үлкен қадам жасайтын, келешектегі өзгерістерге әзірден дайын болуды қалайтын жастарға шабытты да әсерлі бес күн сыйлайтынын айтады. Сондықтан https://hpair.org/asia-conference-2019 сайтында жарияланған бағдарламамен толық танысып, конференциядан құр қалмауға шақырады. Ал Назарбаев Университеттің студенті әрі «HPAIR Asia Conference- 2019» ұйымдастыру комитетінің төрайымы Лейла Ахметова: «Қазақ мәдениеті әлемдік тарихтың ажырамас бө­лігі саналады, сондықтан әрбір де­легаттың оны сезінуі үшін біз жеке іс-шара – Қазақстан түнін (Kazakhstan Night) әзірлеп жатырмыз», деді.